Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа қызметіне кірісе салысымен аудандарды аралауды бастап кетті. Дархан Амангелдіұлы кешегі аптада Теріскейге арнайы барды.
Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы «Тәуелсіздік» саябағында Созақ тұрғындарының алдында сөз алған облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды салаға бөліп, түсіндіріп берді. Алдағы жоба-жоспарларымен бөлісті. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының ел арасында үлкен қолдауға ие болғанын да атап өтті.
«Біз үшін басты міндет – сіздерге адал қызмет ету, берілген уәделерді орындау. Мұнда Сіздерді толғандырып жүрген әлеуметтік және басқа да өзекті мәселелерді бірге талқылау үшін келіп тұрмыз. Осы жерде барлық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары отыр. 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында реформалардың нақты 5 бағдарын айшықтап берді. Халықтың көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселер бойынша нақты шешімдер мен тапсырмалар берді. Олар еліміздің экономикалық өсімін жеделдетіп, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Жалпы, бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуіміз қажет. Осында берілген уәделердің бәрі заң шеңберінде орындалады», – деді облыс басшысы.
Облыстық маңызы бар «Ұланбел-Созақ-Екпінді» автожолының Шолаққорғаннан Таукентке дейінгі 181-214 шақырым аралығы жөндеуден өтіп жатыр. Созақта жалпы құны 1,9 млрд. теңгені құрайтын екі мектеп салынуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жолдар жөнделіп, өңірге инвестиция тарту мақсатында үлкен жобалар іске асырылуда. Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар ары қарай да жалғасын табатын болады.
Жаңа форматта өткен халық алдындағы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан инфрақұрылымдық мәселелер көбірек айтылды. Ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, облыс басшысы тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Кездесуден кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, олардың көтерген мәселелерін тыңдады. Халықпен кездесу алдында өңір басшысы мемлекеттен грант алып, кәсібін дөңгелеткен аудан тұрғындарының көрмесін тамашалап, оларға кәсіпкерлікке қолдау жалғасатынын жеткізді.
Сол күні Созақ ауданында «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Онда ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына қажеттінің бәрі бар. Орталық мүгедектерге және олардың отбасыларына психологиялық көмек көрсету, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға оқыту мен техникалық құралдарды пайдалануды үйретеді. Сондай-ақ, спорттық дене шынықтыру, массаж, көңіл сергіту шаралары, зияткерлік ойын түрлері мен рухани-танымдық шаралар өткізуге жағдай жасалған. Мұнда демалушылар салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығын түзейді. Орталықта күніне 30 мүмкіндігі шектеулі азамат пен ардагерлерге қызмет көрсету жоспарланып отыр. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында осы орталықтың жұмысымен танысып, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жүздесті.
«Аға буын қарияларға құрмет көрсету – ұрпаққа парыз. Біздің қазыналы қарттарымыз денсаулығын түзеп, бақытты өмір сүруі тиіс. Пайдалануға берілген жаңа нысан көпшілік сұранысын қанағаттандырады деп сенемін», – деді өңір басшысы.
Биыл елімізде алғаш рет 12 қыркүйекті «Жергілікті әскери басқару органдары күні» ретінде атап өтті. Осыған байланысты Дархан Амангелдіұлы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жаңадан салынған ғимаратында болды. Мұнда ауданның әскерге шақырылатын жастарына алғашқы зерделеу мен медициналық тексеріс жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті әкімшілік және қызметтік үй-жайлармен, медициналық жарақтармен жабдықталған. Қыркүйек айынан басталған күзгі әскерге шақыру науқаны аясында шақыру комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Салтанатты шараға өңір басшысы әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Д.Сатыбалды армияның елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуде, сондай-ақ қазақстандықтардың тыныштығын сақтауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен бірге, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім ұжымын осы маңызды оқиғамен құттықтап, жергілікті әскери басқару органдарының Қарулы күштердің халықпен өзара іс-қимылын қалыптастыруда одан әрі нәтижелі жұмыс істейтініне сенім білдірді. Іс-шара Созақ ауданындағы әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінің күшімен дайындалған концертпен жалғасты.
Іссапар барысында облыс басшысы сондай-ақ, бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, жылыту маусымына дайындығын саралады. Жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін және автоматтандырылған газ тасымалдау станциясы бар магистральды газ кұбыры-тармағын салу жобалары іске асырылуда. Бұл нысандар келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Биылға 600 млн. теңге қаражат қаралған АГТ станциясы бар магистральды газ құбыры-тармағының құрылысы жүргізілуде.
Жалпы, Созаққа магистральды газ кұбырын тарту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталған еді. Табиғи газды жеткізетін ішкі жүйелерінің жұмысы қызу жүріп жатыр. Олар өз мерзімінде пайдалануға беріледі деген сенім бар.