Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Ханқорғанға бардың ба, хан ордасын көрдің бе?

Ханқорғанға бардың ба, хан ордасын көрдің бе?

Тарихта Ордабасы тауы, дала парламенті – Мәртөбе биігі, Күлтөбе сынды ойып тұрып орын алған мекендер қатарына Ханқорғанды да жатқызуға әбден-ақ болады. Ханқорған қалашығының орнын археолог, тарихшы мамандар 1979 жылы анықтаған екен. Ханқорғанда билік құрған ең соңғы хан Абылай болған деген мәлімет бар. Қалашықтың биіктігі 9 метр, аумағы 3 гектар жерді алып жатыр. Ең үстіңгі қабаттан Абылай ханның өмір сүрген заманына тиесілі көп жәдігер табылған. Яғни керамикалық бұйымдар, сондай-ақ осыдан 15 ғасырдай бұрын хан ордасы болғанын айғақтайтын құнды жәдігерлер табылған. Алайда, көп айтыла бермейтін, тарихи-мәдени мәртебесі айқындалса да алты Алашқа дақпырты түгел жете қоймаған бұл қорған жайлы ақпараттың қағажу қалып жататыны да  рас. Осы бір олқылықтың орнын толтырғандай болған іс-шара кешегі аптада Сайрам ауданында өтті.

Оны Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалы жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай мен Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының директоры, ақын Айдар Сейдазым бастаған топ ұйымдастырды. Бір сөзбен айтқанда «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы  «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағыты бойынша өлкетану экспедициясы. Бұл экспедиция бұған дейін Созақ ауданында да болып, теріскейдің төріндегі әулиелі, тарихи орындардың жай-күйімен танысып қайтқан.

Құрамында тарихшы, жазушы, ақындар мен журналистер бар экспедиция мүшелері бұл жолы шежірелі Сайрам ауданына бет алды. Ханқорған – Көлкент ауылдық округінің аумағында орналасқан. Бұл ауыл бұрын Мәдени деп аталатын. Қазір тарихи атауы қайтарылып, Ханқорған ауылы деп аталады.

Ауылға кіре беріс маңға, үлкен жолдың бойына бірк ездері меценат азамат Лесбек Тәшімовтың бастамасымен Абылай ханға арналған ескерткіш қойылған. Облыс жұртшылығының есінде болар, осыдан бірнеше жыл бұрын, Ханқорғанның басында облыс басшысы Жансейіт Түймебаев облыстың зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, руханият мәселесі төңірегінде тәлімді жиын өткізген.

Сол жиында белгілі археолог-тарихшы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев Ханқорғандағы қазба жұмыстары кезінде шығыс моншасының қалдықтары табылғанын мәлімдеген. Әрі ол қазақ жеріндегі ең көне монша екені дәлелденгенін жария етіп еді.

–Оңтүстік өлкесіндегі көне қалалар орта ғасырларда Ұлы Жібек жолының бағытындағы сауда мекендері ретінде пайда болғаны мәлім. Сол кездегі барлық қалалардың орталығында міндетті түрде мешіт бой көтергенін байқадық. Бұл моншалар шамамен Х-ХІІ ғасырларда салынған. Қоғамдық құрылыстар қатарында моншалар маңызды орынды иеленген. Мысалға, Отырардың рабадында ХІ-ХІІ ғасырлар аралығында салынған 2 монша табылды. Осыған ұқсас моншалар Ханқорғанда да бар, – дейді тарих ғылымдарының докторы, академик Бауыржан Байтанаев.

«Ханқорған қалашығындағы моншалар шаршы кірпіштерден тұрғызылған. Олардың қалыңдығы – 90 сантиметрді құрайды. Қабырғалары төрт қатарға тізбектелген. Өзінің құрылымы, конструкциясы және табылған заттары бойынша ол қалалық моншаға қатты ұқсайды» деген ғалымдар керамикалық құбырлардан тұратын кәріздендіру жүйесінің, су жинағыштың, жуынуға арналған екі ыдыстың, демалуға арналған бөлменің болғанын дәлелдеді.

Жалпы алғанда Ханқорған  құпиясы әлі ашылмаған, ғажайыбы мол орын.

Міне осындай тарихи орынның мән-мағынасын ашып, ел арасында насихатын айтып, өскелең жастарға баяндап жүруді мақсат тұтқан «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» бағытындағы өлкетану экспедициясы Сайрам ауданында осы себептен жиналған еді.

Экспедиция мүшелерін Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков әкімдікте қарсы алып, арнайы басқосу өткізді. Оған аудандағы зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, ақын-жазушылар, журналистер, белсенді жастар қатысты. Бүгінгі руханияттың жай-күйі, аудандағы «Парасат» пікірталас алаңынын атқарып отырған жұмысы, жас ақын-жазушылардың әдеби ортасы жайлы мағлұматтар ортаға салынды. Бірқатар мәселелер көтеріліп ұсыныстар айтылды. Экспедиция мүшесі, белгілі жазушы, журналист, тарихи тақырыптарға қалам тербеп жүрген Шойбек Орынбай, сазгер, Мәдениет қайраткері Сейдулла Темірбаев, Қазақстан Жазушылар  Одағы Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Айдар Сейдәзім, ақын Сүндет Сейітов және  ауданның жалынды жастары өз ойларын ортаға салды.  Сейдулла Темірбаевтың ұсынысы орынды-ақ. Ол айтады: «Сайрам дегенде «Сайрамда бар сансыз баб» деген тәмсіл тілімізге орала кетеді. Алайда,  тарихи орын, жәдігерлер топтасқан Сайрам ауылы бүгінде Шымкент қаласының құрамына еніп кеткендіктен, ауданымыздың атауына қатысты мән-мағына жұтаңдап қалған сияқты. Бұл орайда Сайрам ауылын ауданға не қайтару керек, не ауданның атын аустырған жөн-ау». Ойланатын мәселе.


Сайрамдық ақын Зияда Исатайқызы, аудандық газеттің тілшісі Салтанат Абылбекованың бірқатар ұсыныстары мен тілектері көпшілікке ой салды. Журналист қыз көтерген әлеуметтік мәселені аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков тікелей бақылауына алатын болды. Әрі сол басқосу үстінде-ақ жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Айдар Сейдазым Сайрам ауданында жас таланттарды қолдау жақсы жолға қойылғанын айта келе, аудан әкімдігіне  жас таланттардың тырнақ алды шығармаларын жинақ етіп шығарып беру ісіне алғысын білдірді. «Талантты жастарды елге танытуға, шығармаларының жарық көруіне ұйытқы болуға біз де хәл-қадірімзше көмектесуге әркез дайынбыз. Жастар арасындағы шығармашылық байланысты, әдеби ортаның жұмысын жандандыра түсуіміз керек» деді.

Бұдан кейін экспедиция мүшелері «Ханқорған – қазақтың қасиетті жері» деген тақырыпта Ақсукенттегі Е.Сарманов атындағы  гуманитарлық агроиндустриалды колледжінде студен жастармен, колледж оқытушыларымен кездесті. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі тарихшы Гаухарбек Тілеуқұлов жиынға қатысқан жастарға Ханқорғанның, жалпы Сайрам ауданының тарихы туралы тұщымды баяндама жасады.

Шойбек Орынбай қазақ тарихындағы проблемалық мәселелерді көтерді. Колледж ұстаздары, жастар да өз пікірлерін білдіріп, көкейлеріндегі сауалдарды ортаға тастады. «Өзге пікір» газетінің бас редакторы Шадияр Молдабек ұғар құлаққа ұтымды ойлар айтса, ақын Дәурен Айманбет сансыз баптар елі Сайрамды дәріптеген өлеңін оқыды.

«Бізге Ханқорғанның тарихын баяндайтын кішігірім кітапша болса да шығарып, тарихшылар ұсынса екен» деген өтініш те айтылды. Колледждің тарих пәні оқытушысы Жанаргүл Бекмырзаеваның айтуынша осындай тарихи орындар туралы мәліметтің жұтандығынан жастар өз өлкесі туралы аз біледі. «Оқулықта жоқ. Ханқорған туралы мәліметті оқушылардың бәрінің бірдей білмеуінің себебі сонда. Ал, өлкеміздің тарихын білмей біз ұлтымыздың тарихын біле алмаймыз» дейді ол.

Расында да ел аузында Ханқорған туралы аңыз көп. Тарихи деректер мектеп оқулығына да енгізілуі қажет. Қазақтың ел билеушілері  Оңтүстік шекараны нығайтуда, мемлекеттің тұтастығын сақтауда Сайрамды маңызды стратегиялық орын деп белгілегені тарихтан аян. Бұл аймақта қорғаныс шараларын күшейтілген режиімде ұстау басты міндет болған. Сол себептен де Абылай хан 1771 жылы Оңтүстіктің қалаларын қайтадан өзіне қаратып, Сайрам жерінен, Арыс өзенінің бойынан бекініс салғызады. Халық оны сол кезден-ақ Ханқорған деп атап кеткен.

Ал бертінде қазба жұмыстары жүргізіліп, бәрі де дәлелденген. Қалашақтың ең төменгі қабатынан табылған үлкен қорғанның негізі туралы Қытай жылнамасында айтылады. Оны Дулат ханның ордасы дейтіндер де бар. «Одан берідегі жәдігерлердың көбі 10-ғасырларға тән» деген тарихшылар болашақта Ханқорғанды ашық аспан астындағы мұражай етуді көздейді.

Еліміздің тарихына, шежіресіне қызыққан жандардың барып танысатын орны-локациясы болуына әбден-ақ лайықты жер. Туристер өз еліміздің түкпір-түкпірінен де тартылар еді. Егер, Ханқорғанның айналасын белгілеп, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген бөлігін ел тамашалайтындай етіп жаңғыртатын болсақ.

Тарихшылар тарихын үш кезеңге бөліп қарастыратын Ханқорған жайлы көп айтуға болады-ақ. Мысалы, жорыққа аттанып  бара жатқан Әмір Темір Ханқорғанда болған деген де деректер бар.  «Үш жүздің ханы болып сайланған Абылай өмірінің соңғы жылдарын дәл осы Ханқорғанда  өткізген, осы жерде қайтыс болған» дейді тарихшылар.  Кенесары ханның ұлы Сыздық сұлтанның да Ханқорғанда отырғаны айтылуда. Ханқорған хандардың ордасы, резиденциясы қызметінде болған орын.

Мысалы, белгілі ғалым Бахадыр Айтай өз жазбаларының бірінде былай дейді: «Қарабұлақ орта мектебінде көп жылдар тарих пәнінің мұғалімі болып істеген, зейнеттегі қарт ұстаз Әбдімәулен Далабаев Қарабұлақ өңірінің тарихы туралы танымдық мәні бар шағын кітап жазыпты. Ол Ханқорған тарихына қатысты мынадай қызықты мәлімет береді: «Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа бара жатып Шымкенттің солтүстік-шығысындағы жиырма шақырым жердегі Қорғанда аялдады, оған себеп қар қалың жауып Арыс өзенінің мұз басуын күткен болу керек. Әскерін шығыс жағалауға өткізіп жатқанда мұз жарылып Темір суға құлаған екен. Осыдан кейін қатты суықтап, көп ұзамай қайтыс болыпты. Ұлдарына және әскербасыларына жорықты жалғастыра беріңдер» деп өсиет айтыпты. Ә.Далабаев Әмір Темірдің суықтан ауырып қайтыс болғаны туралы деректерді Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институында оқып жүрген кезінде есіткен. Йездидің Темір туралы жазбаларында Шымкент қамалы туралы алғашқы жазба дерек кездесетіндігі мәлім».

Қазіргі Ханқорған ауылындағы «Мәдени» мектебінің зейнеттегі қарт ұстазы Тұрғанбек Дүйсәлиев те  Ханқорған маңында ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Кенесарының ұлы Сыздық сұлтан мен ағасы Ахметке тиіселі жерлер болғандығын Нафуса Кенесаринадан есітігенін жазған. Ахмет Кенесарыұлы 1866-1887 жылдар аралығында Шымкент уезінің бастығының кіші көмекшісі болып қызмет атқарған. Заурядник әскери-старшина шеніне дейін көтерілген. 1878 жылы інісі Сыздық сұлтан Түркістан генерал-губернаторы Ф.Кауфманның атына «берілгендігін білдіріп» баспана сұрап келген, губернатордың рұқсатымен Сыздықты Ханқорған маңына орналастырған.

AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасындағы «Мәдениеті мен тарихы бай аймақ» өлкетану экспедициясының мүшелері осындай деректерді  жиі насихаттасақ дейді. Сонда жастардың тарихқа деген қызығушылығы, туған өлкесіне деген құрметі, отаншылдық сезімі артады.

Тарихты түгендеуге, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған мұндай  сапарлар алдағы кезде де жалғасын таппақ. Себебі, шежіреге бай, тарихы терең киелі орындар Түркістан облысында көп-ақ.

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика