Әлібек Байназардың есімі Сайрам өңіріне жақсы таныс. Осы ауданда туып-өсті. Саналы бар ғұмырын ауданның өсіп-өркендеуіне арнап келе жатқан жан. Әсіресе білім саласында тер төккен азамат бірнеше мектепті басқарып, аудандық білім бөлімінде жемісті қызмет атқарды. Тірлігі тұралап, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалы күрделенген мектептерді аудандағы алдыңғы қатарлы білім ордасына жеткізген жайы бар. Ерен еңбегінің жемісі болар Әлібек Ыбырайымұлының кеудесіне «Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі» медалі 1980 жылы тағылған. Ал ол жылдары мұндай атақ лайықты еңбектің нәтижесіне, нағыз маман екендігі айқындалған шақта ғана берілетінін ескерсек, Ә.Байназардың өскелең ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай саналы тәрбие берудегі өзгеге үлгі боларлық еңбегінің елеулі болғанын байқау қиын емес.
Тәрбие демекші, талай жауапты қызметте жүрсе де Әлібек Ыбырайымұлының өзі туып-өскен шағын ғана Ақбастау ауылындағы сол кездегі сегіз жылдық мектептің оқушыларына домбыра, ән-күйден үйірме сабағын жүргізгеніне куә болғандар көп-ақ. Бұлақ көрсе көзін ашуға, талантты танытуға деген ізгі ықыласының жемісі де жетерлік. Бүгінде елімізге белгілі әнші, халықаралық сахналардың сәні болып жүрген, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Құрман Шойынбаев ағамыз осы Әлібек ағайдың шәкірті. Ә.Байназар ұйымдастырған ән-күй, домбыра үйірмесінде тәлім алған Құрман Шойынбаев ұстазын әркез мақтан тұтады.
Міне, осындай азаматтың құрметіне Шымкент қаласында «Ерлік» музейінде арнайы мүйіс ашылып отыр. «Қарапайымдылық құнды қасиет» атты кездесу кеші өтті.
Кездесу кешінде ұйымдастырушылар тарапынан «Ерлік» музейінің қызметкері Айгүл Садыққызы іс-шараның маңызы жайлы жиналғандарға мағлұмат беріп, Әлібек Байназардың еңбектері қойылған мүйістің мазмұнымен таныстырды.
Кездесу кешінің көркін Құрман Шойынбаев пен облыстық филормонияның музыканты Александр Коротков ашты. Әнмен шашу шашқандар сапында Ақбұла ауылының әжелер алқасы да болды. Сайрам аудандық мәдениет үйінің әншісі Мейірхан Тұрсынбаевтың арнау әні, термесі жиналғандарға әдемі әсер сыйлады.
Кездесуде Еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті шахтері Сайлаубек Мамырәліұлы, ҚР Ішкі істер органының ардагері, полиция полковнигі Келес, Төлеби аудандарының Құрметті азаматы Шырынбек Оңғаров, Сайрам аудандық әжелер алқасының төрайымы Үмітгүл Мұратбекова, Сайрам аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Сейдуалы Ештаев және бір топ Ауған соғысының ардагерлері мен таулы Карабах ұрысына қатысушы жауынгер ардагерлер Әлібек Байназардың өмірі мен еселі еңбегі жайлы айтып, жылы лебіздерін білдірді. Аудандық «Мәртөбе» газетінің бас редакторы Нұрғиса Төремұратов, кеш кейіпкерінің сыныптас достары атынан Күмісбек Сұлтанов, әріптес бауырлары атынан Құдайберген Андақұлов, Сырлыбай Мырзабековтер де сөз алып, Әлібек Ыбырайымұлының татулық, достық, ауызбіршілік тұрғысындағы тәлімді тірліктерін өзгелерге үлгі етті.
Айтса айтқандай-ақ, Әлібек Байназар Шымкент педагогика институтын 1970 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіргелі білім беру, ағарту саласында ұзақ жыл жемісті қызмет атқарды. Қызмет бабымен аудандық халықтық бақылау комитетіне, Ақбұлақ ауылдық Кеңесінің төрағалығына, “Ленинский путь” қазіргі “Диқан” өндірістік кооперативінде төраға орынбасарлығына тағайындалса да айналасында татулық, ауызбіршілік салтанат құруына көп күш жігерін аямаған жан. Орайы келгенде айта кету керек, ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Сайрам ауданындағы жер-су аттарына тарихи атауын қайтару ісінде Әлібек Байназардың ерен еңбегі көп. Осындай арда азаматтардың бастамасымен бұрынғы кеңстік идеологияның жарқын көрінісі болған ауыл, көше аттарын қазақшалау, ежелгі тарихи атауын қалпына келтірудің нәтижесінде ауданда Ақбастау, Ақбұлақ, Көмешбұлақ, Жібек жолы, Қайнарбұлақ сынды ауыл аттары пайда болды.
Өмір ағысы Әлібек Ыбырайымұлын спорт саласына да әкелген кездері бар. Ол бірнеше жыл Шымкент қаласындагы ОҚО футболдан олимпиадалық резервтер дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінде директордың тәрбиесі ісі жөнінде орынбасары болып жемісті еңбек етті. Сол кезеңде бұл уақытқа дейін тек орыс тілінде өтіпк елген мектептің жиналыстарын, іс-қағаздарын, түрлі безендіру ақпараттық маңдайшаларын мемлекеттік тілге көшуіне, қазақша жазылуына бар күшін салды. Онысы өз жемісін берді де. Футбол өнері бойынша мұражай ұйымдастыруға атсалысты.
–Әлекеңмен бірге өстік. бала күннен бері бірге жүрміз. Мен спортшы болғандықтан жігітшілікпен төбелестің ортасына түсіп қала беретінмін. Сондай кезде Әлібек досым үнемі “Сабыр ет. Жұдырық ала жүгіру жараспас” деп отыратын. Сол кезден-ақ Әлекеңнің парасаттылығына қайран қалатынмын. Ішкі мәдениеті өте жоғары азамат қой. Кез келген мәселені ұрыс-керіспен емес, байыппен, сабырлықпен шешу керектігін үлгі етіп көрсетіп келеді. Сонысына қарай елге сыйлы. Құрметті, – дейді белгілі ұстаз-спортшы Құдайберген Андақұлов.
Зейнеткерлікке шықса да Әлібек ағамыз қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан әлі де табылуда. Бүгінде Сайрам ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің белді мүшесі. Әлібек Ыбырайымұлы ұсынған идеялардың бірқатары аудан көлемінде жүзеге асуда. 2010 жылдан бері Сайрам аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қазақстан Ардагерлер Кеңесінің жетінші сьезіне делегат болып қатысты. Орталық кеңес мүшесі.
Ел үшін еткен еңбек ескерусіз қалмайды. 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне мерейтойлық медальмен наградталды. Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хататрымен марапатталған.
Әлібек ағамыздың ақындық, әншілік өнері де өз алдына бір дастан. Өлеңдері аудандык, облыстық баспасөз беттерінде жарияланып тұрады. Туған ел, жер, достық, адамгершілік, жастарға өнеге боларлық тәрбие тақырыптары ақын жүректің қалам тербейтін негізігі тақырыбы. «Қанат кақты» атты жыр жинағына біраз өлеңдері енді. Облыстық Ардагерлер кеңесінің құрастыруымен шыққан «Қызыр қыдырған күн» атты өлеңдер жинағына да Әлібек Ыбырайымұлының шығармалары енген. 2011 жылы Астана қаласында «Ақбастауым ауылым» атты жеке жыр жинағы, 2014 жылы «Қарасудан ұшқан қырандар» атты естелік баян кітабы жарық көрді.
–Жездеміздің жүрген жері той-думан. Көңілді отырысқа ұласуы демде. Пуылға Әлібек жездем келе жатыр дегеннен бала-шағадан бастап, үлкен азаматтар да қуанып, өнерін тамашалауға ентелеп отырады. Бір өзі бір оркестр. Домыра тартып, баянда ойнайды. Ән салғанда жүрекпен айтып, нәшіне келтіре әуелетеді, – дейді қайнысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Әбдіразақ Қабылбек.
Әлібек аға зайыбы – ұлағатты ұстаз, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Қабылбекова Қантай Лесқызы екеуі бір ұл, екі кыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере сүйіп отырған өнегелі отбасы.
Елдің құрметіне бөленген азаматтың басты қасиеті – қарапайымдылығында болып тұр. Барк езде асып таспады, жоқ кезде налымады. Анық басып, адал жүруге тырысқан жан қарапайым қоңыр тіршілігімен-ақ елге сыйлы, ардақты.
«Ерлік» музейінде өткен кездесуде бұл туралы көп айтылды. Кездесуге жиналған қонақтар «кез-келген жағдайда ақыл сұрап,к еңес сұрап алдымен Әлібек ағамызға жүгінеміз. Сол кісінің айтқанымен жүрсек адаспайтындай боп тұрамыз» деп жатты. Жүрекжарды шынайы лебізге қосып аларымыз жоқ.