Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне 2022 жылғы 15 тамызда сағат 20.30-да “103” қызметінен электр тогынан соққы алған бала туралы ақпарат келген. Бұл кезде 2021 жылы туған ұл бала қайтыс болған. “Оқиға Қаратау ауданы “Нұртас” шағынауданындағы Құлагер көшесінде орналасқан жеке тұрғын үйлердің бірінде орын алған. Ата-анасының айтуынша, үйде «Әсел» пеші ұзартқыш арқылы тоққа қосылу тұрған. Қасында ойнап жүрген бүлдіршін абайсызда ашық тұрған электр сымды қолымен ұстап қалған. Бала оқиға орнында қайтыс болған” дейді Шымкент қаласы ТЖД-нің қоғаммен байланыс тобы.
Оқиғаның нақты мән-жайын полиция қызметкерлері анықтауда.
Қалада тамыз айында электр тоғынан соққы алып, 2 жазатайым оқиға орын алған болатын. Оның бірінде 2013 жылғы қыз бала зардап шеккен. Ал 2021 жылғы кешегі бүлдіршін қайтыс болды.
Шымкент қалалық ТЖ департаментінің мамандары ата-аналарға баланы назардан тыс қалдырмау керектігін ескертеді. “Қауіп төндіретін электр қалқандардың, ашық электр желілердің қасында балаларға ойнауға рұқсат бермеңіздер! Тозығы жеткен электр желілерді уақытылы ауыстырып, сақтық шараларды сақтаңыздар” дейді Шымкент қаласы ТЖД-нің мамандары.