Күрішті қастерле
Ухуд шайқасында Мұхамбет пайғамбардың астыңғы күрек тісі сынады. Ұрыс біткен соң, бір сахабасы сынған тісті тауып алады. Пайғамбардың тісін аяқасты қылуға дәті жібермей, оны үйінің бір бұрышына көмеді.
Тіс көмілген жерден аппақ күріш өсіп шығады. Сахаба пайғамбарды шақырады. Пайғамбар келіп, «Ясин» сүресін оқып, дұға жасайды. Ол сахабаға:
— Алла менің тісімнен күріш өсіріп шығарды. Оған Ясиннің қуатын бер- дім. Оны аяқасты етпеңдер, — деп өсиет айтады.
Содан бері халық күрішті қастерлепті. Пайғамбардың дұғасынан соң, күріш тойымды әрі берекелі асқа айналыпты деседі. Сыр бойында күріштен жасалған тағамдардың қалдығын итке бермейтін тыйым қалыптасқан.
Өзгенің асына сұқтанба
Мұхамбет пайғамбар дастархан басында сахабаларына:
–Ас-ауқат —Құдайдың пендеге берген ырзық-несібесі. Оны аяқасты ету — күпірлік. Ас жеген кезде шетінен бастаңдар. Астың берекесі табақтың шетінен ортасына қарай өрілген. Басқаның асына сұқынбаңдар. Ол біреудің несібесіне сұқтанғанмен бірдей, — деген екен.
Өзгенің асына сұқтанба деген тыйым осыдан шығыпты. Ас жеген кезде әркім өз алдынан жеуі керек.
Тырнақты тістеме
Ертеде бір кедей болыпты. Ол қанша еңбек етіп, тер төксе де, еңбегі зая кете беріпті. Анда-санда бір тойса, шала байып қалады екен. Бір күні Мәдина шаһарында Мұхамбет деген Алланың елшісі барын естиді. Оған барып жолығуға бел байлайды.
Ұзақ жол жүріп, пайғамбарға келеді.
–Уа, Алланың елшісі, мен байлыққа жарымай-ақ қойдым. Қанша тер төксем де, еңбегім зая кетеді. Соның себебі неде? — деп сұрайды.
Жігіттің бір жаман әдеті бар екен. Ол өскен тырнағын тісімен алып тастайды екен. Пайғамбардың алдында тұрғанда да сол әдетін қайталапты. Пайғамбар жігіттің мазасыз халін көріпті де, оның басынан сипап:
–Тырнақ тістегенді қой. Бұл — жаман әдет. Әділ Құдай сенің адал еңбегіңді жемейді. Адал кәсіптің құты мен берекесі отбасыңа дарығысы келеді. Бірақ мына жағымсыз әдетің оны үркітіп жібереді екен, — депті.
Жігіт кедейшілік себебінің сырын білген кезде таңғалады. Жаман әдетінен дереу тыйылады. Көп ұзамай ісі де алға басып, дәулетті адам болған екен.
Қолды жуған соң сілкіме
Бірде Ғайса пайғамбар жолаушылап келе жатып Ібілісті көреді. Ібіліс ізіне жүздеген ұрпағын ертіп алып, сап болып кетіп бара жатыр екен. Ғайса:
–Әй, Ібіліс, мынаның барлығы балаларың ба? — деп сұрайды.
–Иә, балаларым.
–Не деген көп! Қалай өсіп, көбейгенсіңдер? — деп таңғалады. Сонда Ібіліс:
–Кей адамдар қолын жуған кезде сілкілейді. Сілкігенде шашыраған әр тамшыдан менің балаларым пайда болады. Адам қолын жуғанда «сүлгімен сүртпей сілкісе екен» деп тілеп тұрамын, — депті.
Ібілістің жауабын естігенде Ғайсаның жүрегі дір ете қалыпты. Содан бастап ол: «Жуған қолды сілкімеңдер», — деп үгіт-насихат етіпті.
«Салт-дәстүр сөйлейді» отбасы христоматиясынан