Мемлекет болашағының жарқын болуы жастарға байланысты десек, сол жастардың бойына білім мен тәрбиені сіңіріп, патриоттық рухта тәрбиелеу ата-анамен бірге мектептің де басты мақсаты. Отанымыздың, қоғамымыздың келешектегі шын жанашыры да, арқа сүйері де осынау жас ұрпақ арасынан шықпақ. Демек, оларды лайықты ізбасар етіп тәрбиелеп шығару – көп еңбекті қажет етеді.
«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», – дейді Мағжан Жұмабаев. Сонда сол халықтың қаны мен жанын, рухын бойына сіңіреді. Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделі процесс. Жас шыбық иілуге қандай икемді болса, бала да тәрбиені қабылдауға сондай бейім. Осы орайда оқу мен тәрбиенің бірге дамуына көп септігін тигізетін отбасы екені белгілі.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. Жанұяда жақсы қасиеттер балаға сөзбен, үлкендердің үлгісімен сіңеді, дамиды. Отбасы өмір аясы десекте соңғы кездері қоғамның әлеуметтік мәселелері бала болашағына балта шабуда. Бұл дегеніміз балаға дұрыс көңіл бөлмеу, оның болашағына бей-жай қарау деген сөз. Ажырасу салдарынан қоғамда толық емес отбасы пайда болады, мінез-құлқында ауытқуы бар балалар саны артады, қылмыс көбейеді. Бұл қоғамға қосымша қиындықтар туғызады. Ата-ананың арасындағы келіспеушілікті көрген бала өзін сенімсіз және қорғанышсыз сезінеді. Балалық алаңдаушылық, үрей және невротикалық белгілер пайда болады.
Әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары психологиялық жағынан әлсіз болса, қоғамда өмір сүруде түрлі кедергілерге тап болуы мүмкін. Киім киісіне, тұрғын үйіне қанағаттанбағандықтан достары арасында оқшауланып, өзін төмен сезініп, соңы тұйықталған бала аутодеструктивті (өз өзіне қол салу) мінез-құлыққа душар болуы мүмкін. Екінші қырынан сараласақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары агрессивті мінез-құлыққа бейім болып келеді. Бала мұндай мінез-құлыққа қалай тап болды деген ой туындауы мүмкін. Кейбір балалар өзінде жоқ нәрсені өзгеден көрсе қызғанып, ашуланып, іштей өкпе-реніш туып, қалайда сол адамнан кегін қайтарғысы келіп тұрады. Бұл бала психологиясының бұзылғандығының белгісі. Отбасылар әртүрлі болады, сол себепті онда тәрбиеленген балалар да түрлі мінез иесіне айналады.
Отбасыдағы жылы қарым-қатынастың терең мәні бар. Ондай отбасы балалардан жылылық пен мейірімділік, рухани жақындық, қарапайымдылықты көруге болады. Дұрыс қарым-қатынас жасау жақсы көңіл-күйдің, психологиялық денсаулықтың, шығармашылық іс-әрекеттің негізі болып табылады. Деструктивті қарым-қатынас – «әр сағат сайын болмыстың бір бөлшегін алып кететін» қатынас. Отбасында қайырымдылық пен өзара түсіністіктің болмауы жатсынуға, ашуланшақтық пен тұйықтыққа әкеледі. Баланың мінезін дұрыс жаққа өзгерту үшін ең алдымен ата-ана өзін өзгертуі қажет. Мұны түсіну оңай емес.
Ата-аналардың отбасындағы тәрбие мәселесіне қатысты көзқарастарының бір болмауы бала тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Үйлесімді өмір сүріп отырған отбасы иелері балаларының тәрбиесіне көп көңіл аударады. Перзенттерін өздерінің ойларымен бөлісуге үйретеді, саяси мәселелерді, жаңа фильмдер мен кітаптарды бірлесе отырып талдайды, өздерінің сүйікті әндерін орындайды. Мұндай отбасы тар шеңбер аумағында қалып қоймайды. Кейбір отбасында баланың жеке басына көңіл бөлінбейді. Ата-ана оның ішкі дүниесіне, қандай нәрсе қызықтыратынына, мақсатына, уайымына, қоршаған ортаға қатынасына назар аудармайды. Мұндай ата-аналар баланың тәрбиеленуі мен жетілу процесін басқаруды дұрыс білмейді.
Бала тәрбиесі ата-аналарға өте жауапты міндетті жүктейді, ал ол міндеттердің көңілден шығуы ата-ананың әрбір үлгілі ісіне байланысты.
Ерман Ералиев,
«Ақалтын» мектебінің әлеуметтік педагогі,
Шардара ауданы