Тағайындалғанына көп бола қоймаған Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов ауылдарды аралап, тұрғындардың жағдайымен танысуды жалғастыруда. Бірнеше жыл облыстық ауылшаруашылық басқармасын басқарған Н.Бадырақов қайда барса да осы саланы жетік меңгергенін, білетінін іс жүзінде дәлелдеуде. Өткен аптада аймақ басшысы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойында орналасқан «Бал-Кәусар» серіктестігінің 10 гектар алқаптағы жүзім бауында болып, шаруашылық төрағасымен пікірлесті. Содан соң аудан басшысы бірқатар ауыл шаруашылық алаңдары мен өндіріс орындарын аралап, олардың да жұмысымен танысуды назардан тыс қалдырмады.
Нұрбек Бақтыбайұлы кәсіпкерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізіп, Темірланға кіре берістегі Қарауылтөбе аумағын жасылдандыруға ұсыныс айтты. Өз кезегінде кәсіпкер азамат бұл бастаманы дамытуға дайын екендігін жеткізді. Онан соң, аудан басшысы халықаралық автодәліз бойындағы «Қазақ-Ет» серіктестігіне тиесілі 100 гектарлық павловния бауымен танысты. Ауданның жасыл белдеуін қалыптастыру мақсатында аталған ағаш көшеттерін аудан орталығы мен ауылдарға отырғызуға дайын екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, аудан әкімі жеке кәсіпкер М.Өтеповтың 500 бастық мал бордақылау алаңында болып, шаруашылық басшысын алдағы уақытта ауданда ашылатын заманауи мал бордақылау кешеніне мал басын саудалауға шақырды.
Жанар Аршабаева,
Ордабасы ауданы.