Ел мен жерді жаудан азат ету мақсатында бас біріктірген қасиетті Ордабасы тауының атымен аталатын ауданда бүгінде таланттар жетерлік. Солардың бірі – аудан орталығы Темірлан ауылының тұрғыны Дінмұхамед Айболатұлы. Көпшілікке есімі әл-әзірге кеңінен таныла қоймаған Дінмұхамед Темірландағы Амангелді Иманов атындағы мектептің 9 сынып оқушысы. Ол жастығына қарамай жағымды жаңалықтарымен қазірден бастап таныла бастаған.
Ізденімпаз бозбала үй жағдайында 25 күнде саңырауқұлақ өсіріп шығаруға қол жеткізген. Еңбекқор жас бұл өнім түрін өсіруді әлеуметтік желі арқылы үйреніп, қызығушылығы артқан. Ұлының кәсіпкерлікке деген ұмтылысын байқаған анасы Зарина Әжіден оны Төрткөл ауылдық округінде аталған кәсіппен айналысатын Қаршыға Арысбекқызына тәжірибе алмасуға алып барыпты. 37 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан кәсіпкер талабы таудай жасқа өз білгенін үйретіп, батасын берген екен. Осылайша өзіне керекті ақпаратты алған Дінмұхамед саңырауқұлақ өсіруге бар ынта-жігерімен кірісіп, нәтижесінде 25 күнде дайын өнім алған. Алдағы күндері бала агроном үйіргелік жерінен жылына 4 мәрте өнім алмақ. Тіпті, мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алу арқылы кәсібін дамытуды да көздеп отыр.
Бүгінде жас кәсіпкердің жұмысына қызығушылық танытушылар көп екен. Дінмұхамед Айболатұлының мектептегі ғылыми жетекшісі, әрі нағашы әжесі Элзира Қарабекова озық ойлы оқушысы жайында былай дейді: «Дінмұхамед 3-4 сыныптарды Елордада оқып келді. Өзі өте ынталы. Әрдайым ізденіс үстінде жүреді. Бала болып ойнауды уақытты босқа өткізу деп есептейді. Ғаламтор арқылы қозықұйрық өсіруді қолға алсам деген ниетін айтты. Мұны анасы қолдап, Төрткүл ауылындағы Қаршыға Арысбекқызына алып барды. Кейін ол кісі үйіне келіп, қалай өсіруді үйретті. Ол үшін Алматыдан қозықұйрықтың ұрығын алып келді. Шымкенттен мақта шитін іздеп тапты. Содан өздерінің қосалқы үйлерінің бір бөлмесін босатып, ішін дайындады. Мақта шитін 40 минут қайнатып, оны қапқа салып, суын ағызып, мұздатады екен. Кейін шитті ұрықпен араластырып, шыбын-шіркей жоламас үшін майда тор матамен жабады. Әйтпесе құрттап кетуі мүмкін. Әр барғанда қолды спиртпен жуып, тазалап тұрады. Таңертең және кешке су бүркеді. Содан 20 күнде томпайып шығады. Ол жерді алмаспен кесіп жіберсеңіз, қозықұйрық көптеп шығады. Оны сақтаудың аса қиындығы жоқ, кешке терезелерді ашып тұрады. Осылай 3-4 рет өнім алуға болады. Бірінші рет кішкентай жерден терілген 34 келі өнімді тұтынушылар мың теңгеден үйінен келіп алып кетті. Алдағы уақытта егіс көлемін көбейту ойында бар. Уақыт өткен сайын қызығушылығы артуда».
Осындай жеке кәсіпті дамытуды қолға алған мектеп оқушысына қатысты «сабақты ұмытып кетпей ме» деген сұрақтың туындайтыны заңды. Өзімен тілдескенде мұндай күдіктің орынсыз екеніне көзіміз жеткендей болды. Дінмұхамед үшін басты мәселе сабақ екен. «Кез келген жетістікке жету үшін бірінші кезекте білімді болу қажет. Жұмыс істеймін деп сабақ оқуға уақыт таппау – сылтау ғана. Біз жаспыз, сондықтан бәрін үлгеруге міндеттіміз. Біздің елде жаңадан кәсіп бастаймын деген талапкерлерге жағдай жасалған. Тек оған ынта, жігер мен ұмтылыс керек. Жалқау болмаған дұрыс. Мүмкіндік болса, еліміздің ғылым саласында еңбек етіп, түрлі жаңалықтар ашқым келеді», – деген жас талант иесіне сәттілік тіледік.
«Ұлым көп нәрсеге қызығады, – дейді Дінмұхамедтің ерекше болып өсіп келе жатқанын айтқан анасы Зарина Әжіден. – Сурет салады. Аспаздықты ұнатып, түрлі шеберлік сыныптарына қатысып жүр. Шығыстың тағамдарын ұнатады, соларды пісіреді. Аракідік тігіншілікпен де айналысатыны бар. Түрлі заттарды құрастыра береді. Салған суреттерін ғаламтор арқылы сатудың да тәсілін тапқан. Сол үшін қымбат ноутбук алып бердік. Шетелдік компанияларға мультфильмдердің суреттерін жіберіп тұрады. Қазақ мультфильмдерінің кейбір кейіпкерлері ұнамай, оны өздігінше қайта жасайды. Бәлкім, өзі бейнесін жасап шығарған осындай кейіпкерлердің авторлық құқығын алып қою керек-ау деген де ой келеді.
Жуырда ғаламторға үңіліп отырып, үйде қозықұйрық өсіргісі келетінін айтты. Ұсынысын қабыл алып, Төрткүлдегі Қаршыға ападан шеберлік сыныбын өткізуді өтіндім. Ол кісіге рахмет, ақыл-кеңесін аямады. Ұлымның алға қойған мақсаттары көп. Келесі жылы Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы өнер мектебінде оқысам дейді. Оның бастаған ісін орта жолда қалдырмайтыны ұнайды. Ашқан кәсібін адам жалдау арқылы жалғастыра беруге болады ғой. Әкесі екеуміз оның кез келген бастамасына қолдау білдіруге дайынбыз».
Әрине, «Дінмұхамедті жас, сондықтан қазір сабақ оқу керек, жұмыс істеп үлгереді ғой әлі» деген пікірдегі азаматтар да жоқ емес. Бірақ ондай пікірлерге құлақ асып, баланың бойындағы талантқа тосқауыл қоюға да болмайды. Әлемге танымал композитор Фольфганг Моцарт шағын шығармаларын жазуды небәрі 5 жасында-ақ бастаған екен. Сол себепті, жаңалық ашу үшін баланың есейгенін күтудің қажеті жоқ.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, жаңалыққа жаны құмар балаға қолдау көрсету жайында Ордабасы ауданы әкімдігінің жауапты мамандарымен де сөйлестік. Олар да жас кәсіпкерге қолдау білдіруге дайын екендіктерін жеткізді. Ендеше, бұл істі жылы жауып немесе кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені, бүгінгі біздің кейіпкеріміз ертеңгі үлкен ғалым, ел экономикасына үлесі қомақты табысты кәсіпкер болмасына кім кепіл?! Ендеше, Дінмұхамедті жас, оқушы демей, қолдау көрсетейік.
Ұ. ТӘМЕНОВ.