Төлеби ауданы қай жағынан алсаң да кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ. Табиғатының кереметтілігі сондай, шыбық шаншысаң шынар болып шығады. Туризмді дамытуға да өте қолайлы. Түркістан облысындағы демалыс орындарының басым бөлігінің осы ауданда орналасқаны сөзімізге дәлел.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданына жасаған сапары кезінде ауданның экономикалық әлеуетінің жоғары екеніне баға берді. Туризмді дамытудың жолдарын ұсынды. Төлебидің қымызын брендке айналдыру арқылы шетелдіктердің қазақстандық өнімге деген сұраныс пен сапасын арттыруға болатынын айтты. Ең бастысы, аудан инвестиция тартуға өте қолайлы.
Облыс әкімінің сөзін аудан басшысы да қуаттайды. «Төлеби ауданы Тәңір шарапатымен құт қонған, қыдыр дарыған, еліміздің қасиетті бір өлкесі, – дейді Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев. – Таулы аймақтың табиғаты да ерекше. Қысы жұмсақ, жазы ыстық, құрғақ болса, қаңтардың орташа температурасы –3–9с, шілде айында +24+26с. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері батысында 45 мм, шығысында 650 мм. Тауларда қоңыр, сұр, жазықта саздақты топырақ таралған. Дала өңірінде астық тұқымдас шөптер, ақселеу, жатаған, бидайық, беде, тау бөктерінде де көптеген жеміс ағаштары өседі. Аудан аумағында қасқыр, аю, барыс, арқар, таутеке, сілеусін, құстардан – бүркіт, ителгі, кекілік, ұлар мекендейді. Аудан жерімен Ақсу, Сайрамсу, Бадам, өзендері ағып өтеді.
Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауы арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне – Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болып табылады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Табиғат аясында тынығушылар саны жыл санап артып келеді. Ауданның табиғи ерекшелігіне орай туризм кластерін дамытуға өте ыңғайлы. Осы салада аудан аумағында жалпы 139 туристік нысан жұмыс істейді. Олар 1 шаңғы базасы, 2 емдік-сауықтыру орны – «Біркөлік» санаториясы және «Ақкен» саумалмен емдеу орталығы, 72 демалыс аймағы және 64 саяжай.
Былтырғы жылы аудандағы демалыс орындарына 46462 турист келді. Жалпы, туризм саласына 237 млн. теңге инвестиция тартылып, 28 жұмыс орны ашылды. Атап айтар болсақ, Қасқасу ауылдық округіндегі құны 187 млн. теңгені құрайтын «Top resort» демалыс орны былтыр мамыр айында іске қосылды. Кешен тәулігіне 50 адамды қабылдайды. Ал, Қоғалы ауылдық округіндегі құны 50 млн. теңгені құрайтын жеке кәсіпкер Н.Әбілдабековтің 23 төсек-орынды саумалмен емдеу орталығы шілде айында ашылды.
Бұған қоса, жуырда Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер Э.Еспенбетова «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы мен «Кәсіпкерлік қырандары» жобасы арқылы қаржыландыру нәтижесінде саумалмен сауықтыру кешенін іске қосты. «Дихан Тау» саумалы сауықтыру орталығының жоба құны 57 миллион теңгені құрады. Кешен бір мезгілде 25 отбасын қабылдай алады.
Қасқасу ауылының Сарыбұлақ шатқалындағы Ақмойнақ тауының бөктерінде «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің инженерлік-коммуникациялық жүйелерінің құрылысын жүргізуге 1,7 млрд. теңге қаралды. Кешен іске қосылған уақытта қоңыр күзден көктемнің ортасына дейін шаңғы тебуге мүмкіндік тумақ. Жазда тау баурайындағы демалыс аймақтары туристерге қызмет көрсетеді. Демек, Қасқасуда жылдың барлық мезгілінде демалуға мүмкіндік ашылады».
Иә, Тәңірдің өзі сыйға тартқан тамаша табиғатты төлебиліктер осылайша тиімді пайдалануда. Ауданда туризм саласын дамыту мүмкіндіктері әлі де мол.