Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » «Командировочный» әкімдерден қайран бар ма?

«Командировочный» әкімдерден қайран бар ма?

Жалпы, біздің елде әкімдер не үшін әкім болғысы келеді? Халықтың күйін күйттеп, қамын жеу үшін бе, әлде көздегені – қалта қамы ма? Әрине, барлығын бірдей бір топқа жатқыза алмаймыз. Бірі қалмай ел үшін еңбек етіп жүр деп айтайын десең, олардың арасында пара аламын деп тұзаққа түскен, жер сатамын деп жолынан жаңылған пақырларың аз емес. Қораз шақыра салысымен ұйқысынан оянып, таңғы жұмысын елдің тыныс-тіршілігін байқаудан бастайтын әкімдер де жоқ емес. Керісінше, қашан іздесеңіз де не жұмыс орнынан таппайтын, не ауылды аралап жүрген жерінен ешкім көрмейтін «командировочный» әкімдер де кездеседі. Арыс қаласына қарасты Дермене ауылдық округ тұрғындары өз әкімдерін осындай басшылардың тобына жатқызады екен.

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова бейхабар ма немесе Дермене ауылдық округінің әкімі Жұманәлі Кәдиевтің өзі есітіп жүр ме білмейміз, бірақ жергілікті тұрғындар қажет кезде ауыл әкімін майшаммен іздеп таппайтынға ұқсайды. Оның себебін «командировочный» әкім екенімен байланыстырады. Ауыл тұрғындары жергілікті мәселені ауыл әкіміне айта алмаған соң мемлекет басшысының атына тікелей үндеу жасауға көшкенге ұқсайды. Солардың бірі – Дермене ауылында ұзақ жыл ұстаздық еткен Оспан Кенжебеков (суретте) Дерменеде ғана өсетін өте құнды дәрілік шөптер арзымаған ақшаға шетел асып жатқанда жергілікті әкімдіктердің әрекетсіз отырғанына күйінеді. Кеуректің тамырынан алынатын шырынның бір литрі шетелде 1000 АҚШ долларына бағаланатынын айтып әттеген-айлайды. Осынша байлықтың тиын-тебенге шетелге кетіп жатқаны отанын, елін, халқын сүйетін кез-келген азаматты ашындыратыны, жүрегін ауыртатыны анық. Өкінішке қарай, бұл жайт Президенттің жергілікті жердегі өкілі – әкімдерді алаңдатпайтын секілді.

 

«Біздің әкім Жұманәлі Кәдиев Шымкенттен қатынайды. Күн сайын 200 шақырым жүруге оған Үкімет қаржы бөле ма, әлде өз қалтасынан құяды ма ол жағын білмейміз. Мейлі жанармайды өз қалтасынан құйғанымен көлік тозбай ма, оның жөндеуіне қаржыны кім шығарады? Бізде бұлай «командировочный», яғни күнделікті келіп-кетіп, екі араны жол қылатын әкім ғана емес, ауылдағы жалғыз мектептің директоры – Арыс қаласынан, ауылдық амбулаторияның дәрігері – Ақдала ауылынан қатынап жұмыс істейді. Осыдан кейін ауылда қандай оңған тірлік болсын? Бұрын Дермене бүкіл КСРО-ға атағы жайылған керемет ауыл еді. Не керектің бәрі бар болатын. Қазір ше? Ауыл тозған, жұмыс жоқ, жастар жан-жаққа кетіп жатыр. Жер «емейін», төрт түлікті түлетейін десең жергілікті тұрғындарға тиесілінің бәрі сатылып кеткен. Жайылым жоқ. Көрші ауылдармен келісіп, тым құрыса жайылымдық жер алайын десек, әкіміміз енжарлық танытады. Барамыз деп айтып алады да өзі жоқ болып кетеді. Жұмыс орнына барсаң таппайсың. Қайда деп сұрасақ мамандары Қызылкөпірге, тағы бір ауылдарға кетті деп айтады. Ол жақтағылардан сұрастырсақ келмегенін айтады. Сонда әкіміміз халықты алдайтын болғаны ма? Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбековадан мұндай әкімді жұмыстан босатыңыз деп талай сұрадық. Ол кісі «Ауыл әкімін қызметтен алу менің қолымнан келмейді», – деп шарасыздық танытады. Сонда ауылдың ахуалына кімнің жаны ашиды? «Командировочный» тәсілмен жұмыс істейтін басшылар елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдай ала ма? Айтқан жерден аулақ, түн ішінде бір төтенше жағдай орын ала қалса, әкімді қайдан табамыз? Әлде ауыл азаматтарының арасында әкімдік қызметті атқара алатын шын жанашыр жоқ па? Ауылда қызметтік үйлердің салынғанына бірнеше жыл болды. Олар бос тұрып-ақ тозатын болды. Ол үйлерді басшылар менсінбесе, мұқтаж адамдарға бергені әлдеқайда сауап іс болар еді», – дейді Дермене ауылының тұрғыны Әбдіқадір Әбдіраманов.

