«Қалауын тапса, қан жанар» демекші, ордабасылық шаруалар жерді құнарландыру мақсатында химиялық дәрі-дәрмектерді пайдалануды азайтып, табиғи құнарды тәжірибеде қолдануға ден қоюда. Олар «калифорниялық» шылаушын асырау арқылы биогомус тыңайтқышын алуға көшуде.
«Шылаушын өсірудің шығыны аз, кірісі мол, қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Керісінше пайдасы бар, – дейді Қараспан ауылдық округінің әкімі Нұржан Омаров. – Топыраққа да, өсімдікке де залалы келмейтін кәсіп түрімен Қараспан ауыл округіне қарасты Көлтоған ауылында өз қаражатымен кәсібін бастағандардың өніміне сұраныс артып тұр. Біздің ауылда жылыжай шаруашылығымен айналысатындар көп. Бүгінгі таңда 23 гектар жылыжай салынған. Сондықтан шылаушын өндіруге аудан басшысының өзі айрықша мән беріп отыр. Биогумус ешқандай шығынды қажет етпейді. Кез келген адамның қолынан келеді. Біздің ауылда мал да, егін шаруашылығы да бар. Мал бағатындар көңді шығарып тастау керек. Ол да қаржыны қажет етеді. Қала берді көң – қоқыс, төңіректі ластайды. Ал биогумус өндіруге көңнің пайдасы ерекше.
Осындай негіздерге байланысты аудан әкімі Бағлан Батыршаев ауылға келіп, тұрғындармен кездескенде табиғи тыңайтқышты өндіруді көбейтуді тапсырған болатын. Бағлан Дәнебекұлы шылаушын өсірудің пайдасы туралы айтқаннан кейін бірнеше адам қызығушылық танытты. Солардың арасында Низамиддин Исходжаев та бар. Низамиддин бауырымыз алғаш сынақ ретінде шылаушынды өзінің үйіргелік жеріне өсіруден бастады. Қазір дайын өнім бар. Әзірге оны өз егісіне пайдаланбақ, әрі қарай тиімділігі артып, сұраныс болып жатса жер көлемін кеңейтіп, сатуды қолға алмақшы. Оның бұл кәсіпті бастағанына небәрі 20 күндей-ақ болды. Нәтиже жаман емес. Бір отбасы жұмыспен қамтылып отыр. Ал Ұлбала Нұрпейісова апамыздың бұл кәсіппен айналысқанына 5-6 жыл болды. Низамиддин алғашында Ұ.Нұрпейісовадан кеңес алып жүрді. Енді өзі де өзгеге кеңес беретіндей тәжірибе жинап қалды».
Жалпы, Ордабасы ауданында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар аз емес. Бұл айтылып отырғандар басы, көпшілікке танылғандары ғана. Ал өз жұмысын жарнамалауды қажет етпейтін қарапайымдары қаншама? Осындай еңбектің арқасында танылған кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалса, ел экономикасының да одан әрі дами беретіні анық.
Н.БЕКМҰРАТОВА.