Түлкібас ауданының Шұқырбұлақ, Келтемашат, Тұрар және Ақбиік ауылдарының тұрғындары ауылда медициналық көмек көрсететін кішігірім емхананың ашылуын айтып аудан әкімімен болған кездесуде өтініш жасаған болатын. Сол өтініш жүзеге асқалы тұр. Қазір аталған ауылдарда заманауи фельшерлік-акушерлік тіректердің құрылысы қолға алынып отыр. Келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ауылдағы өзекті мәселенің шешімі табылғанына тұрғындар дән риза. Жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында да дәл осы ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, әсіресе медициналық тірек ашу міндетін Үкіметтің алдына қойған еді. Қазақстан бойынша медициналық тірегі жоқ 650 ауылдың мәселесі шешілетіндігін айтқан.
Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында медицина саласындағы өзге де өзекті мәселелер, халықты жұмыспен қамту бағдарламасының жүзеге асуы, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралды.
Ауданда халыққа медициналық көмек көрсететін жалпы 67 мекеме бар. Олар 1 аудандық орталық аурухана, 1 аудандық емхана, 10 дәрігерлік амбулаториялар, 2 бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, 18 медициналық тірек, 21 фельдшерлік акушерлік тірек. Сонымен бірге 50 мектептің ішінен арнайы дәрігерлік кабинеттер қарастырылған. Десек те бірқатар ауылдарда жұмыс істеп тұрған медициналық нысандардың ғимараты талапқа сай емес.
Әрине, мәселе кезең-кезеңмен шешілетіні белгілі. Сонда да болса, аудан әкімі аудандық аурухананың басшысына медициналық тіректі қажет ететін елді мекендердің барлығына тиісті құжаттарды дайындауды тапсырды. Жаңадан ФАТ ашу керек болса, оған қажетті жер телімдерін бөлуді ауыл әкімдеріне жүктеді. Салалық бөлімге мәселені толық зерделеп, облыс әкімінің жауапты орынбасарына жобалық сметалық құжаттар әзірлеу үшін қаржы қарастыру мақсатында хат жолдауды тапсырды.