Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes

Шәкірт сыйы

Шығармашылығы өнеге мен өсиетке толы Абайды қанша дәріптесек те көптік етпейді. Абай – қазақ халқының ұлы тұлғасы, қайталанбас перзенті. Осындай ұлы тұлғаның ұлылығын сезінген жастардың бірі – Шардара ауданындағы «Ақалтын» мектебінің түлегі Азат Жанқожа.

Азат Нұрғалиұлының Абай мұрасын дәріптеу мақсатында өз демеушілігімен сайыс өткізу ұсынысын ауданның бас ұстазы Ақшагүл Бердалиева қолдап, рұқсат берген болатын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің әдіскері Айнұр Төреханова, «Ақалтын» мектебінің директоры Маханбет Қабайдың ұйымдастыруының арқасында сайыс жоғары деңгейде өтті.

Саналы сөзді сары алтыннан қымбат деп бағалайтын, Абайдың ішкі дүниесіне терең үңіле білу үшін оның сана биігіне көтеріле алу керектігін түсінетіндігін А.Жанқожа өзінің игі ісімен көрсетті. Абай біздің дәріптеуімізге мұқтаж емес, керісінше, біз Абайдың біліміне мұқтажбыз. Рухани жаңғыруға қолдау білдірген А.Жанқожаның бұл бастамасы қаншама жүрекке үміт сыйлады, қаншама өреннің Абайдың сана байлығымен танысуына себепші болды.

«Ақалтын» мектебінде «Абай деген жұмбақ әлем, биік шың…» атты екі бағытта өткен аймақтық сайысқа 7 мектептің оқушылар қатысты. Үміткерлер І кезеңде Абай өлеңдерін жатқа оқыса, ІІ кезеңде ақынның қара сөздерін мәнерлеп оқыды. Жеңімпаздарға «Ақалтын» мектебінің түлегі Азат Жанқожаның демеушілігімен ақшалай жүлделер берілді. Аталмыш мектептің тағы бір түлегі Нұрила Әбудің демеушілігімен барлық қатысушыларға құнды кітаптар сыйлыққа берілді. Атап айтар болсақ, Абай өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқудан І орынға белгіленген 20 мың теңгелік ақшалай жүлдені «Ақалтын» мектебінің 9-10 сынып оқушылары Ә.Тұрсын мен Ә.Өскенова, С.Кәттебеков мектебінің 8-сынып оқушысы Д.Көбес иеленді. ІІ орын мен 15 мың теңгені «Ақалтын» мектебінің 8-9-10 сынып оқушылары А.Данебек, А.Заманбек, Б.Сарсенбай, сонымен бірге ІІІ орынға тиесілі 10 мың теңгенің сертификатын «Егізқұм» мектебінің 7-9 сынып оқушылары Ә.Тұрды, Е.Орынтай мен Т.Тәжібаев мектебінің 7-9-сынып оқушылары М.Жорабай, М.Асылхан, «Достық» мектебінің 8-сынып оқушысы С.Орынбасар, С.Кәттабеков мектебінің 10-сынып оқушысы М.Аманжол өзара бөлісті. Ал өзге оқушылар түрлі номинация иегерлері атанды.

«Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім», – дейді Ж.Баласағұн. Халқынан тәлім, ұстаздан білім алған шәкіртіміз Азат Нұрғалиұлындай өз туған жерін қолдайтын, өзінен кейінгі жастардың тағдырына бей-жай қарамайтын жанашыр азаматтарымыз аман тұрғанда еліміздің болашағы да жарқын болары анық.

Индира Анашова,

«Ақалтын» мектебі, Шардара ауданы.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика