«Төлем төлемегендерге айыппұл салынады»

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу үшін төленетін төлемдер жөнінде сұрақ көп. Әлі де бұл жүйенің тиімділігінен бейхабар азаматтар аз емес. Бүгін біз «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаевпен сұхбаттаса отырып, жұртшылықтың көкейінде жүрген сауалдарға жауап алуға тырыстық.

– Асхат Асанұлы, жүйедегі қағидаттың бірі – ортақ жауапкершілік. Осыны түсіндіріп берсеңіз…

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Яғни, барлық сақтандырылған азаматтардың жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамастан медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Бұл мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Демек, мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін жарна төлейді. Жұмыс берушілер жұмысшылары үшін төлейді. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтаған азаматтар өздері үшін жарна төлеуі тиіс. Осылайша, қаржылық ресурстарды тиімді бөлу қағидаты әрекет етеді. 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша  МӘМС жүйесінде шамамен 1,6 миллионнан астам адам сақтандырылған. Бұл халықтың жалпы санының 81,1 пайызын құрайды.

Сақтандырылмаған тұрғындар саны – 380 170 адам. Ал, сақтандырылғандардың басым бөлігін жеңілдік санаттағылар құрайды. Яғни, 1,3 миллионнан астам адам. Оның ішінде балалар, зейнеткерлер, жүкті әйелдер, декреттік демалыста жүргендер, мүгедектер, көп балалы аналар, студенттер, жұмыссыздар, жәрдемақы алушылар, т.б. бар.

– Бүгінде облыс бойынша жүйеге қатысушылардан қорға қанша жарна түскенін білуге бола ма?

– 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2022 жылдың 30 маусым аралығында Түркістан облысы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 40,6 млрд теңге. Оның ішінде жұмыс берушілерден – 23,6 млрд, жеке кәсіпкерлер, азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалардан 16,6 млрд, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 384,4 млн теңге төлем түскен. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген. ТМККК және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

– Аударым және жарна төлеу тәртібі қандай?

– Алдымен бір мысал айта кетейін. Шетелдік тәжірибеде жарна көлемі жоғары. Мәселен, Германияда жұмыс берушілердің жарнасы табысының 7,3,  ал жұмысшылардың жарнасы 8,2 пайызды құрайды. Словакияда – 10 және 4 пайыз, Литвада 3 және 6 пайыз. Басқа елдермен салыстырғанда елімізде  медициналық сақтандыру қоры аударым және жарна көлемі бойынша қолайлы жағдай жасалған.

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің аударымдары 2021 жылмен салыстырғанда 1 пайызға ұлғайды, яғни жұмысшылар үшін аударым 3 пайызды құрайды. Аударымдардың ең жоғары сомасы 18 000 теңгеден аспауы тиіс. Бұл 10 АЕК-нің 3 пайызы болып саналады. Айта кету керек, 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы 60 000 теңгені құрады.

Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт (АҚС) бойынша жұмыс істейтін қызметкерлер мен жеке тұлғалардың жарналары 2022 жылы табыстарының 2 пайызын құрады. Бұл ретте, егер жалақы мөлшері 10 АЕК-ден (600 000 теңге) жоғары болса, онда жарналарға тек осы сома ғана төленеді және жарнаның ең жоғары сомасы 12 000 теңгені құрайды.

Жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындардың жарналары 2022 жылға 4 200 теңгені немесе 1,4 АЕК-нің 5% – тін құрайды.

2022 жылы бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) сомасы 1 АЕК–ке тең болады. Бұл республикалық, облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін – 1 АЕК (3 063 теңге), ал басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 0,5 АЕК (1 531,5 теңге) құрайды. Дербес төлеушілер үшін жарна сомасы биыл өзгерді және ол 3 000 теңгені (1 МЗП-дан 5%) құрайды.

Пациент төлемді екінші деңгейдегі банктер және олардың интернет-сервистері, Kaspi.kz, Halyk Bank мобильді қосымшалары, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, төлем терминалдары (Qiwi, Kassa24 және т.б.), медициналық ұйымдардағы төлем терминалдары арқылы аударуға болады. Бастысы бұл жүйе – азаматтың тапқан табысына, ол үшін аударылған жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуға мүмкіндік береді. Мысалы, жүйеге қатысушылардың ішінде жоғары жалақы алатынға да, жалақысы төмен азаматқа да медициналық көмек бірдей көрсетіледі.

– Егер төлемдер уақтылы төленбесе не болады? Әрбір адамның  өзіне қатысты төлемді бақылауға мүмкіндігі бар ма?

– Өте орынды сұрақ. Егер жүйеге төлемдер тұрақты түспесе жұмыс берушіге деген наразылық туады. Себебі жұмысшы медициналық көмекті ала алмай қалады. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР заңына сәйкес, жүктелген жауапкершілікті орындамағаны үшін жұмыс берушіге айыппұл салынады және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылады.

Жеке кәсіпкер, шаруа қожалық иелері, келімсім шартпен табыс табатын тұлғаларға жауапкершілік жүктелген.  Көп жағдайда кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс істеп, салықтары мен әлеуметтік төлемдерін төлеу мерзімдерінен қателесіп жатады. Бұл өз кезегінде өсімпұлдың есептелуіне әкеліп соғуы мүмкін. МӘМС жарналары мен аударымдарын төлеу міндеті «МӘМС туралы» ҚР Заңының  5-бабында бекітілген. Төлеушілердің санаттары бойынша «төлеушілер» деген 14-бапта айтылған. Сондай-ақ, МӘМС туралы ҚР заңымен жұмыс істейтін тұлғалар үшін МӘМС төлемегені үшін жауапкершілік (өсімпұл) қарастырылған.  «Міндетті медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, әлеуметтік төлемдер табыс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірілмей жүзеге асуы керек. Яғни, әлеуметтік төлемдер ай сайын төленуі шарт. Әлеуметтік төлемдерді уақтылы төлемесе әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі және банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға әкеліп соғады.

Ал, дербес төлеушілер мен өзін өзі жұмыспен қамтығандар медициналық көмектердің толық пакетін алу мәртебесіне ие болмайды.

Сондықтан МӘМС жүйесіне аударым және жарнаны тұрақты төлеу маңызды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандыру мәртебені, әрі төлем туралы ақпаратты Telegram @ SaqtandyrýBot, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты, egov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінен тексеруге болады.

– Қате төленген төлемдерді қайтарып алуға бола ма?

– Егер төлемдер қателесіп кеткен болса, басқа мерзімге төленсе немесе төлем құжаттары дұрыс рәсімделмесе, онда  ақшаны қайтарып алуға болады. ҚР ДСМ 2017 жылғы  30 маусымдағы N478 бұйрығына сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на өтініш жазу, қатенің себебін көрсету және өтінімге төлемді растайтын құжаттарды тіркеу қажет. Өтініш 15 жұмыс күн ішінде қаралып, ақша төлем жасағандай қайтарылады. Мемлекеттік корпорациялар мекен-жайын gov4c.kz сайтынан табуға болады.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған