«Түркістан облысы халқын «кедей» деу дұрыс емес». Осылай деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыста атқарылып жатқан жұмыстар жайында журналистермен Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Маусым айының басында Ұлттық статистика бюросы өңірлер бойынша 2021 жылдағы орташа жалақы туралы мәлімет ұсынған болатын. Оған сәйкес, ең төмен айлық (195,3 мың теңге) берілетін өңірлер қатарында Түркістан облысы бары айтылды. Бұл уәжге облыс әкімі былай деді:
– Біздің облыста халық көп, 2 миллионнан асады. Көпбалалы аналардың үштен бірі – Түркістан облысында. Сондықтан адам басына шаққанда табыс аз болып көрінеді. Бұлай баға беру – әділсіздік. Сондықтан Түркістан өңірінің халқын «кедей» деп айтуды қолдамаймын. Тағы бір мәселе, Түркістан облысы Шымкенттен бөлініп шыққан соң, тек ауылшаруашылығы саласына бейім облыс болып қалды. Ондағы табыс, өндіріс пен кәсіпкерліктен біршама төмен. Бірақтан біз өндірісті дамытып жатырмыз, қуып жетеміз, – деді Ө.Естайұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі өңірдегі қант тапшылығына қатысты да ақпарат берді. «Статистикалық мәліметте қант бағасы 450 теңге деп тұрса да, қара базарда 740 теңгеден сатылуда. Ал әлеуметтік дүкендерде 350 теңгеден саудаланып жатыр. Жақын күндері 3 вагон қант келеді. Қазір қанттың 20 күндік қоры бар», – деді облыс әкімі.