Download WordPress Themes, Happy Birthday Wishes
Басты бет » Әлеумет » Шаруа жайын күйттеген кеңес

Шаруа жайын күйттеген кеңес

Биыл Мақтаарал ауданында 40,4 мың гектар алқапқа мақта егіліпті. Қазіргі таңда жаппай мақта терім науқаны басталғалы тұр. Әрине, мақтаның толық ашылуы үшін дефоляция жұмыстарының маңызы зор. Осыған байланысты 3-қыркүйек күні Ж.Нұрлыбаев пен Жамбыл ауылдық округтерінде аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровтың төрағалығымен семинар-кеңес өтті.

Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінде өткен семинарға А.Қалыбеков, Достық, Еңбекші, Жаңажол ауылдық округінің, Жамбыл ауылдық округінде өткен семинарға Бірлік, Мақтаарал, Иіржар ауылдық округтерінің шаруалары қатысты. Семинар-кеңесте мақта дақылын сапалы түрде жинап алу мақсатында тез арада дефоляция жұмыстарын жүргізу қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, сатып алынатын дәрілерді арнайы фирмалардан құжат арқылы алып, мемлекет тарапынан бөлінген субсидияға қол жеткізу керектігі түсіндірілді. Алдағы жиын-терімді сапалы және уақтылы өткізу үшін аудан бойынша 180-нен астам «ОВХ» дәрі шашатын тракторы, 1 дана жаңадан алынған дрон техникасы және 250-ден астам мақта теретін комбайн сақадай сай тұрғандығы айтылды.

Иіржар ауылдық округіндегі «Исмадияр» шаруа қожалығының төрағасы Әлімхан Исмадияров өз қаражаты есебінен 850 мың теңгеге жаңадан қолданысқа енгізіліп жатқан дрон дәрі шашатын техникасын алып келіп, оның пайдасы жайлы шаруаларға кеңінен таныстырды. Бұл технологияның пайдасы дәріні үнемдеуге және оны суғарылған алқапқа кез келген уақытта шашуға мүмкіндік береді екен.

Бүгінгі таңда мақтааралдық диқандар 3 мың гектарға жуық мақталық алқапқа дефоляция жұмыстарын жүргізіп үлгерген. Демек алдағы уақытта бұл жұмыстар толық қолға алынған жағдайда шаруаның мол өнім жинауға мүмкіндігі бар. Егер халықаралық биржада мақта 400 теңгеден қымбатқа сатылып жатқанын ескерсек, биыл мақта еккен шаруаны мол табыс күтіп тұр деп ойлаймыз. Ал бұл өз кезегінде шаруалардың тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймастан, қазынаға да қомақты қаржы құйылатынын білдіреді.

Ұ. БЕК.  

 

 

Жауап беру

Email адресіңіз жарияланбайды. Міндетті жерлерін толтырыңыз *

*

Яндекс.Метрика