Шымкентпен іргелес жатқан Сайрам ауданында тұрғындар сусыз отыр дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Бірақ, шындығы осы. Жаз шыққалы Сайрам ауданының бірнеше ауыл тұрғындары қолдарына шелектерін алып, жиі-жиі көше аралап, су іздеуге мәжбүр.
Айталық, қарасулықтардың қара суға қалайша аяқасты зар болып қалатыны жайлы осы ауылдың тұрғыны Салтанат Садықова былай дейді: «Ағып тұрған су ойламаған жерден өшіп қалады. Содан күні бойына келмейді. Кейде екі-үш күн сусыз отырамыз. Неге екенін білмейміз. Жаздың аптап ыстығында бір күн былай тұрсын, бір сағатқа су болмай қалса, тентіреп кетеміз. Ауылдық әкімдіктегілердің су өшсе хабарласарсыздар деп берген телефоны үнемі өшірулі тұрады. Зарымызды кімге айту керектігін білмей отырмыз. Амал жоқ, 10 литр суды дүкеннен 450-500 теңгеге сатып аламыз. Мұндай кезде кір жуу, шомылу дегенді ұмытамыз».
Осындай пікірді Қарасу ауылының тағы бір тұрғыны, көпбалалы ана Аруна Сауытбекова да айтты. «Жөндейміз дейді, басқа сылтау айтады, әйтеуір айына бір рет 2-3 күнге суды ескертусіз өшіріп тұрады. Кеше, яғни 14 маусым күні кешке судың келуі тоқтады. Өткен жолы да үш күн сусыз отырдық. Ораза айында да судан қысқан кездер болды. Бұл жағдай сәуір айынан басталды. Себебін сұрасақ, қарыз екенімізді айтады. Бірақ, суға және басқа да коммуналдық қызметтерге төлемей қойған кезіміз жоқ. Құбырдан су келмегесін балалар шыдамай лас су ішіп қояды ма деп қорқамыз. Қазір лас судан жұқпалы ауру тарап жатыр емес пе?!».
Тұрғындардың шағымынан құлағдар бола салысымен біз Сайрам аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Баймырза Бисенбаевқа хабарласып, не себепті тұрғындардың сусыз қалғанын сұрадық. «Қарасулықтардың сусыз отырғанына үш күн болған жоқ. Бүгін таңертең өшірілді. Сайрам ауданы ауыз суды Шымкент қаласына өтетін құбырдан алады. Судың өшірілуі «Сайрам тазалық» ЖШС-не қатысты болып тұр. Сумен қамтамасыз етуші мекеме жарыққа қарыз болып қалғандықтан «Энергопоток» ЖШС жарық бермей қойған. Соның салдарынан мұнараға су жинайтын сорғы жұмысын тоқтатқан. Күн ыстықта сусыз отыру, әрине, оңай емес. Мәселені шешу үшін жан-жаққа хабарласып, жүгіріп жүрміз. Тұрғындардың кінәсі жоқ. Құдайқаласа, бүгін су беріліп қалады».
«Сайрам тазалық» мекемесінің жарыққа қарыз болуынан не үшін тұрғындар зардап шегуі тиіс? Олар тұтынған тіршілік нәрі үшін төлемақыны уақтылы төлеп отыр екен. Сонда ол қаражат қайда кетіп жатыр? Осы сұрақты біз «Сайрам тазалық» ЖШС басшысы Жәнібек Матовқа қойдық. «Бұл қарыз баяғыдан келе жатыр. Жиналып қалған. Сол себепті жағдай реттелгенше Қарасу, Ақсу, Әйтеке би және тағы басқа ауылдарды кезекпен өшіріп тұрамыз, – дейді директор. – Бүгін жарық беруші мекемемен келісіп келдік. Енді өшпейді деп отырмыз. Қарасаулықтардың қарызы болмағанымен басқа ауылдарда төлемегендер бар ғой. Соның салдарынан басқа ауыл тұрғындары да зардап шегіп отыр. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздік қайталанбас үшін су ішіп отырған ауыл тұрғындарының барлығы да төлемақыны уақтылы төлеуге мұқият болуы керек».
Қарасу ауылдық округінің әкімі Дамир Сыдықовқа да хабарласып, ауыз су мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрамақ болдық. Бірақ ол кісінің қалта телефоны өшірулі болғандықтан, байланысу мүмкін болмады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, Сайрам ауданында ауыз су мәселесі елді әуреге салуда. Оған себеп – табиғи жағдай емес, жауапсыздықтан туындаған кемшілік. Мекеменің мекемеге қарызы үшін тұрғындар зардап шекпеуі тиіс. Мұны жергілікті әкімдік қадағалауға алмаса, алдағы күндері әлі қанша уақыт халық әбігерге түсері белгісіз.
Ұ.ҮМБЕТ.