Deprecated: strpos(): Passing null to parameter #1 ($haystack) of type string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 7053

Deprecated: str_replace(): Passing null to parameter #3 ($subject) of type array|string is deprecated in /var/www/nysana.kz/public_html/wp-includes/functions.php on line 2165
 Кітап оқып, қозы алды – Nysana.kz – Ақпарат агенттігі

 Кітап оқып, қозы алды

«Бүгінде жастар кітап оқымайды» деген сөз жиі айтылады. Әрине, бұл кітап оқығысы келмегендердің сылтау сөзі болса керек. Әйтпесе, ақылына ақы сұрамайтын «айнымас досты» жастанып оқитын жастар, кітапқа бар ынтасын берген балалар аз емес. Бұл сөзімізге Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округінде өткен, өзгелерге үлгі болатын керемет бір игі іс дәлел бола алады.

1 маусым балаларды қорғау күніне орай қолға алынған бұл шарада Бөржар ауылының үш жеткіншегі жеңімпаз болып табылған. Нақты айтар болсақ, оқушылар кітап оқудан жарысқан. Ауылдағы мәдениет үйінде орналасқан кітапханада кітапты ең көп оқитын үш балаға ауыл әкімі Серғали  Құрымбеков демеушілер атынан үш қозы сыйлады.

«Мәселе сыйлықтың үлкен-кішілігінде емес. Бұл жердегі мақсат баланы кітап оқуға шақыру, үйрету. Алда үш ай жаз. Осы кезде балалар уақытын тиімді өткізу керек. Сондықтан бұл сайыс әлі де жалғасын табады. Ай соңында кітапты көп және түсініп оқыған тағы бес балаға сый-сияпат жасалатын болады. Ол үшін кітапханаға келіп тіркеліп, кез келген кітапты алып оқып, түсінігін айтып берулері керек», – дейді Серғали Асанұлы.

Әрине, сыйлықтың үлкен кішісі болмайтыны рас. Бірақ қызық үшін оқыған кітаптың түсінігін айтып бергендер үйлеріне бір-бір қозыдан жетектеп кетеміз деп өздері де ойламаса керек. Әлихан Шекербек, Бекзат Назаров, Әділе Өсербай есімді Ұляжар ауылындағы Абай атындағы мектептің оқушылары аз уақыттың ішінде екі кітаптан оқып аяқтаған. Олардың кітаптың қызығына берілгені сонша, ендігі жерде кітапсыз өмірлерін елестете алмайтындарын айтады.

Жалпы, кітап, газет, журнал оқымайды деген керітартпа ұғымды жиі қайталап, санаға күштеп таңу дұрыс емес. Әрине, оқымайды деген сайын жастар шынымен де көркем дүниелерден мүлдем алыстап кетуі мүмкін. Ал, жастарды, балаларды кітап оқуға қызықтырып, руханиятын дамытуды ойлағандар осы секілді оқырмандарды қызықтырар іс-шаралар ұйымдастыруды үрдіске айналдырса, арамыздан қаншама оқымыстылар шығатынында талас жоқ. Бар мәселе ниетте ғой.

Ұ. ТӘМЕНОВ.

 

One thought on “ Кітап оқып, қозы алды

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған