Шымкентті мегаполис ретінде дамыту мақсатында шаһармен шекаралас бірнеше елді мекендерді қала аумағына қосқанын білеміз. Содан кейін бірін-бірі қайталайтын көше атаулары көбейіп кетті. Бұл халықты шатастырып, келген қонақтың адасуы, жедел жәрдем шақыруда түсінбеушілік орын алуда.
Мысалы, Тәуке хан, Тәуелсіздік, Қазақстан деген көше аттары жиі кездеседі. Себебі, кейін қосылған ауылдарда да осы атауды иеленген көшелер бар. «Қайтпас», «Қайтпас-1», «Самал», «Самал-1,2», «Тұран-1», «Тұран-2» деген атаулардың да өзіндік кедергісі көп. Соңғы кезде «Нұрсәттің» өзі бірнеше нөмірге бөлініп кетіпті. «Нұрсәт-1», «Нұрсәт-2» дегендерді автобусқа мінсек те, ресми органдардан құжат алғанда да жиі естіп, көріп жүрміз. Мекен жай көрсетілетін ресми карталарға да осылай жазылып жүр. Енді осыған Сайрам деген атау да қосылды. Шымкент қаласында бұрыннан «Сайрам» шағынауданы бар. Бұл да түрлі шатасуларға себеп болуда. Сол сияқты мектеп атаулары да қайталануда. Жаңылмасам, қазір қалада Ы. Алтынсарин, Абай, Хамза, Д.Нұрпейісова, Б.Момышұлы атымен аталатын бірнеше мектептер бар. Меніңше тұрғындарды шатастыра бермей осы бір келеңсіздікті реттеу керек сияқты.
Қазіргі таңда қаланың Бас жоспары жасалып, бекіткелі жатыр. Сол құжатты бекітерде осындай кемшіліктер ескерілсе екен.
Нұрғиса Алдажаров,
қала тұрғыны.