Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жаңа Жарлығында аудан әкімдеріне әр тоқсан сайын тұрғындармен көшпелі кездесу өткізуді міндеттеді. Мұндай кездесулердің қалай өтіп жатқанын аудандарды аралау барысында өзіміз де куә болып жүрміз. Бүгін біз осы тоқсанда аймақты толықтай аралап шыққан Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановты әңгімеге тарттық.
– Бақыт Насырханұлы, аудан тұрғындарымен кездесу қалай өтіп жатыр?
– Қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша сәуір айынан бастап ауданымызға қарасты 2 кент пен 9 округті түгелдей аралап шықтым. Кездесулерде өткен жылы және жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат бердім. Халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, әрбір елдімекендегі өзекті мәселелер мен оның шешімі туралы айтып өттім. Халыққа ашық микрофон ұсындым, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды.
Әрбір көтерілген мәселеге және сұрақ қойған тұрғындарға кезекпен жауап беріп, мәселесін жеке айтамын деген азаматтарға жеке қабылдауымды өткіздім. Қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты. Көкейде жүрген әрбір сұрақтың түйінін сол жерде сала басшыларымен бірге шешіп, жауабымызды бердік. Шешімі жуық арада болмайтын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздім.
– Кездесулерде көтерілген негізгі мәселелерді атап өте аласыз ба?
– Мақтааралдықтар негізінен газ тарту, ішкі көшеге асфальт төсеу, ағын су және ауыз су жүйелерін жаңарту, тік дренажды ұңғымаларды қалыпқа келтіру және үздіксіз жұмыс істеуін қаматамасыз ету, ФАП және мәдениет үйлерін салу, минералды тыңайтқыштарды жеткізу мәселелерін көтерді. Ал, қалған ірілі-ұсақты мәселелердің барлығын да жұмыс барысында шешуге болатыны тұғындарға түсіндірілді.
Қазір бұрынғыдай жаппай көмір жағып, күл шығаратын ауыр бейнет ауыл өмірінен де алыстап жатыр. Шынын айтқанда, көгілдір отын ауылдықтардың өмірін көп жеңілдететін, өркениетке бастайтын дүние екенінде дау жоқ. Сол себепті де ауыл тұрғындары арасынан ең көп талқыға түскені газ мәселесі болды. Қазіргі таңда аудан халқының 68,5 пайызы газбен қамтылған. Өткен жылы 1,9 миллиард теңгеге Жаңажол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі елді мекендерін толықтай, 1,4 миллиард теңгеге Иіржар ауылдық округінің 9 елдімекенін газдандыру жұмысы және 1,3 миллиард теңгеге «Мақтаарал» газ тарату станциясының құрылысы басталды. Барлық нысандардың құрылысы 2022 жылға өтпелі. Осы нысандар толықтай ел игілігіне ұсынылған кезде аудан тұрғындарының 82 пайызы көгілдір отын тұтынатын болады. жалпы алғанда 2025 жылға дейін аудан халқы толықтай газбен қамтылады.
– Президенттің назарында тұрған жол мәселесі қалай шешімін тауып отыр?
– Мен 10 жылға жуық уақыт ауыл, қала әкімі болып жұмыс істедім. Сол уақыттарда тұрғындармен болған есептік кездесулерде ауыл адамдары тек орталық көшелерге ғана асфальт төсеп беруді сұрайтын еді. Қазіргі таңда 1 көшеде 5 үй болса да, 40 үй болса да асфальт төсеуді талап етеді. Әрине, мұның бәрі өңіріміздегі инфрақұрылымның жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Өткен жылы 53,3 шақырымды құрайтын 54 ішкі көшеге асфальт төсеу жоспарланған болса, 46 көшеге асфальт төселді. Биыл тағы 45 көшені асфальттауды көздеп отырмыз. Әрине, бір-екі жылда барлық көшені асфальттап тастау мүмкін емес. Сол себепті, ауыл әкімдері, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің төрағалары, ауыл билері өзара жиналыс жасап, кеңесе отырып, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін көшелерді бізге ұсынады. Сол ұсыныс негізінде жол жөнделеді.
– Мақтаарал ауданында тұрғындар ауыз сумен толық қамтылды деген дерек қаншалықты рас?
– Солай десек те болады. Ауданда 99,9 пайыз халық ауыз сумен қамтылған. 69 елдімекеннің 2-інде (Найман-Бұқарбай және Достық) ауыз су жүйелері жоқ, қалған 67 елдімекеннің 47-не су тәулік бойы, 20 елдімекенге арнайы түзілген кестемен беріледі. Есепті кезеңде республикалық бюджеттен 4 нысанның (Атакент, Береке, Иіржар, Есентаев) құрылысына бюджеттен 854,9 миллион теңге бөлініп, оның 1 нысаны (Есентаев) пайдалануға берілді. Ал, 3-еуі (Атакент, Береке, Иіржар) осы жылға өтпелі. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 77,6 миллион теңгеге 5 елді мекеннің (Азамат, Мәдениет, Табысты, Үлгілі, Шұғыла) ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі таңда Атакент кентінің ІІ кезеңі бойынша, Өркениет, Жаңажол және Азаттық елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құру мақсатында 27,7 миллион теңгеге жобалық сметалық құжат әзірленуде. Жалпы, ауыз су жүйелерінің тозуына байланысты кезең-кезеңімен қайта құру жұмыстары жүріп келеді.
– Ауданның негізі табыс көзі егіншілік болғандықтан бұл туралы да айтып өтпеске болмайды.
– Егістік жерлердің құнарлығын арттыру үшін ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру бағдарламасы аясында 229 канал, 208 су қашыртқылары ретке келтіріліп, 149 тік дренажды ұңғымаларды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 229 каналдың 147 шақырымында топырақ жұмыстары, 156 шақырымында темір бетонмен қаптау жұмыстары және 8,5 шақырымында лоток орнату жұмыстары аяқталған. 2 дана тік дренажды ұңғымада қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталып, 33 дренаж электр желісіне қосылуға дайын. Сондай-ақ, 141 тік дренажды ұңғымада бұрғылау жұмыстары аяқталып, 123-іне бақылау ұңғымалары салынған. Жалпы бағдарлама толық аяқталатын болса, ағын су жүйелері мен тік дренажды ұңғымалардың мәселесі өз шешімін табатын болады.
– Соңғы екі жылдағы пандемия денсаулық саласына айрықша көңіл бөлу керектігін көрсетті. Кездесулерде бұл мәселе де көп қозғалған болар?
– Денсаулық саласы тікелей басқармаға қарайды. Алайда, халық аудандыкі болғандықтан бәрібір бұл мәселеден айналып өте алмаймыз. Сондықтан фельдшерлік-акушерлік пункттер салуды қажет ететін барлық елдімекендерде жер учаскесі қаралып, құжаттары рәсімделген. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жоспарға енгізілген. Облыс тарапынан қаржы бөлінген жағайда 2023-2025 жылдар аралығында құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.
– Мәдениет саласы да назардан тыс қалып жатпаған болар?
– Биыл Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елдімекеніне және Жамбыл ауылдық округі Жалын елдімекеніне мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысын бастағалы отырмыз. Жыл сайын дәл осылай басқа да елдімекендерге жоғарыда аталған нысандардың құрылыстарын жүргізу жоспарлануда.
– Көптен бері сөз болып жүрген тыңайтқыш мәселесі шешімін тапты ма?
– Қазіргі таңда минералды тыңайтқыш өнімдерінің жетіспеуі және оның бағасының шарықтап кетуі аудан шаруаларының басты мәселесіне айналғаны жасырын емес. Аталған мәселе шаруаларымыздың наразылық көңіл-күйін тудырып, олардың бірнеше рет жиналуына, бұқаралық ақпарат құралдарына сыни мақала жариялауына және аудан прокуратурасына, басқа да органдарға бірнеше рет шағымдануына себеп болған. Мәселенің өзектілігін ескеріп, аудан прокуратурасымен бірге минералды тыңайтқыш өндіретін «КазАзот» АҚ-мен тікелей байланыс орнатылып, 6 маусым күні Мақтаарал, Жетісай аудандарының жергілікті атқарушы органдарының, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшылығының, бұқаралық ақпарат құралдарының және шаруалардың қатысуында кеңейтілген мекемеаралық мәжіліс өтті. Нәтижесінде, Мақтаарал және Жетісай аудандарына беріліп жатқан тыңайтқыш көлемін арттырып, туындаған мәселе 20 күн ішінде түпкілікті шешілетіндігі туралы зауыт басшылығымен келісімге келдік. Осылайша, бұл мәселеге түпкілікті нүкте қойылды.
Бұдан бөлек, ауданымызда түрлі салаларда көптеген жобалар жасалып, іске асырылып жатыр. Жалпы аудан тұрғындары барлық түйткілдің бір мезгілде шешілуі мүмкін еместігін түсінулері тиіс. Көп мәселе қаражатқа тәуелді екенін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан, мәдениетті түрде мәселе көтеріп, түйіннің рет-ретімен тарқатыларына түсіністікпен қарап, ауданымызды дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге барша тұрғындарды шақырамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Д.Аязбаев, Ұ.Тәмен,
Мақтаарал ауданы.