Отырарлық дәрігерлер сапалы қызмет көрсетуде

Отырар аудандық орталық ауруханасында осыдан екі жыл бұрын ашылған оңалту бөлімі қарқынды жұмыстар атқаруда. Бөлім меңгерушісі Мақсат Баянқұл бастаған білікті мамандар Сәлима Оразбай, Ақниет Есенаман, Амангелді Қалдар, Нұрболат Жанәбілов, Айжан Әбілова, сонымен бірге пост медбикелері мен тазалық сақтаушылар емделушілерге сапалы қызмет көрсетуде.

Оңалту бөлімі тәуліктік және күндізгі бөлімдер бойынша науқастар қабылдап, оларға неврология, балалар неврологиясы, пульмонология, травматология, ортопедия және жаттығу залы, массаж жасау секілді бейінді емдеу сауықтыру жұмыстарын жүргізеді. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Еркін Болатұлы Нұрлыхановтың ұйытқы болуымен ем алушыларға барлық жағдай жасалып, бөлім жаңа заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қимыл-қозғалысы бұзылған науқастар үшін арнайы спорт бөлмесі де қарастырылған.

Емдеу сауықтыру бөліміне ай сайын 40-тан астам науқас келіп ем қабылдаса, жылына 700-ге жуық науқас емханадан жоспарлы түрде тегін емделіп шығады. Оңалту бөлімі мамандарының айтуынша, күнде келіп ем қабылдаған науқастардың қимыл-қозғалыстары жақсарып, бір-екі айда нәтиже көрсете бастайды екен.

Жақында орталық тағы да екі аппаратпен толыққан. Оның бірі – электрофарез болса, екіншісі – магнитотерапия. Магнитотерапияны орталық және шеткі жүйке жүйесінің аурулары мен жарақаттары: омыртқа, жұлын жарақаттарында, жұлын ми қан айналымының бұзылуында, ми қан айналымының өткінші бұзылуларында, ишемиялық ми инсульттарында, остеохондрозда, невритте, шығу тегі әртүрлі полинейропатияларда, невралгияда, невроздарда, жүйке бұзылуында, сырқырап ауыруда қолданылады.

Науқасты дәрі ғана емдемейді, оның тез сауығуына қоршаған ортасының да атқаратын рөлі маңызды. Сол ортаға ақ халаттыларымыздың шырайлы жүзі, жақсы сөзі, тартымды тағам мен ұнамды күтім, көрікті палата жатады. Осылардың барлығын емдік құралға айналдырған бөлім қызметкерлерінің алдағы қызметтеріне сәттіліктер тілейміз.

Шолпан Дүтбаева.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған