Мемлекет басшысының тапсырмасымен аудан әкімдері халықпен кездесіп жүр. Әрине, ол кездесулерде шешімін күткен көптеген мәселе айтылуда. Олардың түйінінің тарқатылуы аудан әкімінің іскерлігіне де тікелей байланысты деп ойлаймын. Осы тұста «жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытқанды» жөн көрдім.
2020 жылдың күз айында аудан әкімі тұрғындарды қабылдап жатыр деген хабарды есітіп, жұмыстан кейін әкімдікке бардым. Мен барған кезде қабылдауға келгендердің қатары таусылып, барлығы қайтқалы жатыр екен. Ақментай Үсенұлы мен үшін мамандарды қайта жинап, шағымымды тыңдады. Сол кезде мен өзіме емес, ауыл үшін төрт мәселеге көмектесуді сұраған едім. Оның біріншісі – Тасбау Тұрашев көшесін соңына дейін жарықтандыру, екіншісі – Қошқар ата ауылдық округіндегі жаңадан салынған үйлерді газ құбырына қосу, үшіншісі – белгілі азаматтарға әлеуметтік көмек тағайындау, соңғысы – ауыл ішіндегі арықты тазалау еді.
Білемін, мұның көпшілігі отырған жерде шешіп тастайтын мәселе емес. Тиянақты қарауды, қаржы бөлуді талап етеді. Жасыратыны жоқ, «әкімге айтып кеттім, оның бәрі орындала қоймас» деген күдікті ойдың болғаны рас. Бірақ көп ұзамай мен айтқан адамдар атаулы әлеуметтік көмек алды. Мектепке баратын Есенәлиев көшесінде жарық жанды. Енді, міне, Тасбау Тұрашев көшесінің қалған 1,5 шақырымына асфальт төсеу үшін қазынадан қаржы қарастырылғанын жуырға ғана естідім. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады екен. Ал жаңа үйлерге газ кіргізу мәселесі бойынша «ҚазТрансГазАймақ АҚ-ның Түркістан облыстық филиалына хат жолдапты. Ол мәселенің де шешімі табылатын күн таяу. Енді ауыл ішіндегі арықты тазалап берсе болды. Бұған байланысты жоғарыдан қимыл-қозғалыс күтпей-ақ, ауыл әкімі ұйымдастырып жіберсе, жергілікті тұрғындар асарлатып-ақ бітіруі мүмкін.
Сол кездесуде балалар ойнайтын ойын алаңшасы жоқтығын да айтып едім, қазір ауыл ортасында шағын стадион салмақшы болып, қаржы қарастырылыпты. Халықтың өтінішін жерде қалдырмай, оның орындалуын да бақылап отырған мұндай әкімге қалайша рахмет айтпасқа?! Әкімдердің халықпен кездесуі бір бөлек те, сол кездесулерде берілген уәделердің орындалуы маңызды мәселе. Көп жағдайда уәделер ұмытылып жатады. Ал Ахментай Есбаев ондай әкім емес екен. Берген уәдесін орындады.
Рахмет сізге, Ақментай Үсенұлы! Әрдайым халықтың сенімін ақтай беріңіз!
Жеңіс Ережепов,
Келес ауданы, Қошқар ата ауылдық округінің тұрғыны.