Осыдан біршама уақыт бұрын өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Созақ ауданына келген сапарында төрт түліктің төресі – түйені көбейтуді көздеп, ішкі нарықты тұтастай қамтуды міндеттеді. Ойсыл қара тұқымының өзге өңірлермен бәсекелес болатындай қауқары бар ауданға осы кәсіпті мықтап қолға алып, ауданда түйе шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Бұл туралы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков ауылдар мен елді мекендерде халыққа түсіндіре жүріп, созақтықтарды облыс басшысы қозғаған батыл бастаманы қолдауға шақырды.
Жалпы, тиімді пайдалана білсек түйенің ел экономикасына тигізер пайдасы орасан болмақ. Созақ ауданының ел экономикасына құйып отырған кірісінің қомақты екені белгілі. Міне сондай табыс, сондай кіріс түйеден келсе тіпті керемет емес пе? Сол кезде осы түйе шаруашылығына жанашыр азаматтың бірі Қыдырбай Дәнбайұлы Раманқұлов ауылдар мен елді мекендерде болып, түйе шаруашылығын дамыту мақсатында насихат жұмыстарын жүргізген болатын. Бүгінгі күні зейнет демалысына шықса да, ауданда түйе түлігіне жанашыр, түйе шаруашылығына жанкүйер азамат ретінде ойындағы оңды пікірлерін, ұтымды ұсыныстарын кейінгі жастарға айтуды өзінің парызы санайды.
– Қыдырбай Дәнбайұлы, түйенің артықшылығы неде?
– Ауданымызда түйе шаруашылығын дамыту жайылымды тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Аудан халқының азықтық қорында түйе еті мен сүті басымдық алады. Аудан құрылған кезеңнен бастап түйе малына жайлы Созақ өңірі осы түлікті қолға алып, мемлекет пайдасына қыруар табыс әкелгені белгілі. Жегенге ет, мінгенге көлік, ішкенге сусын, аса күй талғамайтын, қысқы борасынға да, жазғы аптап ыстыққа да, шөлге де төзімді Ойсыл қара тұқымы мал түрлерінің ішінде шаруаға тиімді төрт түліктің бірі саналады. Бағып, баптай білген шаруаға көп-көрім табыс әкелетін түйе еті қысқы соғым кезінде ортаңқол отбасының дастарханына сән береді. Сол себепті де соңғы жылдары түйе малының тиімділігін ескерген шаруалар ұсақ малдарын түйеге айналдырып, іргелі ірі қара шаруашылығына бет бұрып келеді.
Елімізде түйенің екі тұқымы мен будандары өсіріледі. Қазақстан дүние жүзі бойынша түйе шаруашылығынан алдыңғы қатарда келеді. Түйе аса бағалы түлік, әрі оның шаруашылыққа пайдалы қасиеттері көп. Түйе малы өзінің күш-қуатымен, шөл және шөлейт жердің қатаң жағдайына бейімділігімен ерекшеленеді. Басқа мал түрлері жемейтін өсімдіктердің көпшілігімен қоректенеді. Ащы, тұзды суды іше жүріп құнарлы ет, тері, жүн, шипалы дәрумені мол сүт беретіндігі алғашқы уақытта ғалымдарды таң қалдырған. Түйе күш көлік ретінде пайдаланылып келген. Тіпті түйені ұлттық спорт түрінің ішінде түйе бәйгеден көріп, қос қолды көтере қолдап, қуаттаған кезіміз де болды.
– Түйе шаруашылығы басқа мемлекеттерде қолға алынған ба?
– Әрине, түйе сүті маңыздылығы жөнінен дүние жүзінде сұранысқа ие. Осы тақырыпта жиі кездесулер болып тұрады. Соның бірі 2015 жылы Алматы қаласында «ISOGARD» қоғамының ұйымдастыруымен «Жібек Жолы түйелері: тұрақты дамуда камелидтерді зерттеу» тақырыбында төртінші ғылыми конференция болып өтті. Германия, Ауғанстан, Қытай, Монғолия, Араб Біріккен Әмірлігі, Ливия, Марокко, Италия, Иран, Ирак, Индия, Ресей, Жапония, Түркия, АҚШ, тағы басқа әлемнің 48 елінен келген 200-ге жуық делегаттар ішінде Шолаққорған ауыл әкімдігі жанынан құрылған селолық тұтыну кооперативінің төрағасы ретінде мен және аға түйеші Сайлау Төреқұлов, түйешінің көмекшілері Орынбасар Қыстаубаев, Айнабек Нұрсейітов, сауыншы Майра Төреқұлова әлем ұлықтаған игі шараға қатысып қайттық. Айтулы шараға бару, келу, тамақтану, жатын орны, жол сапар қаражатына «Катко» ЖШС біріккен кәсіпорны демеушілік жасады. Конференция әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің қалашығында өтіп, оны университет ректоры Ғ.Мұтановтың өзі жүргізді. Осы басқосуда «ISOGARD» қоғамының төрағасы А.Халафалла, OIE өкілі Эль-Харрак, FAO өкілі М.Бенгуми, ғылыми кеңестің төрағасы Г.Қонысбаев түйе шаруашылығын дамыту жолдарына кеңінен тоқталды.
– Түйе сүтінен не жасауға болады?
– Қымыран мен шұбаттан бастап, иогурт, түйе сүтінің шоколады, конфет, құрт секілді оннан астам сүт өнімдерін ел іші мен шет елдерге асырып, саудалап жатқан қазақстандық түйешілер туралы көпшілік біле бермеуі мүмкін. Қалаға қарай шұбат сатып жүріп көп пайдаға кенеліп, кейін серіктестік құрып, осы істі түбегейлі қолға алып, айналасы он жылдан аса уақытта ірі кәсіпорынға айналдырған азаматтар да жоқ емес. Осындай іскер жандар Созақ ауданында да бар. Тек оларға кәсіптің қыры мен сырын жіті түсіндіріп, қаржылай қолдау жасау керек-ақ. Халқымызда қасиетті мал саналатын түйе – баққан адамға, қараған шаруаға мол табыс әкеледі. Ауданда осы түйе шаруашылығын дамытқысы келетін азаматтарды, шаруаларды облыс аумағындағы, тіпті республика шеңберіндегі озат шаруашылықтарға апарып, іс-тәжірибелерін үйреніп қайтса, Созақта түйе шаруашылығын бұдан әрі дамытуға септігі тиетіні анық.
– Соңғы кезде түйе сүтіне Қытайдан сұраныс артып тұрған секілді, бұған қатысты не айтасыз?
– Сол конференцияда Қытайдан келген делегаттар 50 келіден 50 тоннаға дейін түйе сүтін өңдейтін, әртүрлі ыдыстарға құйып, сатылымға жіберетін, түрлі өнім түрлерін жасап шығаратын зауыт жобаларын ұсынды. Қажет ретінде тапсырыс берушілер болса жер шалғайлығына қарамай арнайы барып, қондырып беретінін де келісуге болатынын айтты.
– Түйенің де түрлері бола ма?
– Бүгінгі таңда республикамызда 200 мың бас түйе бар. Сүт бағытындағы түйе шаруашылығы аса қиындықпен дамып келеді. Өйткені оны іске асырып, тұтынушыға жеткенше түрлі технологиялар қолданылады. Ал ет пен жүн бағытындағы түйелер негізінен екі өркештілер, бұл тұқым түрлері қысы-жазы далада жүреді. Бордақыланып, қолға ұсталынбайды. Қоңы келген мезгілде ет ретінде өткізе бересің. Әрі шығыны да жоқ. Қазіргі таңда ауданымызда 10200-ден астам түйе бар.
– Түйе шаруашылығын дамыту үшін не істеу керек?
– Түйе шаруашылығының бүгінгі жағдайын сипаттап өтсек, оның тиімді дамуына кедергі болатын себептер жоқ емес. Оның негізгілерінің бірі – асыл тұқымды түйелер үлесінің төмендігі және түйеден алынатын өнімдер, яғни ет, жүн, сүт негізінен өңделмеген күйінде төменгі бағамен өткізілетіндігі. Сонымен қатар, түйе сүтінің тек жаз маусымында ғана өндірілетіні, түйе саласын білетін арнайы мамандардың жоқтығы да бұл саланың қарыштап дамуына қолбайлай болуда. Бір сөзбен айтқанда, бәсекелестіктің, оны тудыратын өнім өндірудің құқықтық базасының жоқтығы түйе шаруашылығының кежегесінен кері тартып тұр.
Бұл қиындықты еңсеру үшін не істеу керек? Ең алдымен арнайы түйе өнімдерін өндіретін орта және ірілендірілген тауарлы шаруашылықтардың құқықтық және экономикалық негіздемесін жасау, шетелдерге шығарылатын және бәсекелестік тудыратын өнім бағытын анықтау қажет. Бізде түйенің сүті мен етіне сұраныс бар, ал жүніне сұраныс жоқ. Ауылды жерлерде түйеден алынған өнімдерді алғашқы өңдеуден өткізетін өндіріс орындарын құру, өнімдерді өткізетін орындармен келісім түзу, сол арқылы өнім сұранысын анықтау – кезек күттірмейтін іс. Мысалы, ауданымыздағы уран өндіретін тау-кен саласындағы өндіріс орындарына экологиялық сүзгі ретінде түйе сүтінің аса қажеттілігі туралы тағамтанушы мамандар жиі айтып жүр. Ендеше сол кәсіпорын жұмысшыларының ас мәзірінің күндік рационына түйе сүтін қосу керек. Аудандағы екі кәсіптік білім беретін колледждерде түйе шаруашылығына қажетті мамандар дайындау, оларға пайызсыз, ұзақ мерзімді несие беру арқылы жеке кәсібін ашуға қол ұшын беру де үлкен маңызға ие. Бос жатқан Бетпақ даладағы, құм жиегіндегі жайылымдарды тиімді пайдалану, құдықтарды жөндеуден өткізу, жайылымдық ұңғыма құдықтар қаздыру қажет. Түйе отарларының кешенді жоспарларын құру, өнім беретін түрлеріне қарай түйе малдарының азықтық қорын жасақтау – түйе шаруашылығын қайта жандандырудың жолын ашары анық. Осы айтылғандардың барлығына Үкіметтен қолдау қажет.
– Иә, осы ұсыныс-пікірлеріңіз Үкіметтің құлағына жетіп, назарына ілігеді деген ниеттеміз. Ол үшін Сізді әлі де көп жұмыстар күтіп тұрғаны сөзсіз. Шаруа жайын ойлауда шаршамаңыз. Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мақсат Қарғабай,
Созақ ауданы.