Уһлеме

Ертеде бір жігіттің қарт шешесі болыпты. Шешесі ауырып, төсек тартып жатып қалады. Жігіт отын шауып, оны қалаға сатады екен. Шешесі күнде баласының қамын ойлап, төсекте отырады. Баласы кешке үйге келгенде:

– Балам, шаршамадың ба? — деп сұрайды екен. Баласы шаршаса да, білдірмей:

– Шаршағаным жоқ, апа, — деп жауап береді. Бұл сөз ауру шешесіне кішкене де болса қуат берді екен. Бір күні баласы жұмыстан шаршап келеді. Жанына батқан ауырлығы шаршатты ма, баласы ошақтың жанына жылынып отырып, аһлап-уһлейді. Шешесі ұлының қатты қажығанын сезеді. Баласының жағдайы жанына батқан шешесі ұлын түнімен уайымдап, жүрегі қысыла бастапты. Баласы еш шара жасай алмай отырып қалады. Таң ата шешесі сары уайымнан жантәсілім болыпты. Баласы анасының жүрегіне қайғының дертін салғанына өкініп, өкіріп жылапты.

Содан бері ата-анаңның жанында отырғанда аһлап-уһлеуге болмайды, олардың жанына батады деген тыйым пайда болыпты.

Екінші бір аңызда Мұхамбет пайғамбар (с.а.с) дүниеге келген кезде Ібіліс «аһ-уһ» деп күрсініп, қайғырған екен деп айтылады.

 

 Күлді жерді баспа

Жастау кезінде Хауа ананы Ібіліс жиі азғырыпты. Хауа ана жерге түскенде оған бірінші рет хайыз келеді. Ол қанды көріп, не істерін білмей қатты сасады. Сол кезде оған Ібіліс келіп:

– Қанды күлге таста, — деп кеңес береді. Тәжірибесіз Хауа ана оның айтқанын жасайды. Біраз уақыт өткен соң күл-қоқыстан албасты-жындар мен дию-перілер өсіп шығады. Олар: «Шешеміз осы», — деп Хауа анаға жабысады. Хауа ана қатты шошып, Адам атаға тығылады. Екеуі оларды қуып жібереді. Жындар мен албастылар «анамыз бізді кері тепті» деп, Адам ата мен Хауа анаға өшігеді. Содан бастап Адам ұрпағы түнде жалғыз жүрсе, далаға жалаңбас шықса, дәретхана мен күл-қоқысты «біссімілдәсіз» басса, жындар оларға ауру болып жабысады екен.

«Күл-қоқысты, кір суды «біссімілдәсіз» баспа, лас жерге жалаңбас барма» деген тыйымдар осыған байланысты шығыпты.

 «Салт-дәстүр сөйлейді» отбасылық хрестоматиясынан

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған