«Жоғалған Жұрнақпен» жабылды

Театр маусымы осымен аяқталды. Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры театр маусымын М.Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» драмасымен жапты. Бұл тетардың 88 маусымы. Еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына және «Желтоқсан» оқиғасының 35 жылдығына арналған Жұрнақтың тағдыры туралы драма көрерменнің көзайымына айналған дүние десе де болғандай. Әр қойылым сайын зал толы көрермен «Тор», «Медея», «Өлдік те құрметті болдық» қойылымдарына да жоғары қызығушылықпен барғаны есте.

Жалпы бұл маусым сахна өнерінің қара шаңырағы үшін жемісті болды. Бір маусымда көрерменге 4 премьера ұсынды. Жалпы алғанда театрдың қоржыны қомақты дүниелерге онсыз да бай болатын. Осы кезге дейін 400-ден астам спектакльді сахна төріне алып шыққан ұжым қазақ және әлемдік драматургияның небір классикалық туындыларын көрерменге паш етіп келеді. Шымкенттіктерді ғана емес, өзге өңір көрермендерін гастрөлдік сапарда қуантып қайтқан театрдың жүлде қоржыны да ортаймаған. Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Эпизодтық рольдегі жыл актрисасы» номинациясын ҚР Мәдениет саласының үздігі, осы театрдың әртісі Нұржамал Қаламбаева иеленсе, дәл осы қарашаңырақта қызмет атқаратын дарматург Сая Қасымбектің шығармалары екінші жыл қатарынан друматургия саласы бойынша жүлдеге ие болуда. Бұл-бұл ма, театрдың ардагер актрисасы Раушан Салова Қазақстан театр қайраткерлері одағының  «Дара» төсбелгісімен, актриса Бақыткүл Қожамұратова мен дыбыс беру цехының меңгерушісі Рашид Оразбақов «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, театр режиссері Жұмабек Есімов пен актриса Бақыткүл Қожамұратова ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен марапатталды. У.Шекспир шығармаларының желісі бойынша қойылған «QORA Z» трагикомедиясы республикалық театрлар фестивалінде жүлделі ІІ орынды және «Сығай шәкірттерінің тәуелсіз сыйлығы» марапатын иеленді. Ал, Қызылордада өткен гастрольдік сапарда бұл қойылым С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдері», М.Байғұттың  «Жоғалған Жұрнақ» драмасымен бірге сыр жұртының көзайымына айналып, жоғары бағаға ие болды.

Өнер ұжымының алдағы күнге деген жоспары да ауқымды. Келесі маусымда сахнаға Ж.Шаниннің 130 жылдығына орай Сая Қасымбектің  «Шанин» драмасы шықпақ. Театр режиссері Б. Құманқожаевтың айтуынша, «Ақан сері», «Мөде хан» сынды тарихи драмаларды сахналау да театрдың жоспарына енген. Көрерменді жалықтырып алмас үшін сырттан режиссерлер шақырып, тарихи қойылымдарға өзгеше көзқарас, серпіліс беретіндей тың дүниені сахналау да ойда бар дейді. Олай болса, театрдың жаңа маусымы көрерменді одан сайын баурап алады деген үміттеміз. Сәттілік тілейміз!

Ж.Ержан

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған