Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Басты жаңалықтар » Базар өртенді:Тағы да зардап шеккен халық

Базар өртенді:Тағы да зардап шеккен халық

Саяси «жауырыншылардың» сөзіне сенсек, базарларды жалмап жатқан өрттің дені қандай да бір нақты ақаудан емес, қалталылар текетіресінен пайда болған ұшқыннан тұтанады екен. Бақталасын сүріндіргісі келген адам базар өртейді. Осылайша кек қайтарады, өш алады. Ал, зардап шегетін қашан да қарапайым халық. Дәл осы жерде «екі түйе сүйкесе, ортасында шыбын өледі» деген мақал ойға еріксіз оралады екен. Жә, бұл енді басқа әңгіме. Біздің айтпағымыз бұл емес…

Базар – бизнесмендер үшін үлкен табыс, халық үшін күнкөріс көзі. Бірақ, оны өрттен тиісті деңгейде сақтандырмаған. Соның салдарынан Алматы мен Шымкентте бірнеше базар жанды, Елордада қайталанды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкенттегі саудасы қыз-қыз қайнаған «Бекжан» базары бір-ақ күнде күл-қоқысқа айналғанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде мыңдаған кәсіпкер зардап шекті, қарызға белшесінен батқандары да аз болған жоқ. Базар басшылығы мен жергілікті атқарушы билік әртүрлі қордан түскен көмектің есебінен кәсіпкерлерге 200 мың теңге өтемақы беруден әрі аса алмады.

Шыны керек, көптеген сауда орындарында өрт қауіпсіздік ережелерінің сақталмайтыны көзге көрініп тұрады. Базар іші өрт сөндіру көліктері былай тұрсын, жаяу жүргінші әрең жүретіндей тар. Арнайы көлік тұрақтары аз. Осы жағдай базар басшыларына әлі сабақ болмаған тәрізді. Жетісайдағы өрт те осындай бейқамдықтан туындамасына кім кепіл? 26 тамыз күні түнгі 3-тер шамасында «Күлпаршын апа» базарында басталған өрт лездің ішінде көп аймақты шарпып үлгерді. Салдарынан жүздеген кәсіпкер күнделікті тауып отырған нәпақасынан айырылды. Жұрт улап-шулап қалды.

Әрине, өрттің шығу себебін анықтайтын арнайы құзырлы орындар бар. Дегенмен, тілсіз жаудың әдеттегідей адамдар шырт ұйқыда жатқан кезде басталуы күдік тудырады. Бейресми мәліметке қарағанда қызыл жалын базардың бірнеше қақпаларынан бір мезетте көтерілген. Бұл өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіру мақсатында әккі қылмыскерлердің қолымен жасалған әрекет тәрізді. Оның үстіне төтенше жағдайдың басқа кезде емес, тура оқушыларды жаппай мектепке дайындау науқанында орын алғаны да кездейсоқ болмаса керек. Бәлкім оқиғаның орын алуына жол берген кінәлілер де анықталып, тиісті жазасын алар, бірақ одан тауары күлге айналған кәсіпкерлерге келер пайда қайсы? Олардың құны ондаған, тіпті жүздеген миллион теңгемен бағаланатын тауарын кім орнына қойып береді? Араларында баспаналарын, басқа да мүліктерін кепілге қойып, банктен несие алып, саудаға салғандардың аз еместігі айтылып жатыр. Енді олар не істейді? Сол баяғыдай 200, 300 мың теңге өтемақыны місе тұта ма?

Оқиға орын ала салысымен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі бастап көмекке ұмтылды. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлердің барлығының да шағымдары назарға алынбақ. Өмірзақ Естайұлының: «Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз», – дегені көңілге сәл де болса сенім ұялатқандай болды. Әрине, айтылған сөз бен атқарылған іс өзара қабысып жатса қанекей.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың басшылығында өрт салдарын жою жұмысымен айналысатын арнайы комиссия құрылған. «Базар иелерімен келіскендей, өртенген базар 20 күнде қалпына келтіріледі. Жөндеуден өткен соң кәсіпкерлер сауда нүктелерін 1 жыл тегін пайдаланады. Сондай-ақ салық органдарымен бірлесіп салық төлеу мәселесі де қарастырылады. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, келтірілген шығындарды өтеу үшін қор құрылады. Комиссия төрағасы ретінде базардағы кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қорға түскен қаражаттан шығындарды өтейміз», – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Төтенше жағдай салдарын жою комиссиясының бастамасымен, сондай-ақ, банктер және кредиттік ұйымдармен кәсіпкерлердің несиесін төлеуде кем дегенде бір жылға каникул алуға келіссөз жүргізіледі. Жеңілдетілген несие беру бойынша да жұмыстар қолға алынбақ.

Қазақта «Көп түкірсе көл» деген сөз бар. Түркістан облысында мұндай тосын жағдайдың орын алғаны алғаш емес. Бұған дейін Арыста әскери қойма жарылып, Мақтаарал ауданын су басқанда да халық ұйымшылдық таныта білген. Жетісайдағы халықтың басына түскен ауыр жағдайды да көп болып көтеретініміз анық. Жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек беру мақсатында Мақтаарал, Жетісай ауданының кәсіпкерлері мен облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев, Мақтаарал мен Жетісай ауданының әкімдері Б.Асанов пен М.Қадырбек кездесу өткізді.

Қазіргі таңда ел ішінде аталған қорға қаражат жинау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. «Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қоры» арқылы зиян шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге болады.

Иә, басына іс түскен ағайынға көмек қолын созу азаматтықтың белгісі. Өте сауап іс. Бірақ мұндай тосын оқиғалар қашанға дейін жалғаса бермек? Қашанға дейін әлдекімдердің немқұрайдылығы мен жауапсыздығынан болған жағдай қарапайым халық есебінен жабыла бермек? Базар басшылығы қыруар табыс түсіріп отырған базардың қауіпсіздік мәселесін неге күшейтпейді? Ал, мектеп пен балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың өрт қауіпсіздігін тексеруге құмар орган қызметкерлері неліктен базарға келгенде қырағылығынан айрылып қалады? Неге базардағы әрбір сауда нүктесі заңды түрде сақтандырылмайды? Сұрақ көп, өкінішке қарай нақты жауап табу қиын.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика