Ауылымыз Сүткент аудан орталығынан шалғай орналасқанымен бірқатар әлеуметтік –тұрмыстық мәселелер оңды шешімін тапқан. Табиғи газ тартылған, жаңадан саябақ ашылды. Әрине, шешімін күткен мәселелер де жоқ деп айта алмаймыз. «Жас келсе – іске» дегендей, жуырда өткен әкім сайлауында халықтың басым дауысына ие болған Қайрат Кенбай өзіне сеніп тапсырылған қызметке білек сыбана кірісіп кетті.
Қайрат Рақымжанұлы «Қазақстанның басты капиталы – жастар» деген ұстанымды негізгі бағытының бірі етіп алса керек, бірден мектеп тіршілігіне назар аударды. Ауыл мұғалімдерін еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордасы ұстаздарымен кездестіріп, ой-пікір, тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент қаласындағы НЗМ, БИЛ, Кембридж лайн мектептеріне бір күндік іссапар ұйымдастырды. Іс-шара мұқият жоспарланған екен. Әуелі Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне барып, тыныс-тіршілігімен таныстық. Мектеп ұстазы Айнұр Мәуленова апай өте мәдениетті, сөзге шешен, өз ісіне мығым маман екен. Мектептің қашан, қандай мақсатта ашылғаны, қаржыландыру жүйесі қалай жүзеге асырылатыны жайында жан-жақты ақпарат берді. Әлемдік деңгейдегі мектептер үлгісімен, яғни оқу-тәрбие бағытын қатар жүзеге асыру мақсатын көздей салынған білім ошағының ішкі безендірілуі, кабинеттердің жабдықталуы, акт, спорт залдары, жатақханасы, асханасы, сабақтан тыс уақытта оқушылардың сүйікті ісімен айналысуға арналған демалыс бөлмелері жоғары талғаммен жасақталған екен. Кереметтей би залы, оқушылардың логикалық танымын арттыратын ойын залдары, адалдық дүкендері, ой еңбегін дене еңбегімен ұштастыруға арналған мектеп жанындағы жылыжай бізді айрықша қызықтырды.
Келесі кезекте табан тіреген Шымкенттегі №1 ұлдарға арналған Білім Инновация лицей ұжымының (БИЛ) оқу-тәрбие бағытындағы тәжірибелері өте қатты ұнады. Ерекше таңқалдырған жайт – лицей ата-аналарының белсенділігі мен ұйымшылдығы болды. Бірден байқағанымыз, лицейде «ұстаз – оқушы – ата-ана байланысы» жақсы жолға қойылған екен. Бізді осы ата-аналар қарсы алып, түскі ас ұйымдастырды. Одан кейін ұстаздар мен ата-аналар оқу залына жиналып, өз жұмыстары жайында, мектеп ұстанатын 18 қағида, жалпы оқу, тәртіп, тәрбие төңірегінде егжей -тегжейлі түсіндіріп өтті. Бізден барған мұғалімдердің әрбір сауалына тыңғылықты жауап, толық мағлұмат берді. Әрине, осыған ұқсас оқу-тәрбие жұмыстары біздің мектепте де жүргізілуде, бірақ бұл лицейдегі ата-аналар қауымдастығының ерекше белсенділігі, мектеп ұжымымен арадағы тығыз байланысы оқу-тәрбие ісіне айтарлықтай оң үлес қосып жүргеніне көз жеткіздік. Білім ордасы жанынан құрылған әкелер мектебі, аналар академиясының жұмысынан үйренеріміз көп екен. Әр сынып оқушыларының ата-аналары дәстүрлі жағдайда түрлі тақырыптағы тәрбиелік іс-шаралар, спорттық жарыстар ұйымдастырып, өзара тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатыпты. Ата-аналар арасындағы осындай ұйымшылдық пен достық қарым-қатынас бір сыныпта оқитын ұлдардың да бір-бірімен тез тіл табысып, достық байланысты қалыптастыруға себеп болуда.
Аналар академиясына тәжірибелі, өте білімді ата-ана Жанат Серікқызы жетекшілік етеді. Ол біздерді аналар академиясының жұмыс жоспарымен, осы кезге дейін атқарған іс-шаралармен таныстырып, оқу-тәрбие жұмысында жоғары сапаға жету жолында «ата-ана- ұстаз-оқушы» үштігінің қаншалықты маңызды екенін нақты дәлелдер келтіре отырып түсіндірді. Дәл осы секілді тығыз байланыс тек мектеп ішінде ғана емес, республикадағы өзге лицейлермен де орнатылған екен. Біз осы ұжымда қонақта болған күні көкшетаулық БИЛ ата-аналарының да біз секілді лицей өмірімен танысып жүргені осы сөзімізге нақты дәлел бола алады. Лицейлер тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – мұнда еңбек ететін ұстаздар 5- 6 жылда елдің өзге өңірлеріндегі осындай мектептеріне жұмыс ауыстырып тұратыны. Ондағы мақсат – мұғалімдердің бір ұжымға әбден үйренісіп, белсенділігінің төмендеуіне, босаңсуына жол бермеу екен. Мектептің жабдықталуы, тәртібі, ұстаздарының қарапайымдылығы мен білімділігі бізге өте ұнады.
Түс ауа Нұрсәт мөлтекауданында орналасқан Кембридж лайн мектебіне келдік. Бізді мектеп директоры Фатих Тосунның өзі бастап қарсы алды. 3 жыл бұрын ашылған ақылы мектеп заманауи үлгіде жабдықталған. 2021-2022 оқу жылын 376 оқушы аяқтапты. Білім сапасын арттыру бағытында жасалған жұмыстары жоғары деңгейде.
«Жақсыны көрмекке» дегендей, ауыл әкімі Қайрат Рақымжанұлының бастамасымен білім саласындағы озық тәжірибені көріп, санаға көп ой түйіп қайттық. Енді мектебімізді қажетті жетілдірілген құралдармен жабдықтауда ауыл халқы сенім артқан азамат қолынан келер көмегін барынша көрсетіп, ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы айырмашылықты азайтуға атсалысады деген сенімдеміз. Ал, біздер, ұстаздар ұжымы балаларға барынша сапалы білім, саналы тәрбие беруге барымызды салатын боламыз.
Гүлмира Узденова, Сүткент жалпы орта мектебі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Дәметкен Махабаева, тарих пәнінің мұғалімі,
Шардара ауданы.