Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
Дерменеде жер дауы ушыққалы тұр – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

Дерменеде жер дауы ушыққалы тұр

Қазақта жер мен жесір дауы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Конституциясы, айшықты заңдары бола тұра аталған дауларға нүкте қойылар емес. Әсіресе, жер дауы өршіп тұр. Шет мемлекеттермен шекараны шегендеп алдық дегенімізбен, іштегі ахуал мәз емес. Құнарлы жерлер тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткендіктен, қарапайым халық қорасындағы азын-аулақ төрт түлігін қайда өргізерін білмей әлек.

Жуырда ғана Төлеби ауданындағы екі ауыл тұрғындарының арасындағы жерге қатысты келіспеушілік ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздағанын көпшілік ұмыта қойған жоқ. Мұндай жағдай Жетісай, Мақтаарал, Шардара мен Келес аудан тұрғындарының арасында да ара-тұра кездесіп қалады. Жақында Арыс қаласына қарасты Дермене ауылы мен Отырар ауданының Шәмші елдімекені тұрғындары арасында жайылымды жерге байланысты кикілжің туғанын естідік. Әрине, біз жағдайдың шиеленіскеніне қарсымыз. Сол себепті де келеңсіздіктің алдын алу үшін жергілікті атқарушы билік органдарының назарын аударуға мәжбүрміз.

Таяуда Дермене ауылының қариясы Әбдіқадыр Әбдіраманов хабарласып, бізді ауылына шақырды. «Дерменеде 200 түтін, 1500-ден аса тұрғын бар. Ауылымыздың әкімі жанайқайымызды естімейді, естісе де назар аудармайды. Мұң-мұқтажымыз басылым бетінде жарияланса, бәлкім мойын бұрар», – деген соң әдейілеп Дерменеге барғанбыз. «Мен ауылдың байырғы тұрғынымын, мені толғандыратыны – Дермене елді мекен тұрғындарының жерсіз, сусыз, жайылымсыз, ақырында күйсіз қалып отырғаны, – дейді ауыл қариясы Оспан Молдабай. – Егіс егетін, мал жаятын жер қалмады. Кезінде жергілікті тұрғындарға тиесілі болған жердің пайлық үлесін пысықайлар түрлі жолдармен иеленіп алған. Біз жер үлесімізді өз қолымызбен ешкімге бергеніміз жоқ. Қалыптасқан жағдайды ауыл әкіміне жеткізейік деген оймен екі-үш ақсақал болып Жұманәлі Кәдиевке бардық. Оған Шәмші ауылы тұрғындарымен арада жерге қатысты шиеленіс барын ескертіп, сол ауылдың әкіміне сен бар, қарияларына біз барайық деген ұсыныс айттық. Келісе алсақ, дабыра етпей-ақ шешіп алғымыз келді. Бірақ, нәтиже болмады. Әкім күтіңіздер дегеннен әріге аспады. Қашанға дейін күтуге болады, шыдамның да шегі бар. Ауыл шетіне бір қалталы азамат қора салып, енді ауыл малын не ары, не бері өткізбейді. Арғы жағында агрофирма бар. Олар да бірталай жерді иеленіп отыр. Сонда жергілікті қара халықтың үлесі қайда? Ауылда тұрып, мал жаятын өріске жарымасақ не болғаны? Жағдай осылай жалғаса берсе жер дауы өршіп, халық арасында жанжал шығары анық. Даудың алдын алмаса болмайды. Егіс егуге де жер жоқ, су тапшы. Халықтың мұқтаждығы орындалуы үшін міндетті түрде шеруге шығып, жолды жабу керек пе? Әкімдер сонда ғана нақты әрекетке көшеді ма, түсінбеймін».

Әдеттегідей ауыл әкімі Жұманәлі Кәдиевті қызмет орнынан таба алмадық. Оның өзін жолықтыра алмағанымызбен қайда жүргенін сұрап білдік. Арыс ауданының әкімі Гүлжан Құрманбекованың тапсырмасымен Түркістан қаласын бетке алған екен. Әрине, басшының тапсырмасын орындауға міндетті, алайда, халықтың да талап-тілегін, мұқ-мұқтажын, оларға берген уәдесін ұмытуға әсте болмайды. Халық болмаса кімге әкім болмақ? Оның үстіне ауыл қарияларына уәде беріп, оны орындамай жүргені азаматтығына сын, мемлекеттік қызметкер әдебіне жат болса керек. Бір сөзбен айтқанда, көтере алмайтын шоқпарды белге байламаған дұрыс.

Қазір ауыл әкімдерін халық сайлайды. Сол себепті әкімдер «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін әрдайым жадында ұстағандары жөн. Халық сенімінен шыққан әкім ертең қалайша қайта сайлауға түспек? Ол кезде халық алдауға көне қоймас. Жалпы, әкім болғысы келетін азаматтардың санасында қандай ой тұрады екен: халыққа қызмет ету ме, әлде қалтаға ма? Болашақта әкімдікке үміткерлер осы екі мәселенің ара жігін ажыратып алу керек-ау. Ниеті қисықтарға мемлекеттік қызметте орын болмауы тиіс.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған