Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков барлық ауылдарды аралап жүр. Ондағы мақсат – мемлекет басшысының тапсырмасына сай тұрғындармен кездесіп, олардың айтар ұсыныс-пікірлерін, сын-ескертпелерін тыңдау. Тыңдап қана қоймастан олардан нәтиже шығару. Бұл іске әкімнен басқа оның орынбасарлары мен бөлім басшылары да жұмылдырылған.
Өткен аптада аудан әкімінің тапсырмасына орай арнайы жұмысшы топ құрылып, Құрлық ауылындағы өзекті мәселелерді зерделеуге кірісті.
Аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев бастаған топ ауыл тұрғындарымен кездесіп, өзекті деп танылған бірнеше мәселені ортаға салды. Атап айтқанда, тұрғындар мәдениет үйін салуды сұраса, оған аудандық сәулет бөлімі алдағы уақытта жобалау жұмыстары әзірленетінін айтты. Кездесуде тұрғындар таза суға қатысты мәселені де көтерді. Аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Б.Бейсембаевтың айтуынша, мамандар әуелі бұрынғы су мұнарасының жанынан жаңа су қорын іздейді екен. Егер зерттеу жұмыстары оң нәтижесін берсе, сметасы дайындалады.
Батыс Қытай – Батыс Еуропа автожолынан Құрлық ауылындағы Б.Жұмабаев көшесіне дейінгі аралық қазір топырақ жол. Тұрғындар осы, яғни ұзындығы 750 метр жолға асфальт төсеп беру мәселесін де қозғады. Аталған жолға асфальт төсеу үшін 15,7 млн теңге қаражат қажет екен. Ауданнан келген жауапты мамандар бұл жолға жобалық-сметалық құжатты әзірлеп, қажетті қаражатқа сұрау салатындарын баяндады.
Құрлық ауылының тұрғындары бұдан басқа жайылымдық жер мен тұрғын үй салуға арналған жер учаскесіне қатысты көкейдегі сауалдарын қойды. Бүгінгі күні аудан бойынша 1900 адам жер алу кезегінде тұр екен. Сәті келгенде қоғамдық көлік тасымалымен қамтамасыз ету мәселесін де сұраған тұрғындарға бұл істің өзін өзі ақтамайтыны түсіндірілді. Алдағы уақытта халық саны артып, қажеттілік күшейген жағдайда мәселе тағы бір талқыға түсетіні айтылды. Ал әзірге такси қызметі ұтымды ұйымдастырылса, жолаушылар жолда қалмасы анық.
Н. БЕКМҰРТОВА.