Мұндай таңғажайып нағыз бағбандардың ғана қолынан келсе керек. Бау-бақшаның жағдайынан жақсы хабардар, күтіп-баптауға икемді шарулардың жетістігі. Ал ондай шеберлер Сайрам ауданында көп-ақ.
Қарабұлақ ауылында тұратын Икрам Розақұлов алма баптаудың шын шебері. Ол осыдан 15 жыл бұрын Тәшкенттен 700 түп алма көшетін әкеліп, 2,5 гектар аумаққа отырғызған екен. Содан өніп шыққан алма бауында бүгінде алманың 5 түрі жайқалып тұр. Ал ең қызығы кейбір ағашта алманың 4-5 түрі өседі. Яғни, бір түп ағашқа алманың бірнеше түрін будандастыру арқылы өсірген.
«Бір түп ағашқа он түрлі алманы өсіруге болады» дейді өзі. Тіпті алма ағашынан алмұрт жемісін де алуға болады екен.
– Ал, алмұрт ағашына тек алмұртты ғана пайуандамаса болмайды. Алма ағашы болса алмұртты өсіре береді. Бір бұтағынан жаздық, екінші бұтағынан күздік, үшінші бұтағынан қыстық алма өсіп тұратын алмаларым бар. Мұндай тәжірибені тамыз айының басынан қыркүйектің ортасына дейін жүргізуге болады.
Бағбанның айтуынша, алдымен кез келген жемістің кішкентай бұтағын кесіп алып, қаламша жасаймыз. Оны алма бұтағының қабы аршылған жеріне мықтап бекітеді. Ішіне ауа кірмеуі керек. Келесі жылы көктемде алма ағашының басқа бұтақтары сияқты ол да бүр жарып, өсе береді.
Сайрамдық ауылшаруашылығы саласының мамандары мұндай әдісті аудандағы бірнеше диқан өз бауында қолданатынын айтады. Ал Қарабұлақта бау өсіретіндер бұл әдісті ұдайы қолданады. Қарабұлақ ауылында 35-40 гектардай алма бау бар. Бұл жеміс беретіні ғана. Жеміс бермейтін жас бау-бақша да жетерлік. Биыл алма жылдағыдан 15-20 күнге ерте пісіп жатыр екен. Қазір базарда алма сататындар өнімді Қарабұлақтағы баудың басына келіп, алманың әр келісін 150-200 теңгеден сатып әкетуде. Аудан бойынша биыл жыл соңына дейін 30 мың тоннаға жуық алма жинаймыз деп отыр.
Аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков кешегі аптада Қарабұлақтағы алма бақта болды. Шаруалардың бау-бақшасын аралап көріп, дихандардың еңбегіне табыс тіледі.