Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Жемқорлық – індет

Жемқорлық – індет

Онымен күрес – ортақ міндет        

Кез – келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі. Жемқорлық мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кесел. Бұл дамушы елдердегідей, біздің мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіруде. Сондықтан да Мемлекет саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Ал, енді бүгінгі заманда сыбайлас жемқорлықтың таралуына елдегі әлеуметтік ахуалдың әлі де төмендігі, билік құрылымдарының жауапсыз іс-әрекеттері, осы саладағы тиісті заңнаманың өз деңгейінде орындалмауы, тұрғындардың құқықтық санасы мен білімінің төмен болуы, сот жүйесіндегі әділетсіздіктер және тағы басқа да көптеген себептер дәлел. Әсіресе, көпшіліктің сыбайлас жемқорлық көріністеріне көз жұмып қарауымен пара берушілікке бой алдыруы үрдіске айналғаны рас. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі, жеке басының қамын ойлауы парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Парақорлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына себеп болады. Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін дерт емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке бүкіл қоғам болып ат салысып, қарсы тұрып, жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. Әрбір азамат еліміздің Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние-байлық неге керек, денсаулығың болмаса, Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз сот саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлердің де бағдары іспеттес.

Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз. Жалпы, қоғамдағы қандай да болсын келеңсіздіктің  алдын алуды әрбір азамат өзінен бастаған жөн деп есептеймін.

Қалипа Кемелова,

«Отырар мемлекеттік археологиялық музей – қорығы» РМҚК

аға ғылыми қызметкері.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика