Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев кезекті еңбек демалысына кетер алдында Отырар ауданына барды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай аудандарды аралауды бастаған Өмірзақ Естайұлының отырарлық тұрғындармен кездесуі ашық, еркін форматта өтті.
Сондай-ақ, облыс басшысы мемлекеттік бағдарлама арқылы «Атамекен» ҰКП-ында бұған дейін «Бастау-Бизнес» жобасын оқып, қаражат алып, кәсіп ашқан отырарлық жас кәсіпкерлер көрмесімен танысты. Олар ауданда қымыз, көкөніс, көрпе – төсек, қыш құмыра, темір, тігін шеберханасы, керамика өнімдерін жасау, бөдене шаруашылығын дамытуды қолға алған.
Жергілікті кәсіпкерлерге қазақстандық өнімнің сапасын арттыруды отырарлықтардан үйренуге шақырған өңір басшысы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін Үкімет тарапынан көмектер берілетінін сөз етті.
Облыс әкімі жаңа кәсіп ашқан азаматтардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, креативті экономика, жаңа бизнес идеялардың туындап, үлкен бизнеске айналуы тұрғысында мазмұнды ойларымен бөлісіп, отырарлық кәсіпкерлердің істеріне сәттілік тіледі.