Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Автобустарды неге қара кешке дейін жүргізбеске?

Автобустарды неге қара кешке дейін жүргізбеске?

Шымкентте кешкі сағат 20.00-ден кейін көшеде қоғамдық көлік жүрмейтін сияқты. Аялдамаларда автобус күткен адам көп. Әсіресе, қаланың іргесіндегі жаңа шағынаудандарға, тұрғын алаптарға қатынайтын автобустар жұмысын ерте тоқтатады білем. Алыстағысын айтпағанда, қала орталығына тиіп тұрған «Тұран», «Асар», «Қайтпас» шағынаудандарына кешкі сағат 20.00-ден кейін жету қиын. Автобустар жүрмейді. Сол себепті тиісті сала басшылары автобустардың жүру кестесін мұқият қараса дейміз. Бәлкім, жүргізушілерге ауырлық болмас үшін бағытта жүруді екі ауысымда – таңертеңнен кешкі 17.00-ге дейін, 17.00-ден түнгі 23.00-ге дейін етіп белгілеу керек шығар. Әйтпесе, жаңа оқу жылы басталғанда жағдай қиын болады. Сабақтан кеш шығатын оқушылар мен мұғалімдердің үйіне жетуі мұң болғалы тұр. Оның үстіне Шымкент мегаполис болғалы қала көркейіп, ойын-сауық орталықтары да көбейіп келеді. Тұрғындар кешке қарай қыдырыстағанды қалайтындай. Алайда, автобустың жүру кестесі ерте тоқтап қалатындықтан мәселе туындауда.

Шымкентті жайлы қала, өмір сүруге қолайлы шаһарға айналдыру жайын қала әкімі жиі көтереді. Мәселенің шешілмеуіне салаға жауапты мамандардың тапсырманы жоғары деңгейде жүзеге асыруға шамалары жетпеуінен болса керек деген ой қалыптасады екен. Олай болмаған жағдайда мегаполис ретінде Шымкенттің даму көкжиегі әлдеқашан кеңейер еді ғой.

Жайлы орта қалыптастыру осындай тұрмыстық мәселелерді дер кезінде шешуден басталады емес пе?! Бұған ұсақ-түйек деп қарауға болмайды.

Сая ЖҰМАҒҰЛОВА

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика