Келінге көп талап қоямыз

Оқшау ой

 Қазақтың тұрмыс-салтында келін мен қыздың аражігі о бастан ажыратылған. «Қызым саған айтамын, келінім сен тыңда…» деген апа-әжелерімізден жеткен өнегелі сөздің төркіні тегін емес.

Әрине, келін болған соң үйдің бар тіршілігі соның қолына біртіндеп көшетіні даусыз. Ене мен келін арасындағы кейбір кикілжің де осыдан туындайды-ау деп ойлаймын. Өз қазанына иелік етіп қалған ененің бар тірлікті бір күнде келінге бере салуы оңай емес. Берген күнде де жас келін оны ептей алса бір сәрі. Білмегені көп жас келін үйренемін дегенше енеден талай сөз естіп қалуы әбден мүмкін. Міне, ене мен келіннің керісіп қалатыны да осыдан. Ене «келін бәрін білуі керек» дейді. «Қолынан түк келмейді екен. Үйінде тірлік істеп көрмепті» дейтін сөзді де осындай кезде енелер жиі айтып қалады.

Бірақ, біз бір нәрсені ескермейміз. «Қазақ қызын сыйлап, құрметтеп, төрден орын берген» дейміз де, сол ерке өскен, төрде отырып, құрмет пен қошеметке бөленіп келген қыз теңін тауып, тұрмысқа шыққанда «бір күнде барлық тірлікті істеп кетсе» дейміз. Қалай? Кешегі қыз, бүгін келін атанды. Ол үй тірлігін бірден игеріп кетуі мүмкін емес жағдай ғой. Осы орайда  қазақтың классик жазушысы Ғабит Мүсіреповтың айтқан даналығы бар. «Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады» дейді қаламгер.

Міне, бүгінгі енелердің ұқпай жүргені, қабылдағысы келмейтіні осы тәмсіл. Келінді ене тәрбиелейді. Үй шаруасына ене үйретеді. Олай болса «түк істей алмайды» деуге тіптен болмайды. Бұл сөзді айту енеге ұят. Себебі, оны ененің өзі үйретуі керек. Үйрете алмағанын өзінен көріп, өзі ұялғаны жөн.

Екі жастың бас қоса салып, ажырасып кетуінің де бірден бір себебі осы ене мен келін арасындағы араздық екенін ұмытпау керек.

Айкүміс Жолдасбайқызы,

Ардақты ана

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған