Қазақстан 2015 жылы мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенцияны ратификациялады. Сол арқылы олардың толыққанды өмір сүруін қамтамасыз етуге міндеттеме алды. Аудан әкімінің өкімімен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін паспорттау және бейімдеу жұмыстарын ұйымдастыру, объектілерді салу кезінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі өзге де топтарына қолжетімді орта құру жөніндегі жұмыс тобы құрылған-ды.
Еліміздің мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңында Мүгедектердiң әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiне кiрiп-шығуын қамтамасыз ету үшін жергiлiктi атқарушы органдарға, сонымен бірге кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар мен заңды тұлғаларға бірқатар жауапкершіліктер жүктейді. Атап айтқанда: 1. ұлттық стандарттарға сәйкес елдi мекендердi жобалау, салу және оларда құрылыс жүргізу, тұрғын аудандарды қалыптастыру, жаңадан игерiлетiн және реконструкцияланатын аумақтар мен басқа да елдi мекендердi абаттандыру кезiнде мүгедектердiң тұрғын, қоғамдық және өндiрiстiк ғимараттарға, құрылыс жайларға және үй-жайларға кiрiп-шығуын; 2. тұрғын үй құрылыстары шегiнде, сондай-ақ қызмет көрсету мекемелерi мен еңбек ету объектiлерi жанында орналасатын жеңiл автомобильдердi уақытша сақтауға арналған ашық тұрақтарды жобалау және салу кезiнде мүгедектердiң жеке автокөлiк құралдарына арналған орындарды; 3. сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттiк нормативтердi ескере отырып, автомобильдердi қоса алғанда, арнаулы жүрiп-тұру құралдарына apналған гараждар немесе тұрақтар салу үшiн мүгедектерге кезектен тыс орын берудi; 4. мүгедектерге қызмет көрсетуге бағдарланған мекемелер орналасқан жерлерде, сондай-ақ халық көп жүретiн жерлерде iлесе дыбыстайтын және жарық беретiн арнаулы бағдаршамдар, жол белгiлерiн және көрсеткiштер орнатуды, дыбыстайтын және жарық түсiретiн құрылғылармен жарақталған жаяу жүргiншiлер өтетiн жерлердi белгiлеудi қамтамасыз етуге тиiс.
Сонымен қатар, сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдар салынып жатқан нысандар мен кешендердің мониторингіне қатысуға мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін тартуға тиіс. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.
Аталған объектiлердi мүгедектердiң кiрiп-шығуына бейiмдеу мүмкiн болмаған жағдайларда, тиiстi жеке және заңды тұлғалар мүгедектердiң қажеттiлiктерiн барынша ескеретiн шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруы тиiс.
Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар тұлғалар артықшылыққа ие болады. Лауазымды адамдардың, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылымға, көлік инфрақұрылымына кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайларды қамтамасыз етпеуі әкімшілік жауаптылыққа тартуға әкеп соғады.
Жоғарыдағы заңға сәйкес меншік нысанына қарамастан ғимараттардың ережеге сай бейімделгенін немесе бейімделмегенін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті немесе осы комитетке бағынысты аумақтық департаменттері жүргізеді. Бейімдеу жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Орынша Қалшабекова,
Шардара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік
бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары.