Сағы сынбаған Самат

диқаншылықты дөңгелетіп жүр

Ордабасы ауданында Самат Сұлтанов деген азамат тұрады. Іскерлігінің арқасында бүгінде оны Маңғыстау, Талдықорған, Шығыс Қазақстан облыстарынан арнайы іздеп келетіндер аз емес. Қала берді әлеуметтік желіде дихан жігіттің есімі елге кең танымал болып тұр.

Ол тынымсыз жан. Еңбекқор. Жер емген нағыз диханның өзі. Алайда, еселі еңбектің өтеуі кешігіп жатқандай көрінеді маған. Көл-көсір байлыққа кенелмесе де төккен тердің өтеуі адал еңбекпен тамшылап құралуда. Сонысымен де еңбектің наны тәтті екен де. Қанша қиындық көрсе де Саматыңыз сағы сынып, бастаған ісін жарты жолдан тастап кететіндерден емес. Қашан көрсең егістік басында жүргені. Қала берді диханшылыққа енді бет бұрғандарға ақыл-кеңесін айтудан жалықпайды. Өзі де ерінбей еңбек етеді, өзгеге де үйретеді.

– Көп мөлшерде қияр көшетін өсіретін болсаңыз арнайы 50-лік кассетаға өсіріңіз. Осылар өте ыңғайлы. Бағасы Шымкентте 140 теңге тұрады, – дейді Самат Сұлтанов.

– Жетістікке жеткендердің көбі табыстың кілтін айтпайды. Жүрген жолын көрсетпей әлек. Ал, сен үнемі кеңес сұрағандарға тәптіштеп тұрып түсіндіресің, – деймін сыр суыртпақтап.

– Диханшылықты бастағанда қатты қиналдым. Жөн сұрайтын жан табылмады. Табылғаны бар сырын айтпайды. Сонда ойлайтынмын, «осыдан осы істі игеріп кетсем, ақыл сұрағандардан аянып қалмаймын» деп. Сол өз-өзіме берген уәдеме беріктігім болар…

Самат жылы жымияды. Тағдыр талайы талай соқпаққа басын апарып ұрды. Бәрінен қиыны Сағатбектей әкеден ерте айырылғаны болды. Отбасын асырау, еңсені тіктеп, әулеттің бар ауыртпалығын иыққа артып алу оңай шаруа емес еді. Мойымады. Қиындықтан алып шығатын бірден бір жол еңбек екенін ұқты. Бала күнгі архитектор немесе адвокат болу арманын ысырып қойып, диханшылыққа бет бұрды. Басында елдің игерілмей жатқан жерін жалға алды. Келе-келе о баста әкесіне пай үлесі үшін берілген 2,5 гектар суармалы алқапқа күш жұмсады. Биылша ол жерді демалдырып отыр. Әйтпесе, бау-бақшасын сонда салған. «Жер демалып жатыр» деп қарап отыратын Самат па?! Үйіргелік жерді өңдеп, қызанақ та екті, қияр да өсіруде. Қызанақтың сұранысы жоғары Черри түрін егіп тастады. Өнімі жаман емес.

– Әдетте, қазақтың тұрмыс-салты малға бейім дейді. Неге енді мал бақпай, қызанақ теріп кеттің?

Саматпен сырласу – ғанибет. Білгенін жасырмай айтады. Шынайылығы да сонда.

– Білмеймін, мал шаруашылығына түк қызықпадым. Қайсысы болса да оңай емес қой. Оңай жерде нан жоқ. Диханшылық та ауыр кәсіп.

Ауыр болса да аянбай тер төгіп жүр. Әйтпесе, тура науқан кезінде бағасы шарықтап кететін жанар-жағармайдың тапшылығы, техниканың жоқтығы, егістікке шабуыл жасаушы зиянкестерге қарсы дәрі-дәрмектің қымбаттығы, жерді өңдеуге кететін тыңайтқыштың да қол жетімсіздігі Саматты титықтатпайды дейсіз бе?! Қала берді көрші-қолаңның қараусыз қалған малы түсіп кетіп, бақшаның ми батпанын шығаратын кездері де аз болмады. Егістігін қоршап алуға басы артық қаражаты жоқ. Осының бәрін еңсеріп, ала жаздай күннің астында, жауынды күні малмандай боп, аптап ыстықта қурайдай күйіп, өнімге қол жеткіздім ғой дегенде алып-сатарлардың бағаны жерге ұратыны тағы бар. Диханның сормаңдайы солай, жинаған өнімін өткізетін жері жоқ.

– Дайын өнімді ұдайы алып тұратын тұрақты клиент табу қиын. Егер ауданда көкөніс өңдейтін цех болса ғой, шіркін! Қызанақ пен қиярымыздан қысқа сол цехта түрлі салат жасалып, банка жабылса. Ауылдағы қыз-келіншектерге жұмыс та табылған болар еді. Дихан ретінде біз де риза, ұдайы өніммен қамтамасыз етіп отырар едік. Концерві жасап, дайын өнімді өзге өңірлерге саудалап, цех иесі де риза болар еді…

Көрдіңіз бе, Самат егістік басында қызанақ теріп жүріп те кәсіптің болашағын, дамуын ойлайды. Елге игілігі бар іс ашылса деп тілейді.

– Кейде көкөніс қана емес, өзге тропикалық өсімдіктер де өсіріп көрсем деймін. Ол үшін арнайы жылыжай керек. Менің жылыжайымда әзірге жыл он екі ай қияр өседі, – деп күледі.

Арманы асқақ азаматтың еңбегін пайдаланғысы келетіндер де аз емес екен. Мәселе былай ғой. Бізде отандық өнімнің тұқымын дайындау ісі дамымаған. Егіп жатқан қызанақтың да, қиярдың да тұқымы шетелден келеді. Самат оны интернет арқылы көріп тапсырыс береді. Болмаса Шымкенттегі агродүкендерден сатып алып, көшет етіп өсіреді. Әр көшетті баладай мәпелейді. Олай етпесе еңбегі еш кететінін біледі. Ерінбейтіні де содан. Гибридті тұқымдарды да жерсіндіріп жүр. Содан да болар Саматтың тірілгіне қызыққандар өте көп. Сол көптің бірқатары «бірге жұмыс істейік, сен егесің, мен жарнамалаймын» дейді ғой. Енді бірі тыңайтқыш ұсынады да, «осымен өсіріп бақшаңды, жарнамалап берші» дейді. Айналып келгенде бәрі де диханның адал еңбегін өз пайдаларына асыру. Еңбек ететін біреу, соны малданып, өз бизнестеріне жарнама етіп «дайын асқа – тік қасық» болатын басқалар. Мұндай ұсыныстар Саматқа ұнамайды. Содан да болса керек, әлі лайықты инвестор таппай жүр. Тапса, дихан Самат Сұлтанов талай жерді жайқалтып, бау-бақша ететін арманы бар.

– Тропикалық жемістерге бір жылыжай салсам, Таңқурай мен құлпынай өсірсем бе деймін…

Самат дақыл өсірер кезде әбден ізденеді. Тұқымынан бастап, оның көшеті қайтсе жақсы өсетінін, қалай баптаса мол өнім алуға болатынын ыждағаттылықпен зерттейді. Аңсары ауып жүрген құлпынай шаруашылығын зерттеп, көзбен көру үшін жақында Сарыағаш ауданы Жылы су ауылындағы  «Абдураман шаруа қожалығына» арнайы барып та қайтты. Шаруашылық иесі Аширафи ағаның құлпынай егістігін көріп, таң-тамаша болды.

– Аширафи ағамыз алғашында 500 түп құлпынай еккен екен. Қазір ат шаптырымдай құлпынай алқабы жайқалып тұр. Өнімдерін Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтеді. Аширафи ағамыздың тірілгін көріп, өзіме іштей бір мықты мотивация алдым. Әрбір үлкен кәсіптің бастауы шағын қадамдардан басталады. Адамда тек ниет пен ынта болса және еңбек етсе барлығы болады екен, – дейді Самат.

40 соттық алқаптан 16 тонна қияр алып отырған ол «жастар ауылдан жұмыс таппай, үлкен қалаларға құрылысқа жұмысқа кетуде. Арзымайтын ақшаға жалданып жұмыс істейді. Одан да ауылда бос жатқан жерді өңдеп, бау-бақша өсірсе сонымен де күнкөруге болады ғой» дегенді айтады. Расында да сенбеген жұртқа Саматтай диханның кеңесін алып, көз жеткізу қиын емес. Үйіргелік жерден табыс тауып, бір отбасын асырауға болатынын ол әлдеқашан дәлелдеп қойған. Рас, басында арнайы курстарға барып, білім алды. Ізденді. «Бизнес бастау» жобасы арқылы қайтарымсыз 500 мыңдай теңге алып, жылыжай салды. Ағаштан тұрғызған жылыжайы жаман емес. Әжетке жарап тұр. Десе де диханшылықтың сырына қаныққан ол ендігі жерде темірден жасалған, мығым жылыжайым болса дейді.

Жергілікті билік тарапынан көмек бар ма?

– Мүлдем көмектеспейді деп айта алмаймын. Қазіргі 24 соттық жерімді ауданымыздың бұрынғы әкімі Н.Тұрашбековтың көмегімен алдым. Ол үшін көп рақмет. Алайда, сол жерге дейінгі аумақта жол, жарық жоқ. Су мәселесін өзім шешіп алғанмын. Ал, өзгелерге де жететіндей су мәселесі шешілсе, ол маңнан үйлер салынып, егістік алқаптар жайқалар еді, – дейді Самат  Сұлтанов.

Су демекші, үйіргелік жеріне суды Самат өзі қаздырған құдықтан пайдаланады. Тамшылатып суғару әдісін қолданған. Әрі тиімді, әрі шығыны аз. Бұл өзгелерге үлгі боларлық шаруа. «Еңбек ет» десең «жер жоқ» дейтінге Самат дихан жерді жалға алып істеуге болатынын көрсетті. «Су жоқ» дейтінге тағы да Самат дихан құдық қазып, одан су тартып, көшеттердің әр түбіне тамшылатып су жеткізуге болатынын дәлелдеді. Жылыжай да салды.

– «Жылыжай салсам ғой, әттең ақшам жетпей тұрғанын қарашы» деген ойымды Facebook-тағы парақшама жазғанмын ғой. Сөйтсем, «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбеков 1 миллион теңге аударып жіберіпті. Қиналғанда қолұшын беретін жандар аз емес екен. 2 жыл бұрын осылайша ағаштан жылыжай салдым. Алғашында 2,5 соттық жерге орналастырғанбыз. Одан 3 тонна қияр алдық. Былтыр 3,5 соттыққа кеңейтіп, салдық. Одан бір маусымда екі рет өнім алдық, яғни 8 тонна қияр. Енді жылжайды темірден, мықты етіп салғым келеді…

Бүгінде дихан Самат Сұлтановтың есімі біраз жұртқа танымал. Ауылшаруашылығымен айналысатын, үй іргелік жерге бау-бақша өсіргісі келетіндер Саматтың кеңесіне құлақ асады. Жасыратыны жоқ, астанадан ат арылтып министрліктен адамдар келсе де, облыс әкімі ауыл-аймақты араласа да жергілікті атқамінерлер Саматтың тірлігін үлгі етіп көрсетуге дайын. Көрсетуге тұрарлық еңбек барда несін аянып қалсын?! Десек те, шаруаның тірлігі өніп, әрі қарай дамуы үшін әлі де болса қолдау, қуаттау қажет-ақ. Оның үстіне Саматта идея көп. Істің көзін де таба алады. Тек қаржылай қолдау болса болғаны. Кәсібін дөңгелетсе бүгінде қаншама терімшіге күндік ақы төлеп отырған дихан жігіттің әлі талай азаматқа жұмыс орнын ашып беретіндей шамасы бар. Ал ол бірталай ордабасылық отбасыны асырауға мүмкіндік бермек. Жақсы ма? Жақсы. Олай болса, дихан жігітті қаржылай қолдайтындар ертерек табылса екен.

Ж.ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Әйгерім Бегімбет

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған