Қарабұлақтағы қақтығыс

Қарасуда қайталанбасына кім кепіл?

Оқырманның есінде болса, осыдан он шақты жыл бұрын Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында оқыс оқиға орын алған болатын. Қателеспесек, бір әке кіндігінен тараған бауырлар жерге талас салдарынан үйдің кенжесі туған ағасы мен оның баласын атып тастаған-ды. Сот ашуын ауыздықтай алмаған қылмыскерді жазасын қатаң түрдегі режимде өтеуге Үкім еткен-ді. Осы келеңсіз жайт өзгелерге, әсіресе сайрамдықтарға сабақ болу тиіс еді. Бірақ, мұндай оқиғаның қайталануы мүмкін екенін сезіп, алдын алу қажет екенін ескертпеске болмай тұр.

Мәселенің мән-жайы мынадай. Қарасу ауылындағы ағайынды Садықовтар арасында жылдан астам уақыт бұрын туындаған жанжал әлі күнге толастар емес. Дау аудандық сотта да қаралды. Ағайындылар ауыл мен аудан әкімдігінде де бір тоқтамға келе алмады. Кезінде «Нұр Отан» партиясының да дауласушы екі жақты ымыраға келтірмек болған әрекетінен ештеңе шықпады. Керісінше желді күні тұтанған жалын секілді ұлғайып барады. Дау жайында Рауан Садықов редакцияға былай деп жазады: «Арыз жазу себебім, көршім Садықов Ержан 2018 жылы менің қақпама қарама-қарсы тұстан заңсыз қора салды. Мен ол қора туралы Қарасу ауыл әкімдігіне, сәулет-құрылыс бөліміне шағымдандым. Сол кездегі тексеру барысында қораның заңсыз екені және қызыл сызықта тұрғаны анықталды. Ендігі жерде қорадағы малға қатысты сұрақтар туындауда. Ол малдар сырғаланып, тіркеуге алынған ба, вакцинацияланып, қора-жайлар залалсыздандырылған ба? Жалпы ауыл арасында қанша мал ұстауға болады? Бүгінде Ержан мен ұлы үйінде мал сойып, базарға өткізеді, жеке адамдарға сатады. Жаз мезгілінде әртүрлі жұқпалы аурулардың тарайтыны белгілі. Осындай кезде олар мал сойып, сатуды көлеңкелі және қауіпті кәсіпке айналдырып отыр деп есептеймін».

Арыз иесінің сауалдарына жауап табу үшін Сайрам аудандық ветеринарлық қызмет басшысы Беглан Әбдіқайыповқа хабарластық. «Біз көктемгі вакцина науқанын толық аяқтап, тиісті қора-жайларға залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік, – деді ол кісі. – Қорадағы малдар да сырғаланған. Бірақ тұрғындар базардан сырғасы бар малды ғана сатып алу керектігі туралы ережені сақтай бермейді. Себебі базардан мал алып, оны сойып сататындар бар. Біз барша тұрғындарға малды арнайы орында сою керектігін ескертеміз. Үйде сойған жағдайда да біздің дәрігерлерге өтінішпен шығады. Сол өтініш негізінде мал есептен шығарылады. Әйтпесе инспекция мамандарына айыппұл салуға негіз болады. Ешкімге де қорасында тығылып мал сойып, оны базарға, жеке адамдарға сатуына рұқсат жоқ».

Осынау дауға ауыл ақсақалдары, билері, тіпті билік, құқық қорғау орган қызметкерлері араласпаса, жағдай ушығудың сәл-ақ алдында тұр деуге болады. «Мен бұларға ерегіскенде тегімді өзгертіп жатырмын, – дейді Рауан бізге. – Маған жала жауып, қоқан-лоққы жасап қана қоймай, полицияның тірек бекетінде тәртіп бұзғаны үшін олардың біреуі бір аптаға, екіншісі екі күнге қамалып шықты. Менің бар сұрайтыным – тазалық. Қорасына кіріп-шыққан көліктен түскен шөп-шалам мен малақтар көшеге дейін шашылады. Қашанға дейін полиция шақыртып, тазалатамын. Мал сойса ауданда арнайы мал сою алаңы бар, сол жерге апарсын. Ауыл сыртында қора-жайлары бар, мал бордақылағысы келсе сонда барсын. Бірақ ауыл ішін сасытуға болмайды ғой. Менің уәжім дұрыс болмаса оны айтсын. Талабым орынсыз болса тиісті құзырлы орындарға шағымдансын, ештеңе демеймін. Айтарым да, талабым да, сұрайтыным да – заң аясында жұмыс істеу ғана. Көшені сасытпасын, оның зардабын алыстағылар емес, көршісі мен тартып отырмын. Түнде ұйықтай алмаймыз, қонақ шақыру тағы қиын. Бұл мәселені ертерек шешпесе болмайды».

Р.Садықовтың айтып отырған уәжі орынды секілді. Тазалықты өзің үшін ғана емес, өзгелер үшін де сақтау керектігін естен шығарып алатындар аз емес. Біз екінші тарап – Е.Садықовпен де байланысқымыз келген, бірақ мүмкін болмады. Ауылдық округ әкімі Д.Сыдықовқа жасаған өтінішімізден де ештеңе шықпады.

Бұл дауды ағайындылар арасындағы түсініспеушілікке балап, жылы жауып қоя салуға болмайды. Өйткені, осыған ұқсас даудың салдарынан Қарабұлақ ауылында ағайындылар арасында орын алған қайғылы оқиға жайында жоғарыда айттық. Енді оның қайталануына жол бермеу керек. Бүгін бірін бірі полицияға сүйреген ағайындар ертең бауырына қару бағыттамасына кім кепіл? Бізді алаңдататыны да осы.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған