Қазіргі уақытта балалардың да, ересектердің де арасында мұрыннан қан кету, құлақтан ірің ағу секілді ауру өршіп барады. Мұндай кезде көпшілігіміз өздігімізден емделуге әрекеттенеміз. Әрине, ауру басылғандай болғанымен, толыққанды жазылмағандықтан мұның зардабы әлі алда екені анық. Сол себепті, ауруды асқындырмай, дер кезінде дәрігерге қаралғанымыз дұрыс.
Науқастарға бір пайдасы тиер деген ниетпен 18 жылдық еңбек өтілі бар, денсаулық сақтау саласына қосқан еселі еңбегі үшін Республикалық «Ынтымақ жолы» қоғамдық қоры тарапынан «Алтын дәрігер» медалімен марапатталған, Сарыағаш аудандық орталық емханасының жоғары санатты дәрігері, тәжірибелі оториноларинголог-дәрігері Ислам Смайылұлы Шакировпен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.
– Құлақ пен мұрынды қалай тазалау қажет, гайморит ауруы несімен қауіпті?
– Иә, негізінен күнделікті тіс жуған сияқты таңертең және кешке мұрынды жылы таза сумен жуу керек. Адам мұрнымен тыныс алса тұмау, ОРВИ, жұқпалы аурулармен ауырмайды. Мұрынға шабдалы және зәйтүн майын жағу да артық етпейді. Ол микробтармен күресуге мүмкіндік береді. Ал мұрындағы қылшықты алмаған жөн. Пинцетпен немесе триммермен мұрындағы қылшықты алу қауіпті. Ол адамды инфекциядан, бассейнде шомылған кезде хлордан қорғайды. Кейін фурункул ауруы пайда болып, менингитке ұласуы мүмкін. Салдарынан миға ірің шабады. Адам өмірі үшін маңызды тамырлар мұрынға жақын орналасқан. Сондықтан мұрындағы қылшықты тамырымен жұлмастан, қайшымен алған дұрыс. Мұрын ауруларына гайморит, синусит, франтит, этмодит дерті жатады.
Құлақта құлық болуы керек. Ол құлақтағы дабыл жарғағын инфекциядан қорғап тұрады. Сіз тамақ жейсіз, шайнайсыз сол кезде ол өзі түсіп қалады. Бұл – табиғат заңдылығы. Көптеген адам құлықты ұнатпайды. Сондықтан шимен, кілтпен тазалап жатады. Онда нәзік тері бар. Ол өте қауіпті. Құлақты тек бас бармақпен тазалауға кеңес береміз.
– Мұрын спрейін жиі пайдаланудың қауіптілігі бар ма?
– Иә, науқастарға мұрын спрейін пайдалануға кеңес бермейміз, оны жиі пайдалану тәуелділікке әкеледі. Бұл спрей адам денсаулығына кесірін тигізуі мүмкін. Мұрынға арналған кез-келген спрейлерді: нафтизин, ксимелин, галазолинді 7-10 күн ғана пайдалану керек. Екі күнде бір рет. Ары қарай пайдалануға болмайды. Егер де сіз 10 күннен артық мұрныңызға спрей тамызатын болсаңыз, онда иіс сезу қабілетінен айырылып, сізде тәуелділік пайда болады. Нашақор сияқты тәуелді болып, содан басыңыз ауырып, гайморит, полип (ісік) пайда болады. Тіпті иіс судың, тамақтың иісін сезуден қаласыз.
– Қауіпті гайморит ауруының пайда болу себебі және оның емі жайында айтып өтсеңіз?
– Гайморит ауруынан сезіктенген сәтте уақыт өткізіп алмай, дер кезінде оториноларинголог дәрігерге қаралу керек. Мұның соңы орны толмас өкінішке ұласуы мүмкін. Егер ауруды емдемесе ол асқынып, менингит болады. Қазіргі жастар таңертең басын жуады да, шашын дұрыс кептірместен далаға шығып кетіп жатады. Міне осының салдарынан гайморит ауруы пайда болады.
– Ислам Смайылұлы, алтын уақытыңызды бөліп, кеңесіңізді ұсынғаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Елдің, ата-аналардың алғысын алып жүре беріңіз.
Б. Сейделханов,
Келес ауданы.