Кентауға инвесторлар келе бастады

Инвесторлардың тақыр жерге келмейтіні түсінікті. Олар өз қаржысын қозғалысқа салу үшін жұмыс жүргізуге қо­лайлы, қай­тарымы болатын жер іздейді. Осы орайда Қаратау тәжі атанған Кентау қаласы инвесторлар сеніміне еніп келеді. Бұл, әрине, жергілікті атқарушы билік өкілдері атқарған жұмыстардың нәтижесі деуге болады.

Кентау қаласындағы өзекті мәселенің бірі – кәріз жүйесінің жай-күйі болатын. Бүгінде тозығы жеткен станция жаңартуды қажет етеді. Міне осыған инвестор тарту керектігі байқалды. Алдағы уақытта Кентаудағы «Кәріз сорғыш станциясын» жаңарту жұмысымен голландиялық инвесторлар айналысатын болады. Өткен аптада шетелдік компания өкілі Александр Пилкинроф қала әкімі Рашид Аюповтың қабылдауында болып, кәріз сорғыш станциясының жұмысын жандандыру, жаңғырту бойынша екі жақты келісім меморандумы түзілді. Дәл қәзіргі таңда жобалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына қарай бастау алмақ. Ал құрылысты толықтай аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған. Шетелдік инвестор заманауи құрылғыларды қолдана отырып, Кентау қаласында жаңа «Кәріз сорғыш станциясын» салатын болады.

Осы кезге дейін қала әкімі Рашид Абатұлы тұрғындардың «Кәріз сорғыш станциясының» жұмыс барысын аралап, шешімді қажет ететін жайттарды бақылауына алған болатын. Бүгінгі таңда Кентау қаласының 62,3 пайызы кәріз жүйесіне қосылған. Инвестормен арадағы келісім жүзеге асқан жағдайда бұл мәселе толық шешімін табатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған