«Tolem» картасы барларға тегін тамақ беріледі екен» деген ақпарат ата-аналар арасында соңғы кезде жиі айтыла бастады. Ата-аналардың вацап чатында жиі талқыға түсіп жатқан бұл мәселенің мән-жайын анықтап білу үшін біз тиісті мекемелерге хабарласып, бұл ақпараттың рас-өтірігін анықтаған едік.
Расында да бұдан былай «Tolem» картасы бар оқушылар мектеп асханасынан тегін тамақтана алады екен. Бұл туралы бізге «QazSmartTrans» ЖШС бас директоры Сержан Ақылбаев мәлімдеді. Алайда тамақ үшін «Tolem» картасына ақша салып тұру керек» деген ақпарат ЖАЛҒАН.
Ата-аналар 1 қыркүйекке дейін оқушы балаларына «Tolem» картасын рәсімдеп үлгеруі тиіс. «Tolem» картасы бар 1-4 сынып оқушылары мен жоғарғы сыныптардағы тиісті санатқа жататын оқушылар тегін тамақтанады. Жаңа жүйе әзірге 54 мектепке орнатылған. Өзге мектеп оқушылары ыстық тамақпен бұрынғы жүйе бойынша қамтамасыз етіледі. Олар жаңа жылдан кейін бірітіндеп осы жаңа жүйеге қосылатын болады.
Айта кетейік, «Tolem» картасын рәсімдеу ақысы – 500 теңге. Карта 7-10 күнде дайын болады. Оқушыларға арналған картада баланың суреті тұрады. Дайын болғанын +7 701 315 18 52 WhatsApp нөмірі арқылы немесе tolemcard.kz сайтында ЖСН нөмір арқылы тексеруге болады.
– Біз Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың өтінішімен қаладағы 54 мектепке терминал орнаттық. Ыстық тамақпен қамтамасыз етілген оқушылар асханаға келгенде карталарын осы терминалға басады. «Tolem» жүйесі ыстық тамақ алған әр оқушыны белгілеп отырады. Мектеп асханасындағы ыстық тамақ қоғамдық көлікке жолақысын төлеу жүйесімен қосақталды. Ата-аналар бұрынғыдай баласының картасында жолкіре үшін ғана ақша сала алады. Ал терминалға белгі соғу айдың соңында білім басқармасының мамандары тамақтанған баланың санын нақты білуі үшін қажет. Осылайша қанша бала нақты тамақ ішіп жүр, қанша баланы тамақ ішті деп жалған есеп беруде екенін нақтылай аламыз. Бұл өз кезегінде бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуына да септігін тигізбек. Себебі, бұған дейін тамақтанып жүретін оқушы 1-2 күн келмей қалса, ол белгілене бермейтін. Қаржы бала тамақ ішсе де ішпесе де бөлініп отырған. Ал төлем жүйесі ұлттық білім беру мәліметтері қорымен де кіріктірілген. Онда мұғалімдердің мәліметі бойынша, оқушылардың ауырған және мектепке келмеген күндері жазылып тұрады. Яғни, оқушы сырқаттанып қалса немесе асханаға келмесе, картасын басқа біреуге бере алмайды. Жүйе өткізбейді, -дейді «QazSmartTrans» ЖШС бас директоры Сержан Ақылбаев.