Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Облыс әкімі Ордабасыға оң баға берді

Облыс әкімі Ордабасыға оң баға берді

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Жасыратыны жоқ, кейбір аймақтарда кәсіпорындардың тынысы тарылып, тіршілігі тоқтап жатса, Ордабасыда жаңа өндіріс орындары ашылып, даму үстінде. Бұл жергілікті тұрғындардың да тұрмыс-тіршілігіне, әлеуметтік ахуалына оң әсер ететіні анық.

Өткен аптада тізгінін Бағлан Батыршаев ұстаған Ордабасы ауданына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы іссапармен ат басын бұрды. Облыс басшысының іссапары «QazGarden» серіктестігінің қарқынды бауын аралаудан басталды. Тамшылатып суғару технологиясын қолданып, 60 гектарға алма, шабдалы, өрік бауын өсіріп отырған кәсіпкер Мәди Есқараевтың жұмысын жоғары бағалады. Осы баудың басында бір топ тұрғынмен, шаруамен, кәсіпкерлермен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды батыл енгізу мәселесі сөз болды.

«Түркістан облысында барлық сала бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Экономика тұрақты. Біздің өңірдің басты артықшылығы — климатында. Ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Бір жылда 2-3 өнім алуға басымдық беру керек. Қазіргі таңда суды үнемдеу өте маңызды. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару технологиясын ендіріп жатырмыз. Бұл ауданда да соған басымдық берілуі тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси реформалар жүріп жатыр. Референдум өткізілді. Түркістан жұртшылығы өте белсенді қатысып, республикада көш бастады. Елге ең алдымен тыныштық, бірлік, жұмыс, қажет. Біз осы бағытта жұмыс атқарып жатырмыз. Ауданда мұнай өңдеу зауыты ашылады. Ол өңір экономикасына оң серпін береді», – деген Өмірзақ Шөкеев шаруаларды несиелендіру, аудандағы заманауи жеміс-жидек қоймасына тиісті қолдау көрсету және каналдарды жөндеу бағытындағы сұрақтарға жауап берді. Жауапты тұлғаларға шаруаларға несиені жылдам әрі уақтылы беруді тапсырды. Осы күні Ордабасы ауданының тауар өндірушілері мен шаруаларының өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы техникаларынан бастап, көкөніс, жеміс-жидек, бидай, ұн, балық, қымыз және өзге де өнімдер жұртшылық назарына ұсынылды.

Келесі кезекте Өмірзақ Естайұлы Темірландағы орталық алаңда тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныс-өтініштеріне құлақ түрді. Тұрғындар Бөген ауыл округі, Кемер ауылындағы мектепке оқушылар тасымалы, ал халқының көбеюіне байланысты Шұбар ауылына жолаушы тасымалын ұйымдастыру үшін автобус, Қарабастау елді мекеніне ауыз су құрылысын жүргізу қажет екенін айтты. Сонымен бірге Қараспанға медициналық ғимарат салу, газбен қамту, кәсіпорындар ашу, жайылым, каналдарды тазалау, Шұбарсу ауылына мектеп салу секілді ортақ өтініштерін жеткізді. Облыс әкімі Шұбарсуда биыл үш жекеменшік мектеп берілетінін, 2023 жылы да мектептер ашылатынын айтты. Сондай-ақ осы ауылды газбен қамту, инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Биылғы жаңа оқу жылына облыстық бюджеттен Ордабасы ауданына 15 жаңа автобус берілетін болады, соның ішінде Бөген ауылдық округіне бір автобус бөлінеді.

Еске сала кетсек, 2021 жылы ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,7 млрд, инвестиция көлемі 23,2 млрд теңгені құрады. Биыл ауданда «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 363,7 гектар жерде 109 жоба іске асырылып, бірінші өнім жиналуда. Ордабасы ауданындағы құрылыс жұмыстарының көлемі 8,7 млрд теңгені құрап, бір жылда 27 мың шаршы метр үй берілді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 12 елді мекенде 37 жоба іске асырылды. Төрткөл елді мекенінде спорт кешені салынды. 11 елді мекенде 77,1 шақырым болатын 36 көшеге асфальт төселді. 2 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 3 мектептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. 2021 жылы 6 елді мекенді ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстары жүріп, нәтижесінде Нұра, Кемер ауылдары ауыз су жүйелерімен қамтылды.

Ордабасы ауданында атқарылып жатқан жұмыстараға көңілі толған Өмірзақ Шөкеев мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Ж. Аршабаева,

Ұ.Тәшен, Ордабасы ауданы.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика