Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің төрағалығымен өткен апталық аппараттық мәжілісте бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі жайылымның жайы.
Сайрам ауданында жайылымдық жер мәселесі күн тәртібінен түспеген. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиевтың өзі де жайылым жер алқаптарын қайтару мәселесі өзекті екенін жоққа шығармайды. Бұл орайда бөлім Түркістан облысының жер қатынастары басқармасымен бірлесіп әзірлеген ортақ жайылыммен қамтамасыз ету жоспарын алға тартады. Онда аудан бойынша 9,9 мың гектар жайылымдық алқапты ортақ пайдалануға беру жоспарланған. Жоспарға сәйкес, 2022 жылға 25 жер учаскесі, 390,5 гектар жер қайтарылған. Ауыл тұрғындарының малын жаю бағытында 30 жер иесімен 4557,0 га жайылымға меморандум түзілген. Жер қатынастары бөлімі әр ауылдық округтердегі елді мекендер маңына жақын орналасқан, тұрғындардың малын жаюға қолайлы жалпы көлемі 4092,5 гектар жер учаскелерінің тізімін жасақтап, ауылдық округ әкімі аппараттарына жұмыс жүргізу үшін жолдаған. Ендігі жерде ауылдық округ әкімдері ұсынылған тізім бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу қажет.
Мәжілістегі келесі мәселе бойынша Сәбит Реметов аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан ауылдық округ әкімдіктері мен дербес бөлімдердің әлеуметтік желілердегі жұмыстарына жүргізілген мониторинг жұмыстарын мәлімдеді. Талдау нәтижелері көрсетілгендей, 2022 жылғы маусым-шілде айларында ауданға қатысты 57 сыни ақпарат жарияланған. Сыни ақпараттар бойынша дербес бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне Whatsapp желісі арқылы 57 хабарлама жолданса, соның әлі күнге дейін 35-не (61 пайыз) жауап қайтарылмаған. Сұрақ қоюшылармен кері байланыс орнатылмаған. Негізгі көтерілген мәселелер: күл-қоқыс – 20, ауыз су – 15, ағын су – 11, коммуналдық мәселелер – 7, заңсыз жер қазу жұмыстары мен кәсіпкерлік нысандардың заңсыз іс әрекеттері – 4. Осы орайда дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің және олар басқаратын мекемелердің ресми аккаунттарына желілердегі белсенділігі мен сын материалдарға дер кезінде жауап беруі жұмыс көрсеткішіне қатысты рейтинг жасалды.
Осы ретте, ауылдық округ әкімдіктерінің ішінде ресми парақшалары белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны Қарабұлақ, Ақсукент, Манкент ауылдары болса, белсенділігі төмен ауылдар қатарына Қарамұрт, Құтарыс, Көлкент, Қайнарбұлақты жатқызуға болады. Ендігі жерде аталмыш бөлім тарапынан бағалау матрицасы негізінде талдау жүргізіліп, рейтингтің нәтижесі ай сайын аудан әкіміне тұрақты ұсынылады.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі салаларға қатысты көрсетілген кемшіліктерді жоюға нақты жұмыс жүргізуді тапсырып, ол өз деңгейінде атқарылмаған жағдайда салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарынан бастап жауапты басшыларға дейін шара көрілетіндігін ескертті.