Ауыл ахуалын көтеру, тұрмысын түзеу мақсатында мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жасалып, жүзеге асырылуда. Аграрлық саламен қатар кәсіпкерліктің де «тамырына қан жүгіргенін» ауылдарға барғанда байқауға болады. Қазір көптеген шалғай елді мекендердің өзіне табиғи га тартылып, ауыл тұрғындары көмір жағып, күл шығарудан құтылған. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде ауылда тұрып та қалалықтардың тұрмысын кешуге жағдай жасалуда. Бүгінгі ауылдың шынайы тұрмыс-тіршілігіне көз жеткізу мақсатында Ордабасы ауданы Бөжар ауылдық округінің әкімі Серғали Құрымбековты әңгімеге тарттық.
– Серғали Асанұлы, округ тынысын қысқаша таныстырып өтсеңіз…
– Бөржар ауылдық округінің жалпы жер көлемі 58666 гектар. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 52245 гектар жердің 2014 гектары суармалы, 19276 гектары егістік. Жайылымдық жер 30955 гектарды құрайды. Округтегі 8 елді мекенде 1 831 түтін бар. Тұрғындар саны 12227. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіш бойынша ірі қара саны 10423, уақ мал – 67231, жылқы – 4030, құс – 27 493 басты құрады.
– Қазір ауылдың өз бюджеті бар, бұл сіздер үшін қаншалықты тиімді болып жатыр?
– Бөржар ауыл округі әкімі аппаратына 2022 жылға бюджеттен 56 млн 047 мың теңге қаралса, жылдың алғашқы тоқсанында жоспарланған 14 млн 358 мың теңге толығымен игерілді. Жылдық салық жинау жоспары 29 млн 894 теңге болып белгіленге. Алғашқы үш айда жоспарланған 5 млн 724 мың теңгенің орнына 7 млн 722 мың теңге жиналды.
– Ауылға инвестиция тарту оңай шаруа емес, дегенмен осы бағытта да жұмыс атқарылып жатқан болар?
– Округ бойынша инвестициялық жоспар 970 млн теңге. Бүгінде жеке кәсіпкер Ғалымжан Дүйсенбаевтың инвестициялық құны 60 млн теңге болатын мал бордақылау алаңының, сонымен қатар, кәсіпкер Динара Сұлтанованың инвестициялық құны 140 млн теңгелік полиэтиленді құбыр өндіретін цех құжаттары рәсімделуде. Пернебай Жанысбаевтың ұйымдастыруымен Қайнар ауылында жеке меншік «Дулат» негізгі орта мектебі ашылып, 170 бала тәрбие алуда. Сонымен қатар «Қазақ ет» серіктестігі 100 гектар жерге тамшылатып суғару әдісімен павловния ағашын егу жұмыстарын жүргізуде. Қыркүйек айында инвестициялық құны 500 млн теңге болатын жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда «Рыс» ӨК 25 млн теңгеге тауық жұмыртқасын өндіру, ЖК «Нұрислам» 26 млн теңгеге етті бағытта тауық етін өндіру жұмыстарын жүргізді. Жоспар жыл соңына дейін толық орындалады деген ойдамыз.
– Ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Жергілікті тұрғындардың айналысатын негізгі саласы – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде егін және мал шаруашылығына басымдық береді. «Агроөнеркәсіп кешенінің 2021-2022 жылдарға арналған даму бағдарламасы» аясында 8160 гектар егістік жер игерілді. Жылыжай құрылысын ұлғайту тапсырмасы толығымен орындалады. Тамшылатып суғару әдісін 115 гектарға енгізу жоспарланса, әзірге орындалғаны 100 гектар. Жыл соңына дейін жоспар артығымен орындалады деген сенім бар. Қарқынды бау шаруашылығын 23 гектарға ұлғайту жоспарланып, ол тапсырма да 100 пайыз орындалды. Жаңбырлатып суғару әдісін ұлғайтуға жоспарланған 50 гектардың бүгінгі таңда 29 гектары орындалды.
Жұмыртқа өндірісін ұлғайту жоспары 2 млн 718 мың дана болатын, «Рыс» ӨК қазіргі таңда күніне орта есеппен 4 мың дана жұмыртқа өндіруде. Құс етін өндіру жоспары 2 мың тонна. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады. Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту тапсырмасы – 10 дана болса, бүгінде «Достық-1» серіктестігі 2 «Беларус» тракторын сатып алды.
– Ағын су мәселесін толық шешіп алмай аграрлы саладан нәтиже күту қиын. Диқандарға «тіршілік нәрі» жеткілікті ме?
– Округ аумағында ұзындығы 71,4 шақырымды құрайтын алты канал бар. Каналдармен іргелес жатқан жердің көлемі 2014 гектарға жетеді. Алпар, Мұсабек каналдары «Қазсушар» РМК-ның, ал Тұрсынай каналы коммуналдық меншікте болса, қалған үш канал – Ықыластемір, Тоқболат, Теспе жекенің қолында. Барлығы да өз деңгейінде жұмыс істеуде.
– Мемлекет басшысының Жолдауларында айрықша аталып өткен өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласындай қандай сәтті қадамдар бар?
– Бөржар ауылдық округі бойынша шағын және орта кәсіпкерліктегі кәсіпорындар саны 713-ке жетеді. Оның ішінде заңды тұлға – 99, жеке кәсіпкерлер – 334 және шаруа қожалықтар – 284. Жоғарыда аталған бес өндіріс орындарының өзі 52 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта да ашылғалы отырған нысандар бар. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер «Нұрислам» тауық етін өндіру мақсатында шағын құс фермасын ашуда. Ұялыжар ауылында орналасқан «Алмалы Сай Агро» серіктестігінің кірпіш өндіру зауыты биылғы жылы іске қосылып, 15 адамды жұмыспен қамтитын болады. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер А.Ендібай Темірлан-Шымкент тас жолы бойында сервистік қызмет көрсету бағытын дамытуды қолға алды.