Ауылда қызметтік үй дайын болса әкім неге сонда тұрмайды? Біз осы сауалдың жауабын Дермене ауылдық округінің әкімі Ж.Кәдиевтің өзінен сұрап білгіміз келген болатын. Алайда, ол кісі телефон тұтқасын көтермеді. Ал Арыс қаласы әкімінің аппарат жетекшісі Талғат Анашбеков былай деді: «Кәдиев жұмысқа Шымкенттен емес, Арыс қаласынан қатынайды. Мектеп директоры мен дәрігердің де Дерменеге қатынап жұмыс істейтінін жоққа шығармаймыз. Қызметтік үйлердің салынғаны да рас. Бірақ олар пайдалануға берілген жоқ. Кәріз жүйесіне ме, басқа ма, әйтеуір бір себептерге байланысты қабылданбай тұр».

Қазақта «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз бар. Әкімнің ауыл ахуалына жаны аши ма, ашымай ма, ол жағы өзіне мәлім, ал ісі жаныашымастың тірлігі секілді. Өйткені, ауыл ахуалына алаңдап, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қолқабыс жасағысы келген басшы күндіз-түні ауылдың топырағын кешіп, қиын иіскеп, мәселесіне бас ауыртып, азаматтардың мұқтаждығын теріп жүруі керек емес пе еді? Жергілікті тұрғындардың уәжінен мұндай жанашырлықты байқамадық. Керісінше, ауыл жағдайы жылдан жылға кері кетіп жатқанын ашына айтады. Бұл ауыл әкімі Жұманәлі Кәдиевті ойландырмайды ма? Бәлкім, іске асыруды жоспарлап жүрген біз білмейтін жақсы жобалары бар шығар. Ондай болса мархабат, біз де басылым бетіне беруге әзірміз. Ел қуанатын, елге пайдасы тиетін жұмыстар атқарылып жатса, неге қолдамасқа? Ал, елге қызмет ету ниеті болмаса, кім болса да орынды өзге біреуге босатқаны жөн болар-ау.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

2 comments

  1. Дермене

    Құрметті Ұлықбек Үмбет.

    • Дермене

      Құрметті Ұлықбек Үмбет. Бұл шығарған мақалаңыз еш шындыққа жанаспайды!
      Далалы алқапта өсетін дәрілік қасиеті мол өсімдік ретінде танылған кеуректің тамырын қазып, қайта шықпастай хәлге түсіріп жатыр деген ақпарат жариялануына байланысты Арыс қаласы әкімдігі жанынан Арыс қаласы бойынша табиғи емдік-дәрілік кеурек өсімдігінің қазылған учаскелерін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылып, оқиға орнына барып. Жер мамандарының зерделеу жұмыстары нәтижесінде, заңсыз әрекеттер орын алған аумақ Отырар ауданының ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жері (аумағы 1 206 гектар, кадастрлық нөмірі: 1929 4055 397) екені анықталды. Арыс аудандық полиция бөлімі, жергілікті жергілікті полиция бөлімінің басшысы құқық қорғау органының өкілдері заңсыз жұмысқа жегілген азаматтар мен олардың дәлел, дәйекті заттарын Отырар аудандық полиция бөлімінің қыметкерлеріне тапсырды. Қазіргі таңға дейін Арыс қаласы Дермене ауылдық округінде заңсыз өсімдіктерді қазу жұмыстары тіркелмеген.
      Ғылыми тұрғыда 1830 жылы дермене жусанының құрамынан алғаш рет кристалды «сантонин» деп аталатын шипалық қасиеті өте жоғары препарат алынды. Бұл препарат тек қана дермене жусанынан ғана алынады. Оны Калер мен Алемс деген ғалымдар арнайы зерттеп, дәлелдеген. Ал 1880 жылы орыс көпесі Савинков қазақ жерінде аса бағалы дәрілік шөптің өсетіндігін естіген екен. Артынша Шымкент қаласында дермене жусанынан сантонин өндіретін арнайы зауыт салынып, оның өнімі бүкіл Еуропаға экспорттала бастайды. Кеңес өкіметі жылдарында дерменені жинау және өңдеу бойынша бірнеше ірі шаруашылықтар құрылған. Дәрілік шөпті жинап, сырт елдерге тасымалдау XX ғасырдың 90-жылдарына дейін жалғасты.
      Дермене – асыл шөп. Бойы 50 сантиметрге дейін өсетін жартылай бұталы, көпжылдық өсімдік. Оңтүстік Қазақстанда, Арыс, Түркістан, Шаян аймағында жиі кездеседі. Улы өсімдік. Әсіресе гүл жармай тұрғанда, жапырақтарында улы зат – сантонин пайда болады. Сол себепті одан жасалған дәріні дәрігердің кеңесінсіз пайдалануға болмайды. Халық медицинасында оны жүрек талмасы бар науқастарға пайдаланады. Алдымен оның сабағының жоғары тұсындағы жапырақтарын гүлі ашылмай тұрған кезде жинап алады. Содан кейін гүлі мен сабақтарын жинайды. Демікпе, бронхит, қабыну ауруларын емдеу үшін дермене тұқымын ұнтақтап, жарты литр қайнаған суға салып демдейді. Күніне үш реттен отыз грамнан ішеді. Сонда ауру адам тез сауығады. Дермене тұқымын мейізбен қосып, жаншып араластырып пайдаланса, өкпе ауруына бірден-бір ем болып табылады.
      Жалпы, дүниежүзінде өсетін жусанның 500-дей түрінің 81 түрі Қазақстан аумағында өседі. Дәрілік шикізат ретінде тамырымен есепсіз жұлынғандықтан, бүгінде дермененің қатары қатты сиреген. Бұл өсімдік түрін қорғау және сақтап қалу, қорын молайту мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысында 1967 жылы республикалық мәні бар арнайы Задария, Ақдала (Арыс ауданы), Жамбыл (Бәйдібек ауданы) және Темір (Отырар ауданы) ботаникалық табиғи қорықшалары ұйымдастырылған. Арыс өзенінің бойында Дермене деп аталатын бар. Оның Дермене деп аталуы да дәрілік жусанның арқасында. 1950 жылдардан бастап сол кеңшар фармацевтикалық өндірістің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін КСРО аймағына танымал болған, миллионер ауыл атанған.
      Ендеше, дертке дауа дерменені қолдан құртып, қарап отыра береміз бе? Күні ертең жусанның осы бір түрінен тағы бір емдік шипа табылып жатса (мәселен, әлемді тітіркендіріп тұрған коронавирусқа қарсы) оны таба алмай, жер шұқып қалмаймыз ба? Біздіңше, дермене, қызыл мия, ермен, тағы басқа шөптерді өсіретін арнайы шаруашылықтар әлі-ақ ашылатын сияқты. «Ермен жеген ел өлмес» деген мәтелге сүйенсек, осы дәрілік өсімдік ішінде жүргендер сырқатқа бой берер ме?! Екіншіден, жергілікті тұрғындар жұмыс тауып, нәпақасын туған жердің жусанынан тауып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Иә, жоқтан бар жасау қиын, ал, барды ұқсата білу – бұл өнер!
      Дермене ауылдық округінің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыра отырып, өңірге инвестиция тарту көзделуде. Осы арқылы округтің экономикалық әл ауқатын арттыруға өз үлестеріңізді қосуға, ел ішінен Дермене өсімдігін өндіріп, дәрілік дәрі дайындауға кәсіпкерлерді шақырған болатынбыз.

      Дермене ауылдық округ әкімі Кадиев Жуманалы Ыбыжанович, Дермене елді мекені С.Сейфуллин №22 үйде тіркелген, және өзінің жеке көлігімен Арыс қаласынан қатынап қызметін атқаруда, және ауыл тұрғындарының жеке мәселелері бойынша әр аптаның сәрсенбі, бейсенбі күндері сағат 10-00 ден 12-00 ге дейін жеке қабылдау өткізеді

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығын іске асыру аясында Арыс қаласы Дермене ауылдық округ әкімі Ж.Кадиевтің Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40 разъезд, Қаражантақ, Саналы, Қызылкөпір елді мекені тұрғындарымен кездесулер өткізілген. Ағымдағы жылдың сәуір айының 19 мен 22 ші жұлдыз аралығында және шілде айының 26 мен 29 күндері елді мекендерді аралап ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізілген болатын.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика