Дінислам Болатханұлы Президенттің «Еститін үкімет» саясатына қарсы ма?

Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығына Дінислам Болатханұлының тағайындалғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан әлеуметтік желіде оның жұмысына қатысты әртүрлі айыптау сөздер жариялана бастады. Өйткені, жаңа басшының жұмыс істеу тәсілі, дәлірегі халықпен арадағы байланыс тәртібі ұнамайтын секілді. Ұзақ жол жүріп барып, жұмыс бөлмесіне кіре алмай кері қайтқандар Дінислам Болатханұлының бұл әрекетін мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін Үкімет» саясатына қарама қайшы екенін айтады.

«Р.Жолаевтың есігі әрдайым ашық болатын», «Түркістан облысының АӘД басқармасындағы қазіргі басшысының қабылдауына кіру министрдің қабылдауына кіруден де қиын деп естіп жатырмыз. Сонда ол кісі кім? Халықты қабылдаудан не үшін қашады?», «Қ.Тоқаевтың «Естуші үкімет» тұжырымдамасына қарсы тұлға ма? Естімесе, көрмесе, халықпен қалай жұмыс жасамақ?». Міне, әлеуметтік желідегі жазбалар осылай жалғасып кете береді. Әрине, халық айтса, қалт айтпайды. Облыстың бас ұстазының мұндай әрекетіне біздің де куә болғанымыз бар. Қайбір күні Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Ш.Уәлиханов атындағы мектепте балалардың ыстық тамағы үйден дайындалып, тасымалданатыны туралы келеңсіздікті басқарма басшысына айтпақ болғанбыз. Бірақ ол бізді қабылдамай, кейін қайтарды. Білім ошағының қабырғасына ілінген көрнекі құралдардағы саяси және әріп қателері жайында хабардар еткіміз келген әрекетіміз де бос әурешілік болды. Дәлірегі, талабымызды тыңдағысы келмеді. Кейін бетпе бет кездескенімізде бізді уайымдатқан мәселеден бейхабар екенін айтып, ақталғысы келді. Ешкіммен телефон арқылы сөйлеспесе, алыстан ат терлетіп келген адамды қабылдамай кері қайтарса мектептерде орын алып жатқан кемшіліктер жайында қайдан білсін? Кездесуімізге, екеуара әңгімемізге кездейсоқ куә болған облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев Д.Болатханұлына өз саласына тікелей қатысы бар жайттардан бейхабар болу оның кемшілігі екенін ескертті. Кішіпейілдік танытқан Қайрат Рахымұлы Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы қабылдамай жатса, мәселені өзінің кез келген уақытта тыңдауға дайын екенін айтты.

Апта басында 400 шақырымнан астам жолды артта қалдырып, сонау Жетісай ауданынан арнайылап Түркістан қаласына барып, басқарма басшысына шағымын жеткізе алмай әуре-сарсаңға түскен Ақмолда Байбосынов амалсыз әлеуметтік желіде «Басқарма басшысы Дінислам Болатханұлы, бізді қабылдайсыз ба немесе есігіңіздің алдында күтіп отыра береміз ба..?» – деген жазба қалдырды. Мәселені мән-жайын білмек болып жазба иесіне қоңырау шалғанымызда ол бізге былай деді: «Әлеуметтік желіде ауданымыздың бір мектебіндегі жағдайға байланысты жағымсыз әңгіме тарап кетті. Соны анықтамақ оймен осыдан үш ай бұрын облыстық басқармаға арыз жазып, почта арқылы жөнелкенбіз. Соған әлі жауап болмады. Бұл заң талабына қайшы. Жауап болмаған соң арызды өз қолыммен тапсырмақ мақсатта арнайы Түркістанға бардым. Басшыға кірмек болған мені орынбасарлары қақпаны қорғаған қақпашы секілді қақпақайлап, қабылдау бөлмесіне қарай өткізбеді. Алыс жолдан келгесін бос қайтпайын деген оймен басқарма басшысының орынбасары Ардақ Садықованың есігін қақтым. Ол кісі де басшысының әрекетін қайталап, қолы бос еместігін айтып мені кабинетінен шығарып жіберді. Алдыңғы доңғалақ қайда жүрсе, соңғы доңғалақ та сонда жүреді деген осы болса керек. Не керек, жазған арызымыздың тағдыры баспасөз хатшысына тапсырылғанымен, ол кісі хатымызды тауып бере алмады. Міне, Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасында адам тағдырын арқалап келген хаттарға, оны айтпақ болған азаматтарға деген көзқарас, қарым-қатынас осындай болып тұр. Бір сөзбен айтқанда, басқармада тәртіптің жүйеленбегені байқалады.

Басшының есігін торуылдап тұрған әлгі орынбасар мен өзін кеңсе басшысымын деп таныстырған азаматтан арызымды тіркеуді сұрадым. Бірақ, хатты тіркемес бұрын орынбасарлары арыз мәтінін оқып алуы тиіс екен. Не үшін? Сонда қолайсыз, яғни сыни пікір жазылған хат болса тіркемей, мақтау-мадақ жазылған хаттарды ғана тіркейтін болғаны ма? Осындай қитұрқылық болуы мүмкін деген оймен «әуелі тіркеп ал, сосын жүз рет оқысаң да өз еркің» дедім.

Хатқа жауаптың болмағанын, мамандардың әрекетсіздігін Дінислам Болатханұлының өзіне айтпақшы болып, кедергіге қарамай «кіруге бола ма?» – деп басшы отырған бөлменің есігін ашсам, «қолым бос емес» деген басшының алдында ешкім жоқ, өзі телефон шұқылап отыр екен. Бұлардың әрекетінен көңілім қалды. Біз 450 шақырым жол жүріп, Жетісайдан Түркістанға барамыз, ал басқарма басшысы бізді қабылдауға, уәжімізді тыңдауға құлқы жоқ. Жеке мәселемді алға тартып, мазасын алсам бір сәрі, мен мектептердегі кемшіліктер, оны қалай жоюға болатыны жайында сөйлескім келген еді. Амал қанша?».

Жалпы, азаматтардың шағымын тыңдау жайында біздің де Дінислам Болатханұлымен сөйлескіміз келгені рас. Алайда, ол бейтаныс телефондарды көтермейтінін, бейсенбіден басқа күндері ешкімді қабылдамайтынын айтады. Дінислам Болатханұлы осы кезге дейін Павлодар облысында жұмыс істеді. Бәлкім, халқының саны аз облыста осындай тәртіппен жұмыс істеп үйренген болар, алайда, тіршілік қазаны қайнаған Түркістан облысында мұндай жұмыс тәртібі жүрмейді.

Халықты өзінің мансабынан төмен қойған басшының басшылық ғұмыры ұзаққа созылмайтынын өмірдің өзі талай дәлелдеп келеді. Бірақ, осы қателікті өз басынан өткізбейінше жүрегімен сезінбейтін басшылардың бары өкінішті. Халыққа құлша қызмет еткен басшы ғана орнында ұзақ отырып, ел есінде көпке дейін сақталары сөзсіз. Біз де Дінислам Болатханұлын халық үшін жан аямай жұмыс істейтін басшылардың қатарына қосылады деген сенімдеміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған