Өткен апта соңында Шымкент қаласының тұрғыны Ержан Таханов есімді азамат редакцияға хабарласып, алаяқ ұрылардың құрбаны болып, осыған байланысты полицияға қатысты да шағымы бар екенін айтып, көмек сұраған болатын. Тіпті, «Каспий банк» қызметкерлерінен күдіктенетінін де жасырмай, жыларман болды.
«Құрметті редакция ұжымы, менің сіздерден көмек сұраудан басқа амалым қалмады, – деп жазады арыз иесі. – Полициядан қайран жоқ. Олар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» құру саясатына қарсы жұмыс істеп жатқан секілді. Олардың әлі сол ескі соқпақпен жүріп келе жатқаны байқалады.
Айталық, Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмысты жылдам ашудың орнына қылмыскердің қолға түспеуіне мүдделі секілді. Мәселеге нақты тоқталар болсам, осы жылдың 1-тамызы күні түскі сағат 14-тер шамасында Ақтөбе вокзалының төңірегіндегі «Мөлдір» сауда нүктесінің алдында белгісіз азаматтар менің қалта телефонымды ұрлап алды. Осы оқиғаға байланысты шағымдану үшін сол төңіректегі полиция тірек пунктіне барғанымда олар №3 қалалық полиция бөліміне жіберді. Өз кезегінде полиция бөліміндегілер менен арыз алмастан, «өзің іздеп тауып ал» деп кері қайтарды. Сол әрекеттері арқылы ақтөбелік полицейлер тағы бір алаяқтық қылмыстың жасалуына себепкер болды деп айтуға негіз бар. Олай деп отырғаным, телефонымды ұрлағандар арада бірнеше сағат өтпестен «Каспий банктен» менің атымнан 900 000 теңге несие рәсімдеп үлгеріпті. Яғни, мен бір сауда дүкенінен пластик есік-терезе алған екенмін. Дұрысы – несие алудағы мақсатым осылай деп көрсетілген. Ол ақшалардың қайда, кімге аударым жасалғандығы туралы мәліметті «Каспий банктен» өзіміз сұратып алдық. Банктің мәліметі бойынша мен ол ақшаны енді 2 жыл ішінде үстіне тағы 467 мың теңге қосып қайтаруым керек екен. Өзімнің бес балам бар, әйелім жұмыссыз. Әйелім екеуміздің төлеп отырған төрт несиеміз тағы бар. Бұған дейін бір рет өзім «Каспий банкке» барғанымда маған несие бермей қойып еді. Ал енді келіп олар бөтен адамға оп-оңай-ақ несие рәсімдеп жіберген. Сонда банктегілер несиені кім алып жатқанын сұрамай ма, әлде алаяқтармен сыбайластығы бар ма? Естуімше, несие онлайн рәсімделген жағдайда клиентті суретке түсіріп, менеджер тарапынан жіті тексерілуі керек екен. Бұл жерде күдік пен күмән көп. Сондықтан банк қызметкерлерінің өзі осындай алаяқтық қылмысқа қатысы бар ма екен деген күмәнім бар.
Құрметті редакция, полиция арызымды қабылдамай қойды, мен енді не істеуім керек? Осы мәселеге араласып, газетте мақала жазып, оны әлеуметтік желіге жариялап, көмектесулеріңізді сұраймын. Журналистік зерттеу жасауларыңызды өтінемін. Маған көмектесіп, әділеттіктің үстемдік құруына, мұндай жағдай екінші қайталанбас үшін өз жұмысына салғырт қараған ақтөбелік полицейлердің тиісті жаза алуына атсалыссаңыздар екен».
Арыз түскен бойда журналистік зерттеуді бастадық. Біздің пайымдауымызша бұл жерде бір емес, бірнеше қылмыстық әрекет бар секілді. Біріншісі – телефон ұрлығы. Одан кейін банк жүйесендегі заңсыздық, дәлірегі – алаяқтық. Мұнда ұйымдасқан қылмыстық топтың әккі әрекеті болуы да әбден мүмкін. Үшіншісі – полицияның әрекетсіздігі.
Жасыратыны жоқ, полиция арызды қабылдамаса дәрменсіздік танытып, ақырында қолын бір сілтеп қоя салатындар арамызда аз емес. Егер Е.Таханов редакциямызға шағымданып келмесе сол дәрменсіздердің қатарын толықтырған болар еді. Полиция қызметкерлері де жауапсыздығын жалғастыра берері ғажап емес. Ал, банк несие төлеттіруде тәспісінен жаңылмақ емес. Төлей алмай отырған жағдайда есеп шотын бұғаттай салу оңай шаруа. Осылайша, клиент өзі алмаған несиені төлеуге мәжбүр болады. Сонда ол азаматтардың, олардың бала-шағасының обалын кім ойлап жатыр? Осы жайттарды таразыға салып, әділдікке қол жеткізу үшін газетке мақала дайындап, әлеуметтік желіге жүктеуге кірістік. Шымкент қаласындағы Еңбекші аудандық полиция басқармасының бастығы Алмас Әмзеевке хабарласқанымызда, ол кісі тез арада тергеушілері арқылы арызды қабылдатып, тиісті тергеу жұмыстарын бастап жіберді.
Көп ұзамай Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Абай Жүсіповтың көмекшісі, осы департаменттің тергеу басқармасы басшысының орынбасары, Ақтөбе қалалық №3 полиция басқармасы кезекші бөлімінің басшысы хабарласып, аталған мәселеге қатысты мәліметтерді сұрай бастады. Қылмыстың ашылатынына сендірді. Арызды қабылдамаған қызметкерді тауып, шара көретіндіктерін айтты.
Әрине, қылмыс ашылып, кінәлілер анықталар болса ақтөбелік полицейлердің қырағылығына алғыстан басқа айтарымыз болмайды. Әзірге біз оларға қолда бар мәліметтерді, ақша аударылған номерлерді ұсындық. Ендігі жерде бұл қылмысты тез арада ашуға тәжірибелері мен біліктіліктері жететін шығар деген үміттеміз. Бастаған ісімізді соңына дейін жеткізу, журналистік зерттеуімізді толыққанды жалғастыру үшін Ақтөбе облысына жолға шықтық. Сапарымыздың қалай өтіп, полицейлердің қандай әрекет жасағанын, жалпы мәселенің жай-жапсарын газетіміздің алдағы нөмірлерінде кеңірек жариялайтын боламыз.
Ұлықбек ҮМБЕТ.