– Сұхбат барысында әлеуметтік саланы қозғамай кеткеніміз жарамас, бұл салада нендей жұмыстар атқарылуда?
– «Атаулы әлеуметтік көмек» жобасы бойынша шартсыз 10 отбасыға, 51 адамға 2 248 515 теңге, шартты 51 отбасыға, 239 адамға 7 218 762 теңге тағайындалды. Қамқорлық бағдарламасымен көмек көрсетілетін 9 отбасы бар. Жалпы округтегі жұмыссыздар саны – 86, жұмыссыздыққа тіркелгендер саны – 69. Жастар практикасымен 6, әлеуметтік жұмыс орнына 9 адамға жолдама беріліп, 16-сы жұмысқа орналасты.
Қалаш елді мекеніне арнайы іссапар барысында көтерілген атаулы әлеуметтік көмек, жеңілдетілген несие жән грант мәселесі бойынша мамандар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. АӘК бойынша бір отбасының құжаты қабылданып, екі отбасының құжаттары дайындалуда. Ынтымақ ауылынан тұрғын үй салуға жер телімін сұраған Қалаш ауылының тұрғындарына инфрақұрылым мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл мәселелер жыл соңына дейін шешімін табады.
– Коммуналдық салада атап өтер қандай жаңалықтар бар?
– Орталық көшелерді жарықтандыру мақсатында бюджеттен 45472 мың теңге қаралып, Жамбыл елді мекеніне 110 дана, 38752 мың теңгеге Бірлік елдімекеніне 93 дана көше жарығы орнатылды. Осындай жұмыстар демеушілер есебінен Қайнар ауылындағы Жаманқараев, Мәмедова, М.Әуезов көшелеріне, Ұялыжар ауылының Ж.Маханбетов, С.Ысқақ, Т.Сихымбаев М.Әуезов көшелеріне және Жамбыл ауылындағы Ж.Алғыбайұлы көшесіне, жалпы ұзындығы 4,5 шақырым жолға көше жарықтандырылды. Демеушілер есебінен асфальт және тас төсеу жұмыстары да іске асуда. Атап айтсам, 34546 мың теңгеге Ұялыжар елді мекенінің Ш.Уалиханов, Б.Сатбайұлы және Қ.Сатбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ықыластемір және Теспе ауылдарын жалғайтын ұзындығы 1-шақырым жолға асфальт жабындысы төселді. Ұзындығы 1500 метр болатын Жамбыл ауылы Жеңіс-1, Жеңіс-2 және Теріс арық көшелеріне тас төселді.
Көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында 24 сенбілік өткізіліп, 1100 түп ағаш көшеттері қондырылды. Қайнар ауылындағы ретсіз күл-қоқыстар демеушілер есебінен тазартылды. Сонымен қатар, Ұялыжар ауылындағы Ж.Маханбетов көшесіне жергілікті тұрғындардың демеушілігімен балалар ойын алаңшасы жасалуда.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Атқарылуы көзделген жоспарларымыз аз емес. Айталық, Ықыластемір елді мекені М.Маметова көшесіне ұзындығы 1,8 шақырым және Ынтымақ елді мекенінің орталығы Ордабасы көшесіне ұзындығы 1,5 шақырым көшеге жарық бағаналары орнатылып, іске қосылатын болады. Демеушілер есебінен Ықыластемір ауылындағы жалпы ұзындығы 1600 метр болатын Жастар және Төлеби көшелеріне, Қайнар ауылындағы ұзындығы 300 метр Шөлдік-2 және Ынтымақ ауылындағы ұзындығы 400 метр болатын Жаңа қоныс көшесіне тас төселмек. Сондай-ақ, Теспе елді мекенінің ұзындығы 4 шақырымды құрайтын ішкі көшелеріне асфальт төселеді. Ал, Қайнар ауылындағы ұзындығы 1,4 шақырым Қажымұхан атындағы көше мен Жамбыл елді мекеніндегі ұзындығы 1,3 шақырым Саға көшесін асфальттау үшін жобалық сметалық құжат дайындалып, қазынадан қаржы қарау ұсынылды.
Ұялыжар елді мекенінің Т.Кемелбеков, Ш.Тайтелиев және Сәтбай Болыс көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілмек. Бірлік елді мекеніндегі мектепке барар жолдың орташа жөндеуге 14 млн. 632 мың, Ықыластемір елді мекеніндегі ұзындығы 2,1 шақырым А.Құнанбаев көшесін орташа жөндеуге 45 млн теңге қаралуда. Бірлік елді мекеніндегі ұзындығы 1 шақырым Валиев көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Құрылыс саласына да жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп отыр. Қайнар елді мекені Жаманғараев көшесінде орналасқан ескі «Қайнар» ДА ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 38 млн теңге қаралып, мәдениет және түрлі үйірме орталығы болып ел игілігіне пайдалануға берілмек. Қайнардағы Ғ.Мұратбаев көшесінен бос жер телімі анықталып, онда заманауи үлгідегі жаздық спорт алаңшасы салынбақ. Ол үшін қазынадан 21 млн теңге бөлінбек. Мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
– Серғали Асанұлы, сұхбатыңыз үшін рахмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан Ұ. ТӘМЕНОВ.