Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Әкім Бәйдібекке барды, не көрді?

Әкім Бәйдібекке барды, не көрді?

Теріскей сапарынан кейін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ат басын Бәйдібек ауданына бұрды. Онда бәйдібектік тұрғындармен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ түрді. Қоғаммен сындарлы диалог аса маңызды екенін айтқан өңір басшысы Президенттің жуырда жариялаған Жолдауындағы тапсырмаларды орындау міндеті тұрғанын тағы атап өтті. Президент айшықтап берген реформалардың нақты бес бағдарын түсіндірді.

«Бүгін өздеріңізбен арнайы кездесіп тұрмын. Мақсат – талаптарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдау. Бюджеттің жағдайы белгілі. Барынша тиімді қолданып, бірінші кезекте басталған, құрылысы жүріп жатқан жобаларды аяқтаймыз. Ал негізінен халыққа аса маңызды жарық, жылу, ауыз су мәселелерін шешуге күш саламыз. Әрбір өтініш назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі, – деді Дархан Сатыбалды.

Кездесуде облыс әкімдігі тарапынан бәйдібектіктердің өтініштері мен ұсыныстарын орындау барысында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, Жамбыл елді мекеніндегі алты көшені жөндеуге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қажетті қаржы бөлініп, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бәйдібек ата елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Орталық саябақ» нысандарының құрылыс жұмыстары басталды. Бұл нысандар 2023 жылға өтпелі. Биыл Бәйдібек ауданы, Жолғабас елді мекеніндегі 8 сыныптық мектептің қосымша құрылысына және Ағыбет елді мекеніндегі Есіркеп батыр мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бағытталған. Шаян және Ақжар елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіледі.

Тұрғындар тарапынан өңір басшысына инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік жағдайды көтеру және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, жауап берілді. Бәйдібектіктер жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілеп, ел үмітін ақтайтынына сенім білдірді. Кездесуден кейін Дархан Сатыбалды бір топ тұрғынды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, заңға сәйкес тиісті жұмыс атқарылады.

Аймақ басшысы шағын бизнесті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды күшейту керегін тілге тиек етті. Облыс әкімі әуелі кәсіпкерлердің өз өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған іскер тұрғындардың жұмысымен танысты.

Сапар барысында Дархан Амангелдіұлы «Қапшағай» су қоймасына барып, онда атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Аудан үшін ғана емес, облыс үшін маңызды стратегиялық нысанды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жауаптылармен, мердігермен кездескен облыс әкімі су қоймасының құрылысы қоғам назарында тұрғанын жеткізді. Маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуі қатаң бақылауда болатынын ескертті.

1982 жылы салынған «Қапшағай» су қоймасының сыйымдылығы – 34,5 млн. текше метр. Қазіргі таңда қоймада 5,5 млн. текше метр су бар. 2019 жылы су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат жасалған. Нәтижесінде жалпы құны 1,1 млрд. теңге қажет екені нақтыланған. 2020 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» ЖШҚ РМК арқылы қаржыландыруға ұсынылған. Қазіргі таңда бюджеттен 192 млн. теңге қаржы қаралып, 6030 метр су қойманы қоршау және 58 дана бейнекамера, 1 қызметтік үй салу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмақ.

Өңір басшысы Шаян елді мекеніндегі былтыр басталған, 100 мың кітап қорына арналған орталық кітапхана құрылысының барысымен танысты. Қазіргі кезде аталған нысанның қабырғалары толық қаланған. Жаңа кітапхананың бірінші және екінші қабатында келушілерге арналған оқу залдары болады. Облыс әкіміне кітапхана құрылысының жай-күйі баяндалды. Қосымша қаржыландыру мәселесі көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды.

Жалпы, Бәйдібек ауданында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толған облыс әкімі алдағы уақытта да жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, одан әрі жандандыру керектігін тапсырды.

Бетті дайындаған Қ. БАСТАУ.

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика