Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Әжетхана әдебі

Әжетхана әдебі

жалаңбас кірме

Бірде төрт шадиярдың бірі — Әбубәкір дәретханаға кірсе, бұрышта қолында құрығы бар Ібіліс отыр екен. Әбубәкір:

— Ей, малғұн, мұнда неғып отырсың? — деп сұрайды. Ібіліс:

— Білмеуші ме едің? Алламен араздасқанда маған баспана етіп дәретхананы берген. Мен өзімнің үйімде отырмын, — деп жауап береді.

— Қолыңдағы құрық не үшін?

— Кім дәретханаға жалаңбас кірсе, соның ақылын ұрлаймын. Ондайлардың ойы таяз, танымы қисық болады. Ақылы азайғандардың мал табуға икемдігі болмайды. Есесіне Кұдаймен ісі болмайды. Олардың өлгенше иманын толықтыруға осының бәрі кедергі болар, — депті.

Осы оқиғадан соң Әбубәкір дәретханаға жалаңбас кірмеу жөнінде ел арасында үгіт-насихат жүргізіпті деседі.

кірерде дыбыста

Тағы бір аңызда Әзіреті Әли дәретханада жүрген Ібілісті ұстап алыпты.

— Мұнда не істеп жүрсің, ей, малғұн? — деп қылғындырады. Ібіліс:

— Алла дәретхана мен моншаны менің үйім етіп берген. Осында қоныстанамын, — дейді. Әзіреті Әли:

— Бұдан былай мен келе жатқанда дәретханада отырмайтын бол. Әйтпесе, шауып түсемін, — дейді зұлпықарын көрсетіп.

— Мақұл. Тек бір шартым бар, — дейді малғұн.

— Айт, — дейді.

— Сен келе жатқанда дыбыс бер. Мен сонны естіген бойда жоқ болайын, — дейді. Әзіреті Әли шайтанды босатады. Содан бастап Әзіреті Әли дәретханаға кірер алдында жөткірініп дыбыс береді екен.

Осы оқиғадан соң үйге, моншаға, дәретханаға кірерде дыбыс беретін әдеп пайда болыпты. Жөткірінгенде шайтандар «Әзіреті Әли келе жатыр» деп қашады деген сенім бар.

сөйлеме

Пайғамбар заманында біржігіттің әжетханада отырғанда сырттағы кісімен сөйлесе беретін жаман әдеті бар екен. Мұны байқаған әкесі:

— Ұлым, дәретте отырғанда сөйлейтініңді байқадым. Мұның — теріс дағды, – дейді.

  • Онда тұрған не бар, әке? — дейді.

— Әрбір сөзді жазып алатын екі иығыңда екі періште отыр. Оның атын кітапта «Кироман-Катибин» дейді. Періштелер — өте пәк жаратылыс. Адам әжетханаға кіргенде олар лас жерге кірмей тыста тұрады. Сен әжетханада сөйлесең, періштелер сөздерді жазу үшін амалсыз шайтанның үйіне кіруге мәжбүр болады. Бұл — Құдайға ұнамайтын қылық, — деді әкесі.

Бала жаман әдетінен тыйылыпты. «Әжетханада сөйлеуге болмайды» деген тыйым осылай қалыптасқан екен.

түкірме

Шайқы Бұрқы бірде Ібілісті көріп қалады.

— Әй, малғүн! — дейді оған дауыстап, — осы сен адамды азғыруыңды қашан тоқтатасың?

— Мен оны өлгенше азғыра беремін, әлсіздердің иманын алмай қоймаймын. Мен үшін ең қолайлы сәт — өлім сәті, — депті. Шайқы Бұрқы:

— Не үшін олай дедің?

— Пенденің ақтық демі тақағанда оны шөл қысады. Бірақ, қасындағы ет-бауыр жақындары науқастың бұл халінен бейхабар болады. Сол кезде иманды ұрлауға мен келемін. Бір тамшы суға зәру болып, қаталап жатқан бейшараға кесе толы суды көрсетемін. «Алла жоқ, пайғамбар жалған» деп айтсаң мына суды беремін», — деп алдаймын. Егер оның сенімі әлсіз болса, менің дегеніме көнеді. Иманын бір кесе суға айырбастайды.

— Малғүн, бір кесе таза суды саған кім береді? — деп сұрайды.

— Менде таза су жоқ. Кеседегі су — оның өмір бойы әжетханаға түкірген өз түкірігі. Әжетхана менің үйім болғандықтан, мен оның бәрін жинап сақтаймын. Иманын сатқан сәтте түкірігін бетіне шашып жіберемін, — депті шайтан.

Шайқы Бұрқының тұла бойы түршігіп кетеді. Содан бастап «әжетхана ішінде түкіруге болмайды» деген тыйым қалыпты.

«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық хрестоматиясынан.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика