Ғасырлар бұрын халқының болашағын ойлаған қазақтың үш биі Ордабасы тауында бас қосқаны тарихтан белгілі. Ал өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Орта Азияның тыныштығы мен болашағын ойлаған Қазақ, Өзбек, Қырғыз мемлекеттерінің Президенттері де осы Ордабасыда бас біріктіруі тегін емес-ті. Осындай киелі аймақ осы кезге дейін өз биігінен төмендеген емес. Біз осы ауданның аумағындағы Шұбар ауылдық округінің әкімі Ардақ Талдыбаевты әңгімеге тартқан едік.
«Ауылдық округтің жер көлемі 17181 гектар болса, оның 11258 гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, – дейді ауыл әкімі Ардақ Саханұлы. – Округке қарасты алты елді мекендегі 1401 түтінде 11126 тұрғын бар. Олар негізінен ауыл шаруашылық саласымен, оның ішінде егін және мал шаруашылығымен айналысады. «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасы аясында 2022 жылдың басында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімімен үш жақты келісім шарт түзіліп, осы құжатта көрсетілген тапсырмаларды орындаудамыз. Шұбар ауыл округінде Шұбар-Қайшылы, Қозыке, Ақтұмсық, Бағлан, Балпан және Аққойлы деп аталатын алты канал бар. Соңғы аталған үш каналдың бас тоспаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Бағлан каналының 1,5 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді.
Соңғы кездері жайылымдық жер мәселесі күрделеніп барады. Осыған байланысты өткен жылы аудан әкімдігі және аудандық прокуратурамен бірлесіп, елді мекендердің іргесінде орналасқан ірі көлемдегі жайылымдықтарды ауданның арнайы жер қорына қайтарып, ортақ жайылым есебінде бекіту жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 1257,16 гектар жер телімі қайтарылды. 2022 жылдың алты айында ортақ жайылымға қайтару үшін 855,5 гектар жер телімі анықталып, аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөліміне ұсынылды.
Ауылда мал басының артқаны байқалады. Осыған байланысты ветеринар мамандарға деген сұраныс та артуда. Бүгінгі таңда Шұбар ауыл округінде 10 мал дәрігері елге қызмет етеді. Олар «Нива» автокөлігі және қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Биыл бруцеллезге, сібір жарасына қарсы вакциналар бөлініп, егу жұмыстары жүргізілді. Көктем айларында қырым қанды қызбасына қарсы елді мекендердегі 120 636 шаршы метр аула мен мал қора, 71900 шаршы метр суаттар мен мал иірімдері залалсыздандырылды. 7206 бас ірі қара және 31781 бас уақ мал бүркіліп, тоғытылды. Кене шаққандар жоқ. Ит тістеген 25 адамның барлығы дәрігерлердің қарауына, күдікті ит бақылауға алынды.
Үкіметтің бүгінгі басты талабының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып отыр. Осы салаға қатысты жұмыстарға тоқталар болсам, округте 38 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Атап айтсақ, олардың 29-ы дүкен, 2-уі дәріхана, 2-уі дәмхана және бір-біреуден наубайхана, желімдеу орны, монша, көлік жуу орны, әсемдік салоны халыққа қызмет көрсетуде. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының бірінші, яғни кепілсіз несие игеру бағыты бойынша 12 жоба игерілу жоспарланса, қазіргі таңда ұсынылған 3 жоба 8,1 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Округтегі 87,2 шақырым автомобиль жолының 14,5 шақырымы республикалық, 18,6 шақырымы облыстық маңызы бар. Ал 51,8 шақырымды құрайтын аудандық және ауыл ішілік маңыздағы 63 көшенің 29,5 шақырымы асфальтталған, 22,3 шақырымы тас жол. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгеріміндегі КХ-63 «Бадам-Шұбар-Аққойлы-Қызыләскер-Қарабұлақ-Түлкібас» тас жолының 36 шақырымы облыстық салалық басқарма тарапынан орташа жөндеуден өткізілуде. Сонымен қатар, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан осы жылы Шұбар ауылындағы Қазақстан көшесіне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы орташа жөндеу және Береке елді мекеніндегі «Ә.Молдағұлова» атындағы орта мектепке барар жолды асфальттау жұмыстары жүргізілуде.
Ауыз су мәселесі де өзектелігін жойған емес. Округ бойынша алты елді мекеннің бесеуі, яғни халықтың 94,2 пайызы құбырлы таза ауыз сумен қамтылған. Бір елді мекен баспа құдық суын пайдалануда. 2021 жылдың қыркүйек айында Аққойлы елді мекеніне ауыз су жүйесінің құрылысы басталып, 2022 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жарық жайын сөз етсем, өткен жылы округ бойынша 9 көшедегі тозығы жеткен электр бағаналары мен желілері ауыстырылып, қосымша бес дана электр трансформаторы қойылды. Қазір өткізу-қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Береке және Сарытоғай елді мекендеріне қойылған көше жарығы жақын күндері іске қосылады.
2021 жылы Шұбар, Береке, Сарытоғай және Тоқсансай елді мекендерін газбен қамтамасыз ету мақсатында басталған құрылыс жұмыстары биыл да жалғасуда. Ал, Аққойлы және Жусансай ауылдарына газ тартудың тиісті құжаттары әзірленуде. Ауылды көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын назардан тыс қалдырған емеспіз. Осы мақсатта жыл басынан бері 16 сенбілік пен тазалық күндері ұйымдастырылып, 32 көше күл-қоқыстан тазартылды. Көктем мезгілінде 850 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Ауыл округінде жағдайы төмен 90 отбасы тұрады. Жылдың алғашқы жартысында әлеуметтік көмек алуға 57 отбасы өтініш білдіріп, оларға 10 млн. 399 мың 786 теңге төленді. Шұбар ауылындағы бір дәрігерлік емхана, екі фельдшерлік акушерлік, екі медициналық пунктте 7 жоғары білімді дәрігер мен 28 орта буынды медицина қызметкерлері халыққа қызмет көрсетуде. Жылдың алғашқы жартысында 83 нәресте туылып, 5 жасқа дейінгі бір бала өлімі орын алды. Ана өлімі тіркелген жоқ.
Ауылдық округ аумағында бір ауылдық клуб, екі ауылдық кітапхана, бір балалар ойын алаңшасы мен екі шағын футбол алаңшасы бар. Алғашқы алты айда Шұбар, Жусансай кітапханаларында 45 рет іс-шара өткізілді. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жеті тобында 64 балалар мен жасөспірімдер бокс, самбо, футбол, дзюдо, волейбол спорт түрімен шұғылданады.
Тұрмысы төмен отбасыға демеушілер есебінен көмек көрсету мақсатында былтыр басталған баспананы бітіру және биыл тұрғын үйі құлап қалған бір отбасыға 2 бөлмелі пәтер салып беруді ұйымдастырудамыз. Бюджетке қол жая бермей, ауыл ішіндегі арық-атыздарды тазалау жұмыстарын ұйымдастыруда ауыл белсенділері көп көмек беруде. Көпбалалы отбасылардың жағдайы да назардан тыс қалған емес. Осы сарындағы жұмыс алдағы уақытта та жалғасын табады деп сендіргіміз келеді».
Дайындаған Ұ.ТӘМЕНОВ.