Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes

ЖҰБАТУ СӨЗ

ЖҰБАТУ СӨЗ

Белгілі композитор Құралай Сәтмұхамбетоваға

әпкесі Қарлығаштың қайтыс болуына байланысты

1.

Құралайым,

Өзіңе көңіл айтып тұр ағайын.

Білесің өмір солай, жылама сен,

Жылама айым, мен дағы құламайын.

Білесің жақсылардан ат қалады,

Білесің ғалымдардан хат қалады.

Әпшенің еңбек етіп өсіргені,

Жүректе мәңгілікке сақталады.

Оңтүстіктің аспаны түнеріп тұр,

Сүйеніп босағаға бір елік тұр.

Ол сенсің Құралайым, сен құлама,

Өмір сол, жалғыздыққа тіреліп тұр.

Қайтейін әпше кетті, іні кетті,

Талайлар сабырменен тыным етті.

Қымбатты беріп, алып, ардақтатып,

Әуреге салған Құдай құдыретті.

Білесің Алла ғана үкімгерім,

Менің де қалған жоқ қой бүтін жерім.

Ажалға қанша қарсы шықсаң дағы,

Қабыл болар сабыр мен шүкірлерің.

Сен жеттің талай биік белестерге,

Әніңді айтар жұрт тойда, кеңестерде.

Жүрегің – алтын қазына жоғалмасын,

Артыңнан тас атпасын тек еш пенде.

Әпшенің жатқан жері жайлы болып,

Сен де енді есейесің қайғы көріп.

Пендеміз бұл өмірге жылап келген,

Қашан біз өміріміз жайлы дедік.

2.

Білесің Тұманбаймен құстар қайтты,

Білесің Нұрғиса да тұспалды айтты.

Қадірін білмей достың тірісінде,

Іздейміз басымыздан ұшқан бақты.

Іздейміз ұшып кеткен уақыттарды,

Білмейміз басқа қонған бақыттарды.

Миллиондарын бір әнге қимағандар,

Қайта тұрмас қабірде жатып қалды.

Жаным менің, сен менің жанымдасың,

Ән болып, гүл қауыздан жарылғансың.

Гүлміз біз қауызынан бірге ашылған,

Жүрегіңде төзім мен сабыр қалсын.

Дүниеден мен де өтемін, сен де өтесің,

Артымызда өлең қалсын, әнің қалсын.

Байқайсың ба соңғы кез сені елің,

Мақтап жатыр не деген керім едің.

Әлі де осы жаста сұлусың сен,

Жүрегін ауыртатын серілердің.

Сондықтан әнің қайда, әнің қайда?

Әнмен бір жаратылған жаның қайда?

Әпкенің жатқан жері жайлы болсын,

Бәрі жалған өмірде, сабырды ойла.

3.

Отырмын ойға батып сен туралы,

Не деген ауыр өмір толқындары.

Толқынды толқын қуып бара жатыр,

Айту да тіпті қиын ол туралы.

Толқыннан толқын туып, ауысуда,

Абайдың сөзі ақиқат мен туғалы.

Бұл Құдай не істемекші, сынап отыр,

Әдейі жұмбақ қылып сол күнді әлгі.

Ол күнің – ажал бізге келетін күн,

Адамдар өлгеніңе сенетін күн.

Тіріде тырбаңдаған тірлігіңнің,

Бағасын тірілер де беретін күн.

«Ойпырмай, дана еді, ұлы еді,

Кеше ғана ортада жүріп еді».

Деген сөзді айтады, бәрі-бәрі,

Мақтаудан өлген қалай тіріледі.

 

Өнер өлер дегенге мен сенбеймін,

Бағасын біл мәңгілік өлшемдердің.

Дүниеде әнің қалсын, жаның қалсын,

Сенің күлген кезіңді көрсем деймін.

Бөлісіп тек өзіңмен сырларымды,

Арнасам саған мақтау жырларымды.

Кеше ғана оңтүстік ән кешінде,

Таң қалдырды талантың бір қауымды.

Ән айтып сахнаға өзің шықтың,

Ұмытпаймын гүлдей боп тұрғаныңды.

Айналайын сен менің Құралайым,

Құралайын жұбатып тұр ағайын.

Мен-дағы жыламаймын, сен жылама,

Жұбатқан мен де сенің бір адамың.

Жасыңның бір тамшысын берші маған,

Сүртпестен оған қалай ер шыдаған.

Тамшыңды жұтып қойып, қайғыңды алдым,

Көз жасың әнге айналар, сенші маған!

4.

Құралай, басты көтер, басты көтер,

Білесің кәрілік кеп, жастық өтер.

Оның бәрі әншейін белгілі сөз,

Серілік, сенделген кез, мастық өтер.

Бірақ та ән қалады, ән қалады,

Сазыңа сансыз адам таң қалады.

Артыңнан тас лақтырған жандар әлі,

Мақтауға әндеріңді қамданады.

Мен оны естіп жүрмін, көшелерде,

Тойларда, талай төрде, неше жерде.

Шіркін-ай, сен шығарған ұлы әндер,

Бақ болып қонып тұр ғой пешенеңде!

Сен оны түсінбейсің, түсінбейсің,

Ән жазып, сұлу нота мүсіндейсің.

Сен әлі құралайсың, баладайсың,

Көңіліме бір де кіршік түсірмейсің.

5.

Сен тазасың, алтынсың, саф тазасың,

Әнменен болашаққа хат жазасың.

Құдайым талант берген Құралайды,

Талай-талай бәледен сақтағайсың.

Осымен өлең сынды базынамды ал,

Әніңе ғашық жүрек назын аңғар.

Ал енді, отыр барып күй сандыққа,

Жүрегіңде әлі көп қазынаң бар.

Құдаймен тайталасып надан жүрер,

Алла хақ, айтысқанды маған жібер.

Ауырма, кеселіңді мен алайын,

Алла хақ, әнмен берген саған жігер.

Құралай, сен ауырма, сен ауырма,

«Аңшылар» алып жүр ғой қарауылға.

Қазағым оқ атпасын, жоғалтпасын,

Сен үшін мен тұрайын қарауылда.

Жүрегің сазға толы кереметсің,

Соқыр, мылқау кереңді зерек еттің!

Қауырсыны таусылып түтеленген,

Тырнағы сынған ініңе не демексің?!

 

Жылаугерің – ақын досың,

халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Мылтықбай ЕРІМБЕТОВ

  1. 08. 2022.

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика