Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Түркістан облысы қашанғы сынақ алаңына айналмақ?

Түркістан облысы қашанғы сынақ алаңына айналмақ?

Түркістан облысы еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан өңір. Табиғаты төрт түлік өргізуге қолайлы, әрі халқы да еңбекқор болғандықтан, мал басы да жетерлік. Облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты ветеринария бөлімінің басшысы Базарбек Омаровтың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда оңтүстік өңірде 4,4 миллион бас ұсақ, 1,3 миллион бас ірі қара бар екен. Оған 37 мың түйені қосар болсақ, малымыз өріске сыйса да қораға сыймасы анық. Алайда, оны жылдың төрт мезгілінде де көзден таса етпей қарамаса көбейтпек былай тұрсын, азайтып алуымыз да әбден мүмкін.

Әрине, әркім өз малына ие болып, сан мен сапаны көтеруге көңіл бөлетіні түсінікті. Дегенмен, осынша малды сақтап, көбейтуде мемлекет тарапынан көмек көрсетілмесе жеке шарулардың жағдайы қиындайтыны рас. Шаруалардың уәжіне қарағанда жоғарыда отырған тиісті сала басшылары бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын секілді. Бұлай деуімізге не себеп болды? Оны білгіміз келсе шаруалардың сөзіне құлақ түрелік. Мәселен, Сарыағаш ауданының тұрғыны Әзірет Майлыбай былай дейді: «Мал басын көбейту біздің өзімізге тиімді. Бірақ соған жоғарыдан көмек керек қой. Мысалы, ондаған жылдар бойы малымызды кенеден сақтау үшін креолинге шомылдырып келдік. Оның пайдасы сонау Кеңес заманында-ақ ғылыми тұрғыда дәлелденіп қойған. Қаншама жылдардан бері қолданылып, нәтиже беріп келген әдіс енді жарамсыз есептеліп, креолиннің орнына «Ивермек» деген екпе егуді тәжірибеге енгізіп, жаңалық ашты. Шыны керек, оның ешқандай пайдасын көрмедік. Амал жоқ, шаруалар бәрібір бұрынғыдай креолинді өздері сатып алып, төрт түлігіне бүркеп, сеуіп жатыр. Негізі бүркеу мен шомылдырудың айырмашылығы бар. Шомылдырсаң малдың денесінің барлық жеріне креолин тиеді. Ал бүркеу ол шарасыздықтан жасалатын нәрсе. Мұны ветеринар дәрігерлер облысқа қолданылып отырған пилоттық жоба деп түсіндірді. Биыл сынап көреміз, оң әсері болмаса келесі жылы қайтадан креолинге көшеміз дейді. Сонда бұл қалай? Бүкіл бір облыстың малын сынаққа салғандары қай сасқаны, өз қызметін білмейтін қай шендінің ойлап тапқаны? Жаңа әдісті сынақтан өткізгісі келсе алдымен бір шаруаның малын, болмаса мың, тіпті болмаса он мың малды, ол аз десеңіз бір ауданның малына сынақ жүргізсе болмас па? Бүкіл бір облыстың малын сынақтан өткізіп, қатерге бас тігу – қылмыс емес пе?

Биыл күн қатты ысып, кене көбейген. Ал кене жабысқан малдар әлсіреп, құрттап жатыр. Өлгендері де жоқ емес. Әлгі екпенің әсері болмады. Сонда биліктегілердің сынақтан өткізетіндей біздің малымыз оларға тышқан болғаны ма? Егемендік алған 30 жылдағы жеткен жетістігіміз осы ма?

Негізі, қора жайларды кене шықпай жатып, яғни наурыз айында залалсыздандыратын. Биыл сәуірдің аяғы мен мамырда жүргізілді. Маман емес қарапайым шаруа адамның өзі бұл уақытта кене тұқым шашып, көбейіп кететінін біледі. Сонда мұны облыстың ауылшаруашылығын, ветеринария саласын басқарып отырған азаматтардың білмегені ме? Ондай адамдар қызметке қалай тағайындалған?».

Шаруаның айтып отырғаны шындық болса, бұл дабыл қағарлық жағдай емес пе? Біз Әзірет Майлыбайдың уәжінің қаншалықты рас екенін, оның сауалдарына жауап табу үшін Түркістан облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты ветеринария бөлімінің басшысы Базарбек Омаровқа хабарласып, осы мәселеге қатысты пікір білдіруін сұрадық. «Біз бұрыннан қоражайларға шаруалар айтып жүрген құрғақ ұнтақты шашып, малдарды креолинге шомылдырып жүргенбіз, – дейді бөлім басшысы. – Биыл пилоттық жоба ретінде «Ивермек» деп аталатын кенеге, жалпы басқа да ауруларға қарсы дәрі ектік. Қайталап айтам, мұны пилоттық жоба ретінде енгіздік. Бүгін мен Кентауда шаруалармен кездесіп, малдарды көріп жүрмін. Дәріні мөлшерімен, уақтылы ексе кенелердің бәрі түсіп, екі айға дейін қайта жабыспайтынын айтуда. Мен 100 пайыз керемет деп айта алмаймын, бірақ нәтиже де жоқ емес. Бұл тәсіл көрші Қызылорда облысында біраз жылдан бері қолданып келеді. Біз мұны өткен жылы 100-200 қойға салып көргенбіз. Өз мөлшерінде ексе мұның әсері керемет болады. Бірақ оны әр малға салмағына қарап салу керек. Буаз мал іш тастайды. Бұл жерде мал дәрігерлердің біліктілігі қажет. Алғаш болғандықтан, жаңа тәсіл біздің шаруаларды алаңдатып отырған секілді. Сол себепті шаруалардың уәжімен санасып, келесі жылы бұрынғыдай креолинге шомылдырып, бүркуге ауысамыз. Креолинге осы күзде тапсырыс беріп қоямыз. Облыста 360 мал шомылдыру орны бар. Қазірдің өзінде шаруалардың 50 пайызы малдарын өз күштерімен шомылдыруда. Біз өз тараптарынан ондай бастама көтергендерді қуана қолдап отырмыз.

Жыл сайын кенеге қарсы бүркеу жұмыстарын 15 наурыздан кешіктірмей бастайтынбыз. Биыл кешіктік. Себебі сәуірдің ортасына дейін күн жаңбырлы болғандықтан, 20 сәуірден бастадық. Жаңбырлы күндері оны шашудың пайдасы жоқ. Миллиондар далаға кетеді».

Басшының сөзінен байқағанымыз, жаңа тәсіл тиімді болғанымен, жергілікті шаруалар тарапынан қолдау таппаған сыңайлы. Өйткені, малдың сыры кабинеттегі басшыларға емес, күнделікті қасында жүрген егесіне мәлім емес пе? Сол себепті малға қатысты қандай да болсын шешімді шаруамен ақылдасып, санасып барып қабылдау керек екені тағы дәлелін тауып отыр. Пилоттық жоба, сынақ жағдайды жақсарту үшін керек те шығар, бірақ, шаруамен ақылдаспай қабылдаған шешім керісінше зиянын тигізуі мүмкін. Ондай кезде, әрине зардап шегетін кабинеттегі басшы емес, қорадағы шаруа болары анық. Шаруа жайын ойласақ, әрбір бастаманы жеті рет өлшеп барып бір кескен дұрыс-ау. Қалай болса да «келісіп пішкен тон келте болмайды» ғой.

Бізді алаңдататын бір жайт, білім, денсаулық, ауылшаруашылығы саласы болсын Түркістан облысы қашанғы пилоттық жобалардың сынақ алаңына айналмақ? Әлде халықтың тығыз орналасқандығы сынақ өткізуге қолайлы ма?

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